ЖЕҢІМПАЗДАР САЛТАНАТЫ

Атырауда «Нұр Отан» партиясының форумы өтті

Кеше Исатай-Махамбет орталық алаңында 20 наурыз күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауында халықтың басым дауысын жинаған «Нұр Отан» партиясының  жеңімпаздар форумы өтті. Айта кетсек, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жария еткен Мәжіліс депутаттарын  сайлаудың нақты нәтижелері бойынша «Нұр Отан» партиясы 82,15 пайыз дауыс жинаған.

 

«Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» ұранымен өткен жеңімпаздар форумына «Нұр Отан» партиясының қолдаушылары мен жастар қатысты.

– Бүгін біз Елбасымыздың саясатын қолдайтынымызды, оның ең жақын жақтастары екендігімізді көрсету үшін бас қосып отырмыз. «Нұр Отанның» 17 жылдық көшбасшылығы біздің экономикамыздың, мемлекет пен қоғамның нақты жетістіктеріне айналғанына бәріміз куәміз. Осы уақытта ұлттық экономикамыздың жалпы көлемі 23 есе ұлғайды. Соңғы алты жылда экономиканың 28 жаңа саласы пайда болды, 890 өндіріс іске қосылды. 400-ден астам жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 20 есе өсті. Осының барлығы – мемлекетіміздің «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, елдің бүкіл өңірінде атқар-ған жұмысының жемісі, – деді «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев.

Сондай-ақ, «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ли мен орыс, славян казактар бірлестігі қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы Владимир Заверткин «Нұр Отан» партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісіне арналған жеңімпаздар форумында сөз алды. Олар бұл жеңістің Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуін тәуелсіз еліміздің нұрлы болашағының жарқын боларына сенім тудыратын ұлы оқиға ретінде бағалады.

Ал, «Жас Отан» жастар қанатының Махамбет аудандық филиалының төрайымы Әйгерім Құрманберлиева, әсіресе, жастардың өз дауысы, өз таңдау еркі бар қоғамды қалыптастыра білген «Нұр Отан» партиясын жеңісімен құттықтады. Оның айтуынша, осы жылғы сайлауға еліміздің жастары ерекше белсенділікпен қатысты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз