Жаңа жыл қарсаңында компания 400-ден астам балаға сыйлықтар берді

f0a80b6a 390b 40e4 b9e7 458a91f6d1c0 Жаңалықтар

«Каспий құбыр консорциумы-Қ» компаниясы қайырымдылық мақсатта жаңажылдық мерекелік шаралар өткізіп, балаларға қуаныш сыйлауды жақсы жолға қойған. 

Биыл да осы дәстүрден жаңылмаған компания аз қамтылған отбасылардың және ем алушы 400-ден астам балаға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қызыл-жасыл шамдармен көмкерілген жасыл шыршаны айнала қоршаған балаларға Аяз ата мен Ақша қар сыйлықтар тарту етті.

d1aa5944 9a23 40af a510 04cdbe2d9a81

Қайырымдылық бағдарламасы аясында консорциум басшылығы Махамбет ауданындағы облыстық қосалқы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне, облыстық балалар ауруханасындағы балаларға, сондай-ақ Құрманғазы және Мақат аудандарындағы балалармен кездесті. Осы кездесулер барысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедектігі бар балаларға жаңажылдық сыйлықтар табыс етті.

0b920922 1406 45a7 beea 637213e7fa8a

– Консорциум әлеуметтік жауапкершілікті сезінетіндіктен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша белсенді түрде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ халықтың осал топтарына әлеуметтік көмек көрсетеді. Дәстүр бойынша Жаңа жыл қарсаңында интернаттарға, балалар ауруханаларына барып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, сыйлықтар береміз, – деді «Каспий құбыр консорциумы-Қ» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметімен байланыс жөніндегі өкілі Асқар Шманов.

Жаңа жылдық сыйлық ретінде балаларға күзгі және қысқы күртеше, етік, төсек-орын жиынтығы, спорттық костюм, кроссовка және планшет табысталды. Сонымен қатар, әр балаға сыйлық жинағымен бірге компания басшылығы атынан тәтті сыйлықтар мен ізгі тілектер жазылған құттықтау хат табысталды.

Жыл сайын компанияның қаржылай қолдауымен Атырау облысында жергілікті халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қайырымдылық жобалары жүзеге асырылады. Атап айтқанда, мектеп, балабақша салуға және емдеу мекемелеріне заманауи медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға күш салып келеді.

Жаңажылдық мерекелік шаралар еліміздің барлық аймағында компания өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз