АЙҚЫН МАҚСАТ ЖОЛЫНДА

Елбасымыздың  Ұлт жоспарының «100 нақты қадам» бағдарламасы негізінен мемлекеттің  дамуымен  қатар, халықтың бірлігі мен ынтымағына да бағытталған. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Менің елім», «Нұрлы болашақ» сынды кең көлемді ұлттық жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруда.

 

«Мәңгілік ел» идеясы мен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеяларын одан әрі дамыту елде бірлікті күшейтіп, болашақтағы біртұтас ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті түбегейлі ашуға мүмкіндік береді. Біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямыз Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосуға негізделген.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы:  «Бес  реформаның әрқайсысы 20 қадамнан болып, жалпы есебі – 100 қадам жүзеге асырылады.  Яғни, не істелуі керектігіне бас қатырудың қажеті жоқ. Бірақ, осындағы әрбір іске шығармашылық тұрғыдан қарап, ілгері бастырып әкетулеріңіз керек. Бұл жұмыс оңай емес. Бұрын-соңды жасалмаған дүниелер. Осы арқылы біз биліктің және жалпы халықтың психологиясын өзгертуге ден қойып отырмыз. Сондықтан да, барлықтарыңыздан интеллектуалдық жігер, жақсы жұмыс талап етіледі», – деген болатын.

Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттің өркендеп-дамуына азаматтардың Отанға деген сүйіспеншілігі, патриотизмі іргетас болмақ. Осы орайда Ұлт жоспарының 89-қадамында мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау саласына да келелі міндеттер жүктеліп отыр. Халық денсаулығы жолында жүрген медицина қызметкерлері де өздеріне аса жауапты міндеттің жүктеліп отырғанын жақсы сезінуде.

Жалпы, Мемлекет басшысы бұл реформаларды «жаһандық және ішкі  сын-қатерлерге жауап, сонымен қатар, бір мезгілде жаңа тарихи жағдайларда дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жоспары» деп атағаны белгілі. Ендеше, баршамыз осындай ел болу жолындағы келелі іске өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Сайын  ШОМЫРОВ, облыстық аурухананың бас дәрігері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз