«ҰЛТ МҰРАСЫНА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН…»

pqe9od2wnvg Жаңалықтар

Atr.kz/4 тамыз, 2020 жыл. «Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді». («Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, топтамашы-этнограф – Баһаргүл Төлегенмен сұхбат

− «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қоғамға бұрын-соңды болмаған серпіліс әкелгені рас. Аталған мақалада көтерілген атқа міну мәдениеті, ер-тоқым, зергерлік бұйымдар мен қару-жарақтар туралы мәселе баршамыздың көкейімізде жатқан ойды тап басқаны шындық.  Осы орайда түркі халықтарының сирек кездесетін алтын және күміс бұйымдарының музейінің иесі ретінде қоятын сұрағымыз бар.  Тарихи Отаныңызға қашан оралдыңыз және қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттап, құнды жәдігерлерді жинақтауыңызға не себеп болды?

−   Менің балалық, жастық шағым жат жерде өтті. Қазақстанға 1994 жылы оралдым. Онда мен небәрі 25 жаста едім. Пекин университетінің биология факультетін бітіргенмін, мамандығым – биолог. Студент кезімнен коллекция жинауға құмар болдым. Пекинде оқып жүрген кезімде қытай императорларының әртүрлі сувенир бұйымдары қолыма түскен. Тәуелсіздіктің таңы жаңа атқан тұста Қазақстанға, тарихи Отаныма жетуге асықтым. Елге келгеннен кейін, мен құнды тарихи жәдігерлерді көріп, ойға қалдым. Сөйтіп, қолымдағы коллекциямдағы заттарды Орта Азия халықтарының, соның ішінде, қазақтардың алтын және күміс бұйымдарына айырбастадым. Ол кезде ел ішінде мұндай бұйымдар әлі де сақталған еді. Әжелеріміз, аналарымыз тағатын өңіржиектер, каптама, қаусырмалар, жүзіктер мен білезіктер, алқалар мен сырғаларды іздеу үшін Маңғыстауға, Батыс Қазақстанға сапар шегуіме тура келді. Сол кезде шетелдіктер де қазақтардың қолөнер және зергерлік бұйымдарына қызығушылық  танытып, болмашы бағаға сатып алып, шетел асырып, әкетіп жатты. Менің осыған ішім удай ашыды. Өйткені, бұлардың бәрі – біздің тарихымыз, шежіреміз, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргені жөніндегі құнды дерегіміз. Тәуелсіз ел болғаннан кейін ата-бабаның өнер құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыруымыз керек емес пе? Осы мақсатта шетел асып жатқан бұйымдардың қалған бөлігін алып қалудың сәті түсті. Алматыдағы Мұхтар Әуезов көшесінде кішкене ғана дүкенім болды. Дүкеннің бір залында кішкене кәдесыйлар саттым, ал, екінші залына ұлттық бұйымдардың көрмесін жасақтадым. Сол жерге адамдар келіп, қолдарындағы көненің көзін өткізу үшін саудаласатын. 

−  Өзіңіз қолөнер бұйымдарын жасайсыз ба? Қандай өнердің түрін игердіңіз?

−  Менің ұлтымыздың өнеріне жақындығым отбасымнан басталды. Анам ісмер адам еді. Бәрін өз қолымен жасайтын. Жүн түтіп, ұршық иіріп, алаша, сырмақ тоқыды. Жасау деген болады. Қазақта қыз балаға жасауды «алты жастан бастап жасасаң – асады, жеті жастан бастап жасасаң – жетіп қана тұрады» деген қағидаға сүйеніп, ерте бастан қолға алатын болған. Оны мен өз отбасымда көріп өстім. Анам марқұм ағаларымның да еншілерін бөліп, әрқайсысын бөлек сандықта жинайтын. «Мынау – сенің жасауың» деп кұрақ көрпе, сырмақ, оюлы текеметтерді көрсетіп жүретіні есімде. Осындай қазақтың салт-дәстүрін берік ұстайтын, қазақтың қолөнерін қадірлейтін ортада өскендіктен, мен де өнерге жақын болдым. Кейін Қазақстанға келген кезімде қандастарымыздың қытайдың фэн-шуй іліміне қызығып, аузына тиын тістеген бақаны, мойнына алтын толы дорбасын арқалаған будданы және басқа да кәдесыйларын өз үйлеріне ырымдап сатып алатынын көргенде таң қалдым. Қазақта да ырым-тыйымдар көп қой. Фэн-шуйдан қазақтың дәстүрі асып түспесе, кем қалмайды. Сондықтан, өзіміздің ұлттық нақышта кәдесыйлар ойлап табуды көздедім. Мәселен, асықты алайықшы. «Асығың алшысынан түссін» деген сөзге сүйеніп, алшысынан түсіп тұрған асықты әртүрлі формада кәдесый ретінде дүниеге әкелдік. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы Бәйтерек кешенінің де кішірейтілген моделін жасап, кәдесый жасадық. «Шаңырағың биік болсын» деген ырыммен киіз үй, «олжа  толы болсын» деген оймен түйеге артылған қоржынды ойлап таптық. Түйе, жылқы, төрт түлік малға арналған кәдесыйлар – бір бөлек топтама. Қазақ батырларына арналған сувенирлер де шығара бастадық. Бұның бәрі – біздің қиялымыздың жемісі.

− Ең алғашқы сатып алған зергерлік бұйымыңыз есіңізде ме?

−  Ол ұмытылмайтын жағдай емес пе?!   Ең алғашқы жәдігерлер – құдағи жүзік пен топсалы білезік. Таза күмістен соғылған қолөнер бұйымдары. Одан кейін ат әбзелдерін, қаружарақтарды да жинақтадым. Өзімнің сувенирлерімді шығарарда «Президент және халық» журналының редакторы Марат Тоқашбаевпен ақылдастым. Сувенир орысша атау екенін, маған ұлттық мағына беретін термин керек екенін айттым. Сонда ол кісі ойланып отырып «кәдесый деу керек» деп кеңес айтты. Сөйтіп, сувенирлерді «кәдесый» деп атауды да біз бірінші болып қолға алдық деп айта аламын.

− Топтамаларыңыздың ең көнесі қай ғасырға жатады? Жалпы, бұйымдардың көбі қай ғасырлардың куәсі? Тек зергерлік бұйымдарды ғана жинайсыз ба? Әлде қазақ қолөнеріне қатыстының бәрін сіздің музейіңізден кезіктіре аламыз ба?

−  Мен жинаған қолөнер және зергерлік бұйымдардың ең көнесі – І-ІІ ғасырдағы теңгелер. Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-нің тарихэтнография кафедрасы сол теңгелерді зерттей келе, Орта Азиядағы Үндістан-Ауған жеріндегі ежелгі Кушан патшасы бейнеленгенін анықтады.  Менің коллекцияларымның дені – ХVІІІХІХ ғасырларда жасалынған заттар. Әйелдердің әшекей бұйымдары, Орта Азия территориясын мекендеген халықтардың тұтынған нәрселері. Алайда, орта ғасырлық теңгелер де бар. V-VІ ғасырға жататын қимақ дәуіріндегі түркі қимақтарының белбеуінің бөлшектері де бар. І-ІІІ ғасырлардағы бес қаруды тапқанымды өзімнің олжам деп санаймын. Отырар керамикасы, яғни, ХІ ғасырдағы қыш құмыралар да орын алған. Тек зергерлік қана емес, сырмақ, текемет, құрақ көрпе, диірмен, күбі, піспек, келсап және басқа да ұлттық салт-дәстүрімізді, тыныс-тіршілігімізді айғақтайтын бұйымдарды сонау Қытайдағы өз үйімнен алдырттым. Төрт атамнан тұтынып келе жатқан дүниелер. Енемнің іс машинасы, анамның ұршығы да музейде тұр.

− Орта Азия территориясын мекендеген халықтардың тұтынған дүниелері, жиһаздарының аймақтарға байланысты ерекшеліктері бар ма? Мәселен, Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау зергерлерінің қолөнері қалай, немен ерекшеленеді?

− Әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар. Мәселен, Батыс Қазақстанның зергерлері соққан бұйымдар – Тәжік, Түркімен зергерлерінің дүниелеріне қарағанда қомақты, өрнектері күрделі, көбінесе сіркелеу, бүршіктеу әдісін қолданып орындалған құдағи жүзіктер, білезік, өңіржиектер өте ғажайып өнер туындылары. Ал, Шығыс Қазақстанда көбіне жұмыр, дөңгелек сырға, жүзік, білезіктер көп жасалған. Жұмыр білезік дегеніміз – құйма күмістен құйып жасаған, үстінде ешбір әшекейі жоқ білезік.

Сұхбаттасқан: Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз