БҰЛ – БІРЛІКТІҢ НӘТИЖЕСІ!

Қашанда елдің берекелі бірлігі мен сүттей ұйыған татулығын, ұлттар арасындағы достықты, бейбіт өмір мен тыныштықты ту қып көтерген халқымыз сайлау күні өз таңдауын жасады.

 

Тәуелсіз Қазақстанның болашақ дамуына, осы уақытқа дейін жүргізіліп келе жатқан салиқалы саясатқа, экономикалық, әлеуметтік өсіп-өркендеуіне бейжай қарай алмайтын әрбір қазақстандықтың кешегі сайлауда ең дұрыс шешім жасағаны қуантады. Президент сайлауының өту барысын қадағалаған халықаралық байқаушылар, ЕҚЫҰ өкілдері біздегі сайлау процесінің әділ, ашық, әрі тиісті заңдылықтардың сақтала отырып, демократиялық негізде өткізілген сайлау екендігін мойындады. Бұл сайлау арқылы Қазақ елі өзінің әлемдік аренадағы абырой-беделін бұрынғыдан да бетер асқақтата түспек.

Әлем таныған ортақ Отанымыз енді Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын Елбасына тіреу болып жүзеге асыруымыз қажет. Сайлау күні дауыс беру учаскелеріне азаматтардың отбасыларымен көтеріңкі көңіл күймен барып, конституциялық құқықтары мен ерік-жігерлерін білдіруі елдегі тұрақтылықтың, ұлттар арасындағы өзара келісімнің айқын көрінісі деуге болады. Өйткені, біз осындай болашағы жарқын, келешегі кемел елде бір отбасының балаларындай тату-тәтті тіршілік кешіп жатқанымызға бақыттымыз.

Анарбек НОДЯРОВ,

Атырау облысындағы ұйғыр этномәдени орталығының жетекшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз