МЕМЛЕКЕТ ҚАЗЫНАСЫ КІРІСТЕН ҚҰРАЛАДЫ

Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында, одан бөлек бес тұғырлы реформаға негізделген, «жүз нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарында мемлекеттік кірістер органдарының алдына да маңызды міндеттер жүктелген-ді. Атап айтқанда, бұл саладағы мекемелердің жұмыстарын уақыт талабына сай жетілдіру, көрсетілетін қызмет түрлерінің ауқымын кеңейтіп, оларды жаңа сапалық деңгейге көтеру, мейлінше оңтайландыру, жеделділігін және тиімділігін арттыру қажеттігі алға тартылған-ды. Осы орайда, республикамыздың өзге өңірлеріндегідей, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мен қалалық, аудандық басқармаларында жоспарлы да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

 

ЖАРТЫ  ЖЫЛДАҒЫ ТҮСІМ – АРТЫҒЫМЕН

Атырау облысы бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартысында облыста мемлекеттік түсімдер көлемі 165,0 млрд. теңгені құрап, жоспардағыдан (142,3 млрд. теңге) 21,8 млрд. теңгеге немесе 115 %-ға асыра орындалды. Соның ішінде, республикалық бюджеттің жоспарының межеленген 77,3 млрд. теңгенің орнына 90,1 млрд. теңгеге (12,8 млрд. теңгеге артық немесе 117%) орындалуы қамтамасыз етілді.

Есепті мерзімде салықтық және кедендік төлемдердің өсіміне (24,0 млрд. теңге) қол жеткізілген. Атап айтқанда, салықтық әкімшіліктендіру есебінен 5,2 млрд. теңге, соның ішінде: автоматтандырылған камералдық бақылаудан  – 968, қарапайым камералдық бақылаудан – 261 млн. салықтық тексерулердің қорытындысы бойынша өндіріліп алынғаны – 3,6  млрд. және өткен жылдардан қалған берешек – 3,2 млрд. теңгені құраған. Ал, кедендік әкімшіліктендіру есебінен мемлекет қазынасына 1,8 млрд. теңге салық түсірілген. Жергілікті бюджеттің жайына келсек, мұнда да меже 66,0 млрд. теңгенің орнына 75,0 млрд. теңгеге орындалып, 8,9 млрд. теңге көлеміндегі салықтық түсімдер артығымен жинақталып, жоспардың 114%-ға артығымен орындалуына қол жеткізілді.

ХРОНОМЕТРАЖДЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ ПАЙДАСЫ  КӨП

Алғашқы алты айда шағын бизнес субъектілерін әкімшіліктендіруге бағытталған шаралар күшейтілген. Осы мақсатта жүргізілген хронометраждық зерттеу жұмыстарымен қамтылған 46 мейрамхананың орташа есеппен алғандағы бір күндік кірісі 2 еседен 71 есеге дейін өскендігі анықталып, өткен кезеңдерге тиесілі 3,2 млн. теңге көлеміндегі салықтық түсімдер берешегі өндіріліп алынды. Қазіргі уақытта осындай жұмыстар тағы да 12 мейрамхана мен дәмханада жүргізілуде. Келесі кезекте, хронометраждық зерттеу шаралары сауда үйлері мен базарларда жалғасады. Мұның сыртында, биылғы жыл басынан кассалық-бақылау машиналары мен есептік-бақылау маркаларының қолданылу тәртібінің сақталуына 357 рейдтік тексеру жүргізіліп, талапты бұзған тұлғаларға жалпы сомасы 10,0 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Сегіз мың шиша алкоголь өнімінің жасырын түрде айналымға түсіп, заңсыз түрде сатылымға шығарылғандығы әшкереленді.

ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕ – САПАЛЫ  ДА ЖЕДЕЛ  ҚЫЗМЕТ

Айта кетер бір жайт, кірістер бойынша белгіленген жоспарлардың артығымен орындалып, бюджет бүйірінің толығуына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің санымен қоса сапасының жақсартылуы тиіс. Егер өткен жылы мемлекеттік кіріс департаменті арқылы клиенттерге барлығы 525551 қызмет көрсетіліп, оның 75%-ы электронды, 25%-ы қағаз түрінде қамтылса, биылғы жарты жылда бұл көрсеткіш 79,3 және 20,7%-ды қамтыды. Соған қарағанда, жылдан-жылға электронды жүйемен мемлекеттік қызмет көрсету немесе ұсыну деңгейінің артып келе жатқандығын аңғару қиын емес.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік кірістер департаменті Атырау облысы бойынша ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп «Дөңгелек үстелдер», қоғамдық -консультативтік кеңестің мәжілістерін, әртүрлі тақырыптар аясында акциялар өткізуге мұрындық болып келеді. Жұмыстың жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыс орнатылды. Тек өткен жарты жылдың өзінде жергілікті мерзімді басылымдардың беттерінде насихаттық-түсіндіру сипатындағы 200-ден астам мақала басылып, 80-ге жуық жарияланым интернет-ресурстарға орналастырылды. Түрлі тақырыпта ондаған семинар-кеңестер өткізіліп, әр аптаның бейсенбісі «Ашық есік» күні ретінде белгіленді. Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері де кеңінен пайдаланылуда.

Мәди ТАКИЕВ,
Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер
департаментінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз