ДАУЫС БЕРУГЕ – КЕЗЕКПЕН

Кезектен тыс Президент сайлауында атыраулықтар да жоғары белсенділік көрсетіп, елдіктің нышанын танытты. Бұл үрдісті өзіміз аралап көрген сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысынан да анық байқадық.

Қаладағы Ғабит Мүсірепов атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан №5 сайлау учаскесіне келгенімізде, мұнда тіркелген 2768 сайлаушының 200-ден астамы қалаған кандидаттарына дауыстарын беріп үлгерген. Білгеніміздей, бірінші болып, дауыс бергендермен қатар, туған күн иелеріне тиісінше сый-құрмет көрсетілген.

Осында біз кездестірген сайлаудың өту барысын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясы мен «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалынан бөлінген байқаушылар дауыс беру басталғалы бері ешқандай ереже бұзушылық, тәртіпсіздік фактілерінің байқалмағандығын жеткізді.

– Біз бүгін отбасымызбен кезектен тыс Президент сайлауына келіп, өз таңдауымызды жасап, қалауымызды білдіріп шығып тұрмыз. Жанымда жолдасым, балаларым, немере-жиендерім бар, барлығы 13 адамбыз. Тілейтінім елдің тыныштығы, халықтың амандығы, ауызбірлігі мен тату тірлігі, ұрпақтарымыздың алаңсыз болашағы. Соны бәрімізге нәсіп етсін, – деді көп балалы ана, ардагер ұстаз Айсұлу Таңатова. 

Ыбырай Алтынсарин атындағы №11 орта мектеп ғимаратында орналасқан №4 сайлау учаскесіне маңдай тірегенімізде де осындай оң үрдісті аңғардық.

– Біздің учаске бойынша есепке алынған сайлаушылардың саны 2811 адамды құрайды. Бастапқы екі сағаттың ішінде 150-дің үстінде сайлаушы осында келіп, дауыстарын берді. Бұл сөз жоқ, азаматтардың жауапкершілігі мен белсенділігін байқатады. Солардың арасынан Муса Хайруллиев пен Жолдығали Батыров есімді сайлаушылар бірінші болып келсе, осы мектептен түлеп ұшқан, бүгінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Абылай Тасымов алғаш рет сайлауға қатысып отыр. Сол сияқты, жас сайлаушыларымыздың бірі Ботагөз Иртуллинаның туған күні екен. Сол себепті де бұларды атаусыз қалдырмауды ұйғардық,-деді учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Шынар Имашова.

№1 учаскелік сайлау комиссиясы №4 Юрий Гагарин атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан. Мәлім болғанындай, сайлау басталған алғашқы үш сағатта мұнда тіркелген 2234 сайлаушының 300-і учаскеге келіп, дауыстарын берген. Көзімізбен көргеніміздей, бір сәтте сайлаушылардың көптеп келуінен, олардың сайлау бюллетендерін аларда кезекке тұрып қалғанын да көзіміз көрді. Осында байқаушы ретінде бекітілген республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Гүлжан Досмағамбетова мен Президенттікке үміткердің сенімді өкілі Абат Тасимовтың пікірінше, бұған дейінгі сайлауларға қарағанда бұл жолғы халықтың белсенділігі жоғарылығымен ерекшеленеді. Үлкендер өз алдына, жастар да дауыс беру орнына алдыңғы лекте келіп, қалауларын білдіргені көңілге қуаныш ұялатар құбылыс болғанын да байқаушылар жасырмады.

«Атырау жолдары» ЖШС ғимаратына орналасқан №3 сайлау учаскесінде 1842 сайлаушы тізімге алынған. Сағат11-дің шамасында солардың 350-і дауыс беру орнынан табылып, таңдауларын жасаған. Атап айтар жайт, учаскеден шалғайлау «Сарыөзек» елді мекенінің тұрғындарын осында тасымалдап жеткізу үшін бұл күні арнайы көлік  шығарылған. Денсаулық жағдайына байланысты 16 сайлаушының өз дауыстарын үйлерінен беруіне жағдай жасалған.

Бұлардан бөлек, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау облыстық филиалында орналасқан №6 сайлау учаскесінде тіркелген 1934 сайлаушының 700-і күндізгі сағат 12-ге дейін дауыс беріп үлгерсе, №2 орта мектеп ғимаратына жайғасқан №2 сайлау учаскесі бойынша есепке алынған 1949 сайлаушының тең жартысына жуығы түс әлетінде өз таңдауларын жасаған. Біз болған барлық сайлау учаскелерінде де дауыс беру процесінің қалыпты жағдайда өтуіне барлық мүмкіндіктер туғызылған. Бәрінде де саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден, үкіметтік емес ұйымдардан бөлінген байқаушылар саяси науқанның өту барысын қадағалап отырды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз