Оқу орнындағы «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы жаңа ескерткіш тақталармен толықты

3d299945 522e 4f30 acee 58f28581644f Білім

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасындағы Н.Балғымбаев коммуникацияларды дамыту орталығында «Мұнайшылар даңқы» қабырғасы жаңа ескерткіш тақталармен толықты, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Орталықтағы интерактивті мұнай музейі қазақ мұнайының тарихы, көрнекті мұнайшылар мен мұнайшылар династиялары туралы деректермен қамтылған.

Музейдегі мұнайды халық игілігіне жарату жолында ерен еңбек сіңірген тұлғалардың есімі жазылған Даңқ қабырғасына жаңадан ескерткіш тақталар қойылды.

Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Теңіз кенішін алғаш ашушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің құрметіне арналған ескерткіш тақта университет төрінен орын алды.

a4c86f7e 1a20 4080 8ecd d3c3a06c17e7 1

«ҚР жер қойнауын барлау ісінің үздігі», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері», «Құрмет» орденінің иегері, профессор, бірнеше буынның ұлағатты ұстазы болған Қосан Мыңбайұлы Тасқынбаевтың да есімі құрметті орынды иеленді.

Мұнай өнеркәсібінің тарихы осы саланы дамытуға ғұмырын арнаған көрнекті тұлғалардың есімдерімен байланысты.

Мұнайшы мамандығын атадан-балаға жалғап, атакәсіпке адалдығын сақтаған династиялар – елдің мақтанышы. Төртінші ұрпағы да мұнай саласында еңбегін жалғастырып жүрген Огай династиясы Даңқ қабырғасынан лайықты орнын алып отыр.

75c126f5 2162 44a8 8e8b f549d924007c

-Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арт­ты­рудағы басты құндылық –  адам капиталын дамыту. Бұл ретте отандық мұнай-газ саласының, ғылымның өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған майталман мамандарды құрметпен айтуға тиіспіз.  Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы ел экономикасының жетекші саласы – мұнай-газ  кешенін қалып­тас­тыру­дың бастауында тұрған тұлғалардың еңбегін білуі тиіс,- деп атап өтті «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мұнайшылар мен студент жастар қатысты.

Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығын университетке белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың әулеті, Балғымбаев қоры сыйға тартқан болатын. Аймақтағы мұнай-газ саласы мамандарын даярлау ісін жоғары деңгейге көтерген орталық бүгінде университеттің ғана емес, облыс орталығының да көрнекті орнына айналды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз