Ауылда мал бағатын адам жоқ…

zhivotnov Ауылшаруашылығы

Атырау аймағында бұл күнде мал көп, бірақ оны бағатын малшы жоқ. Қалаберді жылдан-жылға жайылымдық жерлердің өрісі тарылып, шабындықтың аумағы шектеліп барады. Бұл проблемалар қалай шешілмек, ол үшін не істеу керек, осы мәселелер «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облыстық филиалында өткен актив жиналысында айтылды.

– Ашығын айтқанда, мал жайылатын шөбі шүйгінді, шұрайлы жерлердің қоры азайған, тіпті жоқтың қасы. Оның үстіне, табиғи-климаттық ерекшелігі, құрғақшылық пен қуаңшылықтың қыспаққа алатынын да тәжірибеде көріп жүрміз. Бұл әсіресе, жартылай шөлді-шөлейтті аймаққа жататын Атырау,  Маңғыстау облыстарында елеулі қиындықтар туындатып отырғанына куәміз. Осындай жағдайда атакәсіппен айналысатын шаруалардың табысын көбейту, өнімін молайту үшін  оларды қолдау мақсатында қазынадан қайтарымсыз берілетін қаражатпен (субсидия) қамту жайын қайта қарастырған дұрыс. Жылқы мен түйені былай қойғанда, мүйізді ірі қара мен ұсақ жандықты бағатын малшы да таптырмайды бұл күнде. Қарттардың денсаулығы жарамайды, жастар болса оның мехнатынан қашады. Бұл шаруаны қолға алғандарға қолайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалуы керек, – деді жиынға қатысқан «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков.

Оның айтуынша, кейінгі кездері «Ауыл» партиясынан сайланған Мәжіліс пен мәслихат депутаттары ауылдарға шығып, еңбек адамдарымен, фермерлермен, кәсіпкерлермен, қарапайым тұрғындармен жүздесуді дәстүрге айналдырған. Партияның Парламенттегі фракциясы Үкімет пен түрлі министрліктерге 40-қа тарта депутаттық сауал жолдаған.

– Агрокешеннің өзекті мәселелерін шешу үшін қазірде Мәжілісте бірнеше заң жобасы қаралуда. Солардың бірі – «Жайылым туралы» заң жобасы. Өйткені, ірі шаруашылық құрылымдары мен шаруа қожалықтарын айтпағанның өзінде, ауылда тұратын, мал ұстайтын ағайынға ең әуелі керегі – жайылым. Сол себепті, бірінші кезекте соны шешіп алған жөн. Екіншісі – «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасы. Мұндағы көзделіп отырған мақсат – әрбір мемлекет өзін-өзі азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алатындай дейгейге жетуі керек,-деді «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы Қадыржан Арыстан.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: Freepik

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз