Білім

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»

Ұлы Абай айтқандай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегенді ұран ғып ұстанып, адал еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген ұстаздар арамызда аз емес. Солардың бірі – С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы – Жұлдыз Шагирова.
Саналы ғұмырын өңірге қажетті мұнай саласына білікті маман даярлауға арнаған тәжірибелі педагогтың еңбек өтілінде жетістіктері аз емес. Ең бастысы, кейіпкеріміз «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту» жобасы бойынша Германия елінде тағылымдама қатысушысы атанды.
Иә, өндіріске кәсіби шебер жас мамандарды даярлау оңай іс емес. Сондықтан, осы саланы таңдаған ұстаз заман көшінен қалмай, жыл сайын жаңарып отырған озық технологияларды жетік меңгеруі шарт. Ал, оған үнемі ізденіс пен тыңғылықты дайындық қажет. Осы тұрғыда Жұлдыз Аманқызының еселі еңбегін айтпай кетпеске болмайды. Мәселен, 2018 жылы «Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету жəне жөндеу», «Мұнай кəсіпшілік жабдықтарын тексеру, сынау жəне жөндеу» модульдеріне, 2020 жылы «Бұрғылау технологиясы» мамандығының «Техник-технолог» біліктілігінің модульдеріне арналған оқу құралдарын бүгінде еліміздегі барлық студент кәдеге жаратып жүрген жайы бар. 2017-2019 жылдар аралығында сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы», мұнай және газ мамандықтарының біліктілікті арттыру тесттерін дайындау және сараптамадан өткізу жұмыстарында белсенділік танытқан.
Кейіпкеріміз ел арасында кеңінен танымал «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығының мүшесі. Яғни, атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды шәкірттерінің бойына дарытуды мақсат еткен Жұлдыз Аманқызы бүгінде қауымдастықтың барлық дерлік шарасына белсенді атсалысып келеді.
Сондай-ақ, жаһандану дәуірінде жұтылып қалмай, студент бойындағы талант, дарындылық, ғылыми қабілеттерін ашу жолында шәкірттерін бизнес, экология бағытындағы ғылыми «стартап» жобаларға қатыстырып, жетекшілік етіп жүр. Мысалы, «Atyrau Eco Fair – 2023» ғылыми көрмесі аясында эко-жобалар байқауының жеңімпазы, «Экологиялық мәдениет» жоба тобының жетекшісі болғаны үшін «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері П.Хеймиштен мадақтама алып, жобаларын ары қарай дамытуға қаржылай сыйақы алған.
Тәжірибелі педагог жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру жұмыстарына белсенді түрде қатысады. Колледждің студенттік өзін-өзі басқару ұйымына жетекшілік ете жүріп, облыстың «Үздік оқу орны», «Үздік клуб», «Үздік студенттік парламент» байқауларының бас жүлдесін иеленген. «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткен кәсіптік және техникалық оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» конкурсының жеңімпаздарын дайындағаны үшін бірнеше мәрте алғыс хатқа ие болды. «WorldSkills Atyrau-2022» өңірлік чемпионатында «Бейнеөндіріс» құзыреттілігі бойынша тапсырма дайындап, «WorldSkills Kazakhstan-2021» Ұлттық чемпионатында, «WorldSkills Atyrau-2022» өңірлік чемпионатында сарапшы қызметін атқарған. Жас буынның бойындағы белсенділікті дамыту мақсатында «Ұшқыр ой алаңы» дебат қозғалысына жетекшілік етіп, колледждегі «Генезис», «Кайзен» дебат клубтарының жетекшісі бола жүріп, облыстық, республикалық дебат жеңімпаздарын дайындаған.
Жастардың бойындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру мақсатында колледждегі «Саналы ұрпақ» еріктілер клубын басқара жүріп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында қосқан үлесі үшін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бірнеше алғыс хатымен және арнайы кубогымен марапатталған.
Облысымыздың білім саласындағы ерен еңбегі мен кәсіби қызметтегі адалдығы үшін облыстық білім бөлімі атынан, әдістемелік кабинет атынан бірнеше мәрте Алғыс хат, Құрмет грамоталарына ие болған. «AMANAT» жастар қанатымен бірге жалынды, партиотты жастарды тәрбиелегені үшін елеусіз қалмады.
Қоғамдық маңызды шараларды ұйымдастыруда, соның ішінде сайлау науқанына дайындық және оны өткізу жұмыстарына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталыпты.
Р.S: Академик Зейнолла Қабдолов айтып кеткендей, «Ұстаз болу – өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау». Демек, ұстаздық қызметінде Жұлдыз Аманқызының өлшеусіз еңбегін атап өту адамгершілік парызымыз деп білеміз. Оның «шекпенінен» шыққан кадрлар тәуелсіз еліміздің жарқын болашағының іргетасын қалайтынына сенімдімін.
Бибігүл ШАЙХИЕВА,
Samga Academy тұлғалық дамыту орталығының директоры,
бизнес-тренер, халықаралық дәрежедегі коуч

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button