Өзендер арнасы тереңдетілуде

WhatsApp Image 2018 10 08 at 09.57.06 Жаңалықтар

Бүгінде Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай шара соңғы рет өткен ғасырдың 80-жылдары қолға алынған екен.

WhatsApp Image 2018-10-08 at 09.57.06

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, өткен 40 жыл ішінде тоғандарындағы су апатты жағдайға дейін төмендеген. Сонымен бірге, Жайық өзені шамадан тыс ластаныпты. Мамандар су деңгейі кейбір тұсында 40-50 сантиметрге дейін тайыздағанын айтады. Осының салдарынан қоршаған ортаға залал келіп, бағалы балықтың қоры күрт азайып кеткен. Қазір атқарылып жатқан өзен түбін тереңдету жұмыстары осы олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар.

– Тамыз айынан бері біз Шарон тармағында 3 шақырым тереңдікте, теңізде  мың метрге дейін қазу жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ, экскаваторлар арқылы өзендерді қоқыстардан тазарттық. Қиғашта 80 мың текше метр жерді қазуымыз керек. Осы жоспарды жылдың аяғына дейін орындаймыз, – дейді «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Мақсат Сәдуақасов.

Бұл жұмыстардың экожүйеге зиян келтірмейтіні белгілі болып отыр. Керісінше, түбіндегі шөгінділер өсімдіктердің өсуіне ықпал етіп, балықтың көбеюіне оң әсерін тигізеді.

– Қазіргі уақытта құрылғылардың көмегімен судың 3-3.20 метр тереңдігін қазудамыз. Балтикалық жүйе бойынша арнаның ені 40 метр болса, соның 25 метрі  2,5-3  метр тереңдік көлемінде болуы шарт. Қазу жұмыстарынан кейін топырақ немесе басқа да қалдықтар әсерінен тереңдік жойылмау үшін 20-30 см тереңірек қазып жатырмыз, – дейді телім басшысы Дидар Алипов.

Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету – арналарда балықтың жойылып бара жатқан бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайтуға, балықтардың уылдырық шашуға еркін өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, бұл жұмыстар өзен ортасының биологиялық алуан түрлілігі үшін қолайлы жағдайлар жасауға, мелиорация және өзен арналарын тереңдетуге бағытталып отыр.

Шортанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Саясат Зұлқарнаевтың баяндауынша, аталған жұмыстар басталған кезде тұрғындар тарапынан «қазылып жатқан жердегі судың қалдығы мал жайылымына кесірін тигізбей ме?» деген сауалдар туындаған еді. Дегенмен, бұл мәселе жауапсыз қалмады. Олар өзеннің суын малды суаруға, жем дайындауға пайдаланатын болады.

– Бұл – балық жүретін өзек. Оның 126 шақырымының уақытында тазалануы елді мекенімізде, ауданымызда балықтың өнімінің көбеюіне себепші болады. Бұл жұмыстар қазіргі кезде балықтың өсуіне кедергі келтірмейді. Керісінше, тұрғындар атынан жылдар бойы кедергі болған мәселені шешуге көмектескен облыс басшылығына алғыс айтамыз. Тек жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақтың тазалығын тексеріп, қадағалап отыратын бір мекеме құрылса деген ұсынысымыз бар, – дейді ардагер Саясат Зұлқарнаев.

Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша іс-шаралар  2020 жылға дейін жалғасады.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз