ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

Бұл барлық салада қатаң тәртіп болғанда ғана жүзеге асады 

Жаһандық геосаясат картасында орын алып жатқан түрлі оқиғаларға қарамастан, Қазақ мемлекеті әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену жөніндегі стратегиялық мақсаттан бас тартқан жоқ. Демек, біз бұл мақсатқа жер астындағы табиғи байлық қорымен ғана емес, адами ресурс арқылы қол жеткізуіміз керек. Бармақ басты, көз қыстылық емес, сапалы білім, бәсекеге қабілеттілік шынайы көрініс тапқанда ғана біз қуатты мемлекетке айнала аламыз.

Өткен жылы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Кеше Атырау мәдени кешенінде аталмыш стратегияны жүзеге асыру жолдарын талқылаған жиын өтті. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен алқалы басқосуға облыстық департамент, басқарма, кәсіпорын басшылары, аудан әкімдері, күштік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 Құқықтық білім маңызды

Қабылданған стратегияның маңызына тоқталып, баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Марат Ахметжанов «аталған стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын жан-жақты қамти отырып, мемлекеттік биліктің барлық  деңгейлерінде, сондай-ақ жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға бағытталған» деп атап айтты. Сыбайлас жемқорлықтың кеңінен таралу себебін елдегі әлеуметтік ахуалдың, халықтық құқықтық сананың әлі де болса төмен деңгейде болуымен, билік құрылымдарының жауапсыздығымен, заңнаманың тиісті деңгейде орындалмауымен байланыстырған департамент басшысы  бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер декларация тапсырған уақытта кіріс көлемімен қатар, шығын мөлшерін де көрсетіп отыратындығын мәлімдеді. Сарапшылар мұндай әдістің мемлекеттік қызметте жариялылықтың қалыптасуына оң әсер беретінін айтады. Сонымен бірге, шенеунікпен тікелей қарым-қатынасқа шығуға асыққаннан гөрі, ақпараттық технология мүмкіндіктерін кеңінен қолдану маңызды. «Мұндай қадам кез келген категориядағы азаматқа  мемлекеттік қызметті қолжетімді етеді» дейді Марат Ахметжанов.

Ендігі жерде билік тендер, құрылыс құжаттарын қолжетімді ақпарат ретінде жариялауды қолға алмақ. «Яғни, барлық мәліметтер азаматтарға ашық болады. Оларды кез келген қоғам талқылап, көзқарасын білдіре алатын болады. Мұның барлығы сайып келгенде, мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығын қамтамасыз етпек» деген департамент басшысы тұрғындар талабын қанағаттандыруға, халықтың Үкіметпен қарым-қатынасын оңайлатуға бағытталған Қоғамдық кеңестің құрылғандығын мәлімдеді. «Мәселен, Сингапур, Малайзия, Гонконгта 1978 жылға дейін барлық салаларда жаппай сыбайлас жемқорлық болған. Олар «әрбір азаматқа жеткізу» ұранымен, халыққа заңды түсінікті тілмен жеткізуді қолға алған. Нәтижесінде жыл жарым уақыт ішінде аталған елдер халқының ділі, таным-түсінігі өзгерген. Құрылған қоғамдық кеңес те осы мақсатта жұмыс істейтін болады» деді ол.

Жаңа стратегия негізінде бұдан былай заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылардың жолы кесілмек. «Егер кәсіпкер тіркеуге тұрмай, салық төлеуден жалтарып, еңбек және пайда нарығына ауыз салған болса, оның артында тұрған шенеуніктер де жазаланатын болады. Стратегияны қабылдаудағы басты мақсат – мемлекеттік қызметке деген халық сенімін қайтару, арттыру болса, ендігі жерде кез келген арыз-шағым тіркелген сәттен бастап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілетін болады» дейді сала маманы. Бірақ, бұл мүмкіндікті арыз түсірушілер жымысқы мақсатта да пайдалана алады деген сөз емес. Департамент басшысының айтуынша, «қылмыс жасады» деген жалған ақпарат таратқан азаматқа кемінде он жылға, жемқорлық фактіге орай жалған мәлімет берушіге үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жиында айтылған тағы бір жаңалық, бұдан былай сыбайлас жемқорлық бойынша жазаланған адамға мемлекеттік қызметке келуіне өмір бойына тыйым салынбақ. Өзге де мәселелерге тоқталған сала маманы баяндама соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте шет елдердің тәжірибесін қолдануды ұсынды. «Мәселен, Оңтүстік Шығыс Азия елдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жастық шақтан, яғни, балабақша кезінен бастайды екен. Өскелең ұрпақ тәрбиесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады десек, тек ерте жастан бастап мінез-құлықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратындай етіп қалыптастыру осы әлеуметтік кесапатты жоюға мүмкіндік береді» деді ол.

– Өкінішке орай, адам өмірінің қай белесінде де біздің елімізде жемқорлықпен  байланысты болатын фактілері кездеседі, – деді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Юрий Кустадинчев. – Мәселен, бала дүниеге келгеннен кейін оны балабақшаға кезексіз орналастыру үшін, кейін баланы тіркеудегі мекен-жайынан басқа жердегі мектепке беру үшін біз міндетті түрде таныстардың қалтасын ақшамен майлаймыз. Кейін ол бала  ер жетіп, мектепті бітірер кезде де тестілеуден кедергісіз өтуі үшін ақша төлеп, оны жоғары оқу орнына грантқа түсіреміз.  Диплом алғаннан кейін де таныстар арқылы жұмысқа орналастырамыз. Осының барлығын тиісті орындар арқылы шешкеннен гөрі, бізге ақша төлеу оңайырақ көрінеді…

Депутат біздің алдымызда қоғамдық сананы түпкілікті өзгертіп, азаматтардың жауапкершілігін күшейту арқылы жемқорлықтан ада мемлекет құру міндеті тұрғанын айтты. 

 

Әкімшілік кедергіден арылу керек

«Сарапшылар әкімшілік кедергілердің неғұрлым көп болуы коммерциялық сектордың көп жағдайда жемқорлыққа бой алдыруына алып келетінін айтады. Және бұл – негізі бар мәселе. Мұның нәтижесі көлеңкелі экономиканың күш алуына, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына, бағаның өсуіне алып келеді» дейді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев. Бұл сөзімізге баяндамашы келтірген мына мәліметтер де дәлел бола алады. Мәселен, американдық экономикалық сарапшы Паоло Мауро 1990 жылдың өзінде ақ, бюрократияның 2,4 баллға дейін жоғарылауы, елдің экономикалық дамуын шамамен 0,5%-ға дейін тежейтіндігін дәлелдеген. Сол секілді, американдық екінші бір сарапшы Шан-Чин Ваяя жемқорлық индексінің  1 балл жоғарылауы мемлекетке тікелей тартылатын шетелдік инвестицияның 0,9%-ға дейін төмендететіндігін айтқан. Өкінішке орай, бұл пайызға шағып көрсетілген цифрлардың артында тұтас елдің экономикасы, даму болашағы жатыр.

Сала маманы жемқорлықтың етек жаюына көп жағдайда кәсіпкерлер шығынын қолдан көбейтудің әсер ететінін айтады. «Тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының бағалауынша, шығындарды жасанды жолмен ұлғайту Қазақстандағы тауар мен қызмет көрсету бағасының  елу пайызға дейін өсуіне жол ашқан. 2012 жылы Қаржы полициясы Қазақстандағы жемқорлық көлемін 30 миллиард АҚШ долларына бағалады. Енді, міне,  «Транспаренси Интернационал» агенттігінің бағалауынша, Қазақстан жемқорлықты  қабылдау индексінде 126-шы орында тұр. 2013 жылы біздің еліміз бұл рейтингтің 140-шы орнына тоқтаған болатын» дейді ол.

 

Қаржы мақсатты игерілсе…

Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздеген Қазақ елінің шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше күш салып отырғаны белгілі. Осыған орай, мемлекет қазынасынан жылдан-жылға миллиардтаған қаражат бөлінуде. Бірақ, отандық бизнестің дамуы күтілген нәтижеден көрінбей келеді. Неге? Осы мәселеге тоқталған баяндамашы Асылбек Жәкиев  бизнестің дамуына көп жағдайда жылжымайтын мүлік пен жер телімінің бөлінбеуі, аздық етуі, инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде болмауы, жемқорлықтың барлық салаларға дендеп енуі сынды фактілердің кедергі келтіріп отырғандығын айтып, ортаға нақты ұсыныстар да тастады. Оның пікірінше, әкімшілік процедураларды жеңілдету, соның ішінде салық және кеден ережелерін азайту, қолма-қол есеп айырысу формасын біртіндеп ығыстыра отырып, есеп айырысудың өзге құралдарын қолданысқа енгізу, жекелеген кәсіпкерлерді тексерудің нақты құқықтық регламентін енгізу көп жағдайда бизнестің кедергісіз дамуына жол ашпақ. Жиын барысында сөз алған «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы Нұрлы Әйтиева жемқорлықпен күресте жастарды адамгершілікке, құқықтық білімге баулудың маңызы зор екендігін атап өтті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жемқорлықпен күрес тетіктерін іске қосудың маңызды екендігін атап өтті. «Еуропа елдерінде, әлемнің өзге де мемлекеттерінде орын алып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыстарға, түрлі қиын жағдайларға қарамастан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасын жария етті. Аталған бағдарламаға орай Қазақ мемлекеті елімізде бұрын-соңды болмаған ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Сондықтан да, жасалған жұмыс сапалы, бөлінген қаражат мақсатты игерілуі керек» деген облыс әкімі өмірдің барлық саласында да қатаң тәртіптің берік орнауы маңызды екендігін атап көрсетті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз