«Жастар» театры – төрімізде

Screenshot 1 2 Жаңалықтар

Атырауда Елорданың 20 жылдығына орай Астана қаласының мәдениет күндері басталды. Аймаққа ат басын тіреген астаналық меймандардың алғашқы тартуы «Жастар» театрының өнерімен басталды. Облыстық Халық шығармашылығы орталығында көрермендер назарына Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» мюзиклі ұсынылды.

«Жастар» театры – төрімізде

«Қыз Жібек» – мәңгілік махаббат жыры ғасырдан ғасырға жалғанған жауһар жырдың «Жастар» театрының орындауында жандану мен тіл қату әдісі де, сөйлеу қалыбы да өзгеше болды. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменді формалық, идеялық, көркемдік ерекшеліктерімен де баурап алды. Қазақтың ежелгі салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға қойылды. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.

Айта кету керек, театрдың мұнайлы өлкедегі гастрольдік сапары  22-23 мамыр күндері Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында  жалғасады.

Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең бала ғашық…» сахналық повесі, Нұрқанат Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымы, бүлдіршіндерге арналған «Ұр, тоқпақ» халық ертегісі де көрермен назарына ұсынылмақ.

Сіз не дейсіз?

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ, театрдың көркемдік жетекшісі:

Жанды дауыспен жеткізу  –  басты мақсат

–«Қыз Жібек» мюзиклінің премьерасы Астанада өтті. Одан кейін Қазақстанның өңірлерінде Атырауда алғаш рет қойылды. Оны сахнаға шығаруға ұзақ дайындалдық. Әртістер студент кездерінен бастап шеберліктерін шыңдады. Дуэттерін, арияларын, хорларын дайындап, соңғы он бес күн ішінде толық нұсқасын сахнаға шығардық. Жалпы, «Жастар» театры репертуарында  мюзиклге құрылған отыз шақты қойылым бар. Оны сахналап жүрген әртістердің бәрі – өз шәкірттерім. Бір ерекшелік, қойылымдардағы рөлдердің барлығы жанды дауыста орындалады.

Назерке СЕРІКБОЛОВА, Қыз Жібек образын сомдаушы:

Жібек бейнесі – рухани ескерткіш

– Жібек бейнесі – сұлулық пен әсемдіктің нышаны ғой.  Халқымыздың мақтанышы, рухани ескерткіш. Сондықтан, бұл рөлді сомдау өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әртүрлі аспапта орындалған әсерлі әуендермен табиғи дауыста ән шырқап, көрермен жүрегінен шығуға тырыстым.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз