«Атырау-Астрахан» тасжолы пайдалануға берілгені рас па?

3 1659089564 Экономика

Құрылысы жүріп жатқан «Атырау-Астрахан» тасжолының 14 шақырымына қозғалыс ашылды.

Тасжолдың ашылған бөлігі Исатай ауданы аумағындағы Аққыстау – Жанбай ауылдарының арасын қамтиды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі мәлімдеді. Республикалық маңызы бар “Атырау – Астрахань” автожолында толық ауқымды құрылыс жұмыстары жалғасуда. Барлық 4 учаске құрылыс жұмыстарымен қамтылды.

«Бүгін, яғни, 29 шілде күні аталмыш күре жолдың тағы 5 шақырымында (Жанбай кенті мен Аққыстау кентінің арасындағы 3 учаске) қозғалыс қамтамасыз етілді. Жалпы тас жолдың 75 шақырымы дайын. Жұмыс қарқыны бәсеңдемейді» дейді компанияның ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.

Оның айтуынша, биылғы жол-құрылысы маусымында «Атырау – Астрахан» тас жолының басым бөлігінде қозғалыс ашу жоспарлануда және жол жұмысшылары мен арнайы техникадан тапшылық жоқ. Еске сала кетейік, бірер апта бұрын осы учаскеден жолдың тоғыз шақырымдық бөлігі ашылған болатын. Айта кеткен жөн, жол қозғалысының ашылуы тасжолдың толық пайдалануға берілгенін білдірмейді. Яғни, үш қабаттан тұратын асфальттың екеуі ғана төселді. Соңғы қабаты келер жылы жүзеге асырылуы тиіс.

Дереккөз: ATPress.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз