Жаңарған зауыттың жаңалығы көп

 2017 жылы жаңғыртылғаннан кейін іске қосылатын Атырау мұнай өңдеу зауыты бензиннің еуростандарттар мәселесін шешеді. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің төртінші отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті.

 

  Мұнай және газ секторында ілеспе газды жағуды төмендету жұмыстары атқарылып келеді, атап айтқанда оның мөлшері 3-тен 1 миллиард текшеге дейін төмендеді. Бұл ретте кәдеге жаратылған газдың көлемі 24 млрд.-тан 39 млрд текшеге, яғни 15,2 млрд текшеге артты. Факельдерде мұнайдың ілеспе газын жағуды толығымен тоқтататын инфрақұрылымдар да жасалып жатыр», – деді министр. Оның айтуынша, көлік секторында шығарындылардың көлемі шапшаң арту үдерісіне ие болып отыр.

  Мәселен, елімізде тіркелген көлік саны 5 млн. бірліктен асады, ал оның ішінде 3 млн. көліктің пайдаланылған «жасы» 10 жылдан асқан. «Үкімет осы сектордағы шығарындыларды азайтып, автопарктерді жасарту шараларын қолға алу үстінде. Бұл үшін Еуро-4 стандартына көшу, жеңілдікпен автонесие беру бағдарламалары жұмыс істеп тұр. Ескі автокөліктерді жою бағдарламасы да іске қосылады. Автокөліктерді газды-моторлы отынға көшіру мақсатында газбен толтыру стансаларының саны республикамызда 500-ге жетті. 2017 жылы Атырау мұнай зауыты жаңғыртылғаннан кейін іске қосылатыны жоспарланып отыр. Бұл еуро-4, еуро-5 бензин сапасына қатысты мәселелерді шешетін болады», – деді Қ. Бозымбаев.

  Еске сала кетейік, Кеңес Париж климаттық келісімін іске асыру мәселесіне арналып отыр. 2016 жылғы 29 маусымдағы жағдай бойынша Париж келісіміне әлемнің 178 мемлекеті қол қойған. Қазақстан Париж келісіміне қол қою рәсімдерін аяқтап қалды.

Дерек көзі:Қазақпарат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз