Сапалы өнім – өмір қауіпсіздігі

Агрокешен

Жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында осы саладағы мемлекеттік қадағалаушы құрылымдардың бірінен саналатын «Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясында» атқарылып жатқан жұмыстарды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

GFDR4915

Карантин – сақтандыру кепілі

Қызметіміздегі маңызды саланың қатарында өсімдіктер карантині де бар.

Бұл бөлімде жұмыс жасайтын мемлекеттік инспекторлар шетелдерден келген және республикаішілік карантинге жатқызылған жүк тасымалына бақылау жүргізеді. Көлік құралдарынан, өсімдіктер карантиніне жататын өнімдерден зертханалық сынамалар алады. Бақылау-тексеру жұмыстарының барысында биылғы жыл басынан бері республикамыздың аумағын карантиндік объектілерден және текті түрлерден қорғау жөніндегі Ереже талаптарын бұзу жағдайлары кездесті. Нәтижесінде, 42 заңды және жеке тұлғаға 2 116 400 теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілді. Одан бөлек, жазбаша түрде 8 нұсқама беріліп, орындалысын тапты.

Сонымен қатар, 17 автокөлікке қатысты кері қайтару актісі толтырылды. Соның ішінде, 12-сі көршілес Ресей Федерациясынан тасымалданған өсімдік өнімдері (жалпы салмағы 38 277 келі) фитосанитариялық талаптарға сай келмегендіктен Кедендік одақ комиссиясының шешімі негізінде кері қайтарылды. Бұлардың бесеуінде Өзбекстан Республикасынан тасымалданған өнімдер (57 158 келі) бар болып шықты. Атап айтқанда, 14 243 келі қырыққабаттан батыс гүл трипсі, екі көлікке тиелген, жалпы салмағы 10 400 келіні құрайтын қара өріктен комсток құрты, 960 келіден асатын шабдалы мен 8200 келіге жуық нектариннен шығыс жеміс жемірі, сондай-ақ, 22 000 келінің үстіндегі құрмадан да карантиндік нысандар анықталып отыр.

Өсімдікті қорғауөзекті мәселе

Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімі бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес.

Облыс аумағында «жасыл желек» атаулының жауы саналатын үйірлі шегірткелерге қарсы жалпы ауданы 28 760 гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Итальяндық прус пен азиаттық шегірткелерге қарсы 22 450 және 6310 гектар аумақ қамтылды. Тұтастай алғанда, маусым айында жүргізілген химиялық өңдеу жұмыстары кезінде пестицидтердің шығымдылық нормаларының сақталуы ұдайы бақылауда ұсталды. Жаздың алғашқы екі айында 11 200 гектар жер саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеуден өткізіліп, бірінші жартыжылдықта жоспарланған 5 ішінара тексерістің үшеуі іске асты. Қорытындысында, бір заң бұзушылық дерегі анықталып, кінәлі деп танылған «НПЦ ЭКО Аналитик» ЖШС-не ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 403-і бабы бойынша 24 050 теңге сомасында айыппұл салынып, бұл қаржы мемлекет пайдасына өндірілді. Сондай-ақ, «Өсімдіктерді қорғау туралы» заң талаптарының бұзылуына жол беріп, фитосанитариялық есептіліктің уақытылы тапсырылуын қамтамасыз етпеген «Аяулым», «Көктем», «Нұр», «Бөкен», «Камалов», «Мұрагер» шаруа қожалықтарына қатысты нұсқамалар беріліп, жауапкершілікке шақырылды.

Шегіртке тұқымдас зиянкестерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды көршілес және шекаралас аймақтармен бірлесе жүргізу мақсатында «Россельхозцентр» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің Астрахан облыстық филиалы мен Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары арасында өзара ынтымақтастық келісім-шарты жасақталды. Ал, алдағы жылы үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу шаралары 8640 гектар алқапты қамтиды деп болжануда. Оның 3820 гектары азиат шегірткесіне, 4820 гектары итальяндық прусқа қарсы өңделеді. Соның ішінде 6370 гектар аумақты әуе, 2270 гектарды жерүсті жолымен өңдеу жоспарланып отыр.

Малы тіркелмегенге мәртебе берілмейді

Мекемемізге жүктелген міндеттің тағы бір маңызды және жауапты саласымал тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуына жағдай туғызу.

Бүгінгі таңда облыста асыл тұқымды түлік 38 шаруашылықта шоғырланған. Олар негізінен Атырау қаласы мен Жылыой, Индер, Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы, Махамбет аудандарында орналасқан. 2015 жылы еліміздің «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңына өзгерістер енгізілуіне байланысты шаруашылықтарда өсіріліп жатқан асыл тұқымды түліктер түріне қарай өнімділік бағыты мен деңгейі тиісті талапқа сай келетіндігі анықталған таза асыл тұқымды мал ретінде танылып, республикалық палатада тіркелуі керектігі атап көрсетілген.

Қазіргі уақытта біздің облысымызда асыл тұқымды түйе өсіріп отырған Құрманғазы өндірістік кооперативі мен «Жаңа таң» және «Первомайский» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері республикалық палатаға тіркелмеуі себепті әлі күнге дейін «Асыл тұқымды шаруашылық» мәртебесін алмады. Сондықтан бұлардың бағымындағы мал асыл тұқымды болып есептелмей отыр. Оның үстіне, сиыр мен қой шаруашылығын дамытуға субсидия алып, пайдасын көрген кейбір шаруашылықтардың келесі жолы тұқымдық түрлендіру шараларына қатыспай қалып жататынын жасыруға болмайды. Сәйкесінше, мәселеге бірден-бір мүдделі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері тарапынан бұған талдау жасалынбайды, сөйтіп, заң талаптарының бұзылуына жол беріледі.

Мысалы, асыл тұқымды аталық малды екі ауысымнан кейін пайдалануға болмайтыны, тұқымдық түрлендіру кезінде қой отарларында тұқым бермейтін қошқарлардың болмауы керектігі ескеріле бермейді. Түпкі мақсат – асыл тұқымды түлік қосу арқылы елімізде тұтастай мал басы геноқорын жақсарту, оны субсидиялау жолымен қаржы бөліп, шаруа қожалықтарының қалаған түліктерін сатып алуына жағдай жасап, қолжетімді ету. Дегенмен, түпкі нәтиже атқарылған жұмыстың әркез талапқа сай бола бермейтінін байқатады. Сайып келгенде, мұның өзі жоспарланған іс-шаралардың ойдағыдай орындалуына кері әсерін тигізеді.

Орын алған осындай олқылықтарға қарамастан, облыста асыл тұқымды мал өндірісін өрістету, нәтижелі жұмысы бар шаруашылық құрылымдарын субсидиямен қамтамасыз ету жалғасын таба береді.

Абат ЖАНҒАЛИЕВ,

облыстық аумақтық инспекция басшысы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *