Некенің бұзылуына не себеп?

divorce41 Қоғам

Уақыт өткен сайын ажырасатын отбасылар санының азаймай отырғаны жайында аз айтылып жүрген жоқ. Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерінің мәліметіне сәйкес, неке бұзу өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға көбейіп отыр. Ендеше, қыз бен жігіт кезінде неке қиюға асығатын жастар неліктен бас қоса сала айырылысады? Қолымен жасаған «трагедияны» тағдырдан көріп, тауқыметін көтере алмайтын олардың осалдығы неде? Біз отбасы институтын қалай дамыта аламыз?

divorce41

Жалғызбасты Жанар

Отбасын құру оңай. Жыл сайын шаңырақ көтерген жастардың да саны артып келеді. Десек те, елімізде некелескен әрбір үшінші жұп қайта ажырасып жатыр. Ажырасқан ерлі-зайыптылардың балаларының 90%-ы аналарымен қалатындықтан тең жартысы алимент те ала алмай жүр. Солардың бірі – мәселесін айтып, редакциямызға келген Жанар есімді жалғызбасты ана. Жиырма жасында тұрмыс құрып, екі бала сүйген ол арада бес жыл өткен соң жолдасымен айырылысып кеткен. «Азаматты өзім бала күнінен танитынмын. Үй арасы жақын болған соң бірге ойнап, бірге өстік. Ол маған үйленуге ұсыныс жасағанда да көп ойланып жатпай келісім бердім. Бірақ, уақыт өте өмір жолымыз екіге айырылады деп мүлде ойламаппын. Әттең, бәрі бұрынғыдай болғанда ғой! Мен бүгін бұлай жылап жүрер ме едім?!» деп көз жасына ерік берген Жанар әңгімесін одан әрі жалғастырды. Айтуынша, сүп-сүйкімді ұлы мен қызы бар, айрандай ұйыған шаңырақтың шайқалуына үшінші адам себеп болған. «Жолдасым бір жылдың ішінде бізден бас тартып, WhatsApp арқылы танысқан бір қыздың соңынан кетті. Аз ғана уақыт ішінде шиеттей балаларыммен шарасыз күйде қалған өмірімнің астан-кестені шығып, көп уақытқа дейін өз-өзіме келе алмадым. Міне, енді жүрісім мынау. Не алимент төлемейді, тіпті балаларының амандығын білгісі келмейді. Осыншалықты жауапсыз болуға болар ма?..» деген ол өз өмірі жайында ойлана отырып, еліміздегі отбасы құндылығының төмендеп бара жатқанын алға тартты.

Отбасы институтын қалай нығайтамыз?

Отбасы институтының құлдырап бара жатқаны жалғыз Жанарды емес, көпшілікті толғандырып жүрген мәселе. Бұл орайда психолог мамандар отбасын сақтап қалу, оның құндылығын арттыру ең алдымен әйел адамға байланысты екенін айтады. «Әйел – мойын, еркек – бас». Бұл тектен-тек айтылған сөз емес. Әйел адам өзінің ақыл-парасатымен жанұяда қандай қиыншылық болса да одан шығатын жолды таба білуі керек. Сабырлы, шыдамды, төзімді әйел жастық шағындағы қиындығының рахатын қартайғанда көреді. Бұл еш жерде жазылмаса да уақыт дәлелдеген тұжырым.

Неке неге бұзылады? Себебі, жастардың арасында шынайы сезім, махаббат жоқ. Студент жастарға дәріс беремін, олардың көпшілігі тұрмысқа есеппен шыққысы келетіндерін айтады. Ақшасы бар жігіттің болашағы бар деп санайды. Яғни, ең бірінші материалдық жағдайды ойлайды. Ал, ондай ойдан құрылған некенің ғұмыры ұзаққа бара ма? Сонымен қатар, отбасы институтын нығайтуда, әр отбасы ең алдымен әкенің рөлін арттырғаны жөн. Балаға әкені сыйлауды үйретуі керек. Тиісінше, әкелер де жауапкершілікті сезінуі тиіс», дейді тәжірибелі психолог Мәрзия Ермұханова.

Маман қоғамда отбасы институтын күшейту, отбасылық психологқа бару мәселесін халыққа насихаттау керектігін айтады. Сондай-ақ, «Отбасын сақтап қалу үшін біріншіден, әйел ер кісінің, ер кісі әйелдің психологиясын оқи білуі қажет» дейді. Мәселен, көлік айдау үшін жүргізуші куәлігін алуға міндетті, ал, куәлік алу үшін көптеген ережелерді жаттап, емтихан тапсыру керек. Сол куәлік арқылы темірді жүргізе аламыз, алайда, отбасын жүргізу – көлік жүргізуден де жауапты іс екенін айтады. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың бір-біріне көңіл бөлмеуіне күйбең тіршіліктің де әсері жоқ емес. Алайда, бір-бірінің көңілін аулау үшін уақыт іздемей, әрбір сәтті ұтымды пайдаланып, барынша жылы сөзбен мейірімге бөлегендері абзал. Оған қоса мүмкіндігінше отбасылық семинарларға да барудың пайдасы мол.

Медиация арқылы мәмілеге келгендер

«Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атыраудағы өкілдік  директоры Гүлбаршын Марданова некенің көпшілігі материалдық жағдайға, ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінбеушіліктен, «ащы судың» салдары мен жеңіл жүрістен бұзылып жататынын жасырмады. Медиация орталығы ашылғалы бері 2015 жылдан бастап медиаторлар 1431 істің бітімгершілікпен аяқталуына себепкер болған. «Ер адамдар ажырасқысы келмесе де, әйелдер соны талап етеді. Мұндай жағдай бүгінгі таңда әсіресе, жастар арасында көптеп кездесуде. Олардың басым бөлігі тұрмыстық жағдайға байланысты ажырасады. Сондай-ақ, түсінбестік фактілеріне жиі кезігіп жатамыз. Орталыққа «Әйелім ата-анамды сыйламайды» деген сылтаумен келетіндер де кездеседі. Екі адам бір-бірін толық танымай жатып бас қосады. Ал, мұндай асығыс-тық та кейін ажырасудың ең басты себебі болады. Біздің мақсатымыз – отбасының бұзылуына жол бермеу. Сондықтан, әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, келісімге келуге шақырамыз. Олар содан кейін  нақты бір шешім қабылдайды» дейді спикер.

Нұрлы ХАБИЕВА, Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы:

– Әсіресе, 27-50 жас аралығындағы жұбайлардың ажырасулары көп кездеседі. Себептерін мінездерінің келіспеушілігінен және ортақ сәбилерінің болмауынан деп түсіндіреді.

 ТҮЙІН:

Қос ғашықтың махаббаты сонау 9 сыныптан басталған еді. Мектеп бітіре салысымен үйленіп, отау құрған олар өз алдына баспаналы болып, еншілерін алды. Әп-әсем үш баласы бар. Алды биылғы оқу жылында бастауышпен қоштасады. Бақытты отбасына бәріміз сүйсінетінбіз. Араларындағы түсініспеушілік отбасының ойрандалуына әкеліп соқты. Аз уақыттың ішінде ажырасып та үлгерді. Былай қарағанда, ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ. Бірақ, сол сезімнің жемісі – үш бала тірілей жетім қалды. Әкесіз өскен ұл, мейірімнен үзілген бүлдіршіндер. Жастайынан балалығына балта шабыл-ған балалардың болашағын енді елестетудің өзі қиын. Соның өзінде болмашы нәрсеге неке бұзу деректері азаяр емес. Ең қиыны, өз шаңырағының отын өз қолдарымен өшіретін ұрпақтың көбейіп бара жатқаны…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз