ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАУЫНГЕР!

Жақында Отан алдындағы борыштарын атқарып келуге аттанған атыраулық азаматтарды шығарып салу рәсімі өтті. Оған соғыс ардагерлері, дін өкілдері, болашақ сарбаздар мен олардың ата-аналары қатысты.

Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, полковник Андрей Беляев-тің айтуынша, биыл облыстан 700 адам әскери борышын өтеуге аттанбақ. Былтыр соңғы шақырылымда 680 сарбаз ант қабылдаған болатын. Олар ұлттық гвардия әскерінде, мемлекеттік қорғаныс саласында және ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде борыштарын өтемек.

– Биыл әкімшілік және қылмыстық кодекске біраз өзгерістер енгізілді. Әскери борышын өтеуден жалтарған азаматтар түзету жұмыстарына және бір жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен бірге, әскери бөлімшеге келуден бас тартқан он сегізден жиырма жеті жасқа дейінгі жастарға салынатын айыппұл мөлшері – 3-5 айлық есептік көрсеткіш, ал қызметіне салғырт қараған бөлімше қызметкерлеріне 10 АЕК-ке дейін өсті. Қазір сарбаздар бұрынғыдай өздері тамақ дайындамайды, онымен айналысатын арнайы ұйымдар бар, басқа да жеңілдіктер баршылық, – дейді А.Беляев. 

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қолбасшының орынбасары, полковник Ерболат Бекболатұлы:

– Астанада Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған әскери шеру өтеді. Оған Атыраудан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрамы да атсалысады. Сондай-ақ, биылғы кезектен тыс президенттік сайлауда еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беруге қарулы күштер қатарындағы ұландарды да белсенділік танытуға шақырамын, – деп отандық борышын өтеушілерге сәт-сапар тіледі.

Бұдан кейін Отан соғысының ардагері Закария Сұлтанов,  шекара қызметінің өкілі, аға лейтенант Досбол Ермаханов, әскерге шақырылушының анасы Алтыншаш Еркебаева және «Иманғали» мешітінің өкілі жастарға әскери борыштарын сәтті өткеріп қайтуды тілеп, ақ баталарын берді.

– Мен өз еркіммен қаладағы әскери бөлімге келіп, елімнің шын патриоты ретінде әскер қатарында болуға сұрандым. Тиісті медициналық сараптамадан да сәтті өттім, – дейді әскерге шақырылушы Николай Пивоваров.

Шара концерттік кешке ұласып, болашақ сарбаздарға сыйлықтар табыс етілді. Көп кешікпей олар Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына аттанып кетті.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Сурет автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз