ҰБТ-2021: жаңашылдығы қандай?

izobrazhenie 2021 02 02 133640 Жаңалықтар

Қазір республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы өтуде. Қаңтардың 20-сында басталған шара 5 ақпанға дейін созылады. Оның басты ерекшелігі – электронды форматқа ауысатындығында. Бүгін біз пандемия жағдайында тестілеу кезеңдері қалай ұйымдастырылатынын сараптап көрдік.

Тестілеуге кімдер қатысады?

Республикада барлығы 143 тестілеу өткізу пунктінде 1 230 аудитория жұмыс істейді. Қаңтарда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның келісімімен өткізілуде.

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, карантинге байланысты түлектер тестілеуді 15 лек бойынша тапсырады. Оқу жылында 140 мың түлек мектеп бітіреді. Ал, бұл білім сынағына соның 120 мыңнан астамы қатысады деп жоспарланып отыр. Олар – 11 (12) сынып оқушылары, былтыр ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқа мамандыққа ауысқысы келетін студенттер. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі осындай мәлімет ұсынып отыр.

Тестілеу 5 пән бойынша өткізіледі. Оның 3-еуі міндетті және 2-еуі таңдаған мамандығына байланысты бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі, оны 4 сағатта орындауы тиіс. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады.

«Өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайды. Сондай-ақ, тестілеу барысын Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері қадағалайды. Тестілеу үрдісін арнайы мониторингтік топтың және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 403 өкілі қатаң бақылауда ұстайды» делінген министрлік ұсынған баспасөз хабарламасында.

Жауапты құрылым өкілдерінің айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ҰБТ өткізу кезінде санитарлықэпидемиологиялық ережелер қатаң сақталуы тиіс. Тестілеу барысында қатысушылар бірбірінен кемінде 2 метр қашықтықта отырады. Аудиториялардағы адамдардың саны 50%-ға қысқартылды. ҰБТ басталар алдында аудиториялар бактерицидті шамдармен залалсыздандырылады. Сонымен қатар, санитарлық ережелерге сәйкес, ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу бекетінің аумағында болуға тыйым салынады.

Облыстағы ахуал: 7 пунктте – 5 200 түлек

Атырау облысында Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі 3 ақпанға дейін жалғасады. Айтулы шара өңірде 7 пунктте өткізілуде. Биыл облыста 5 443 түлек мектеп бітіреді. Соның 5200-і ҰБТ- ға баруға өтініш білдірген. Бүгінге дейін 4 100 оқушы сынақ тапсырып үлгерді.

  • – ҰБТ өткізу үшін 68 аудиториялық қор жасақталды. Барлық аудиториялар тест өткізу талаптарына сай бейнебақылау және телефон байланысын тоқтататын құралдарымен жабдықталған. Әр аудиторияда бейнебақылау камералары орнатылған. Ата-аналар үшін онлайнкөрсетілім қолжетімді. ҰБТ кезінде санитарлықэпидемиологиялық нормалар да қатаң сақталып отыр, – деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Қансұлу Өтепқалиева.

Оның айтуынша, Атырау қаласы және Исатай ауданының түлектері үшін №717 Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункті аталған университетте жасақталған. Мұнда 3 115 талапкер ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Қалған аудандар үшін мектептерде пункттер ұйымдастырылып, жұмыс жасауда.

Ұлттық тестілеу орталығы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті филиалының сарапшысы Сәуірбек Сағынбаевтың айтуынша, мұнда сынақ 15 лекпен өткізіледі. ҰБТ-ны өткізу үшін 14 аудиториялық қор жасақталған. Оның 13-і пайдаланылып жатыр, 1-еуі резервтік аудитория. Барлық орындар қажетті құрылғылармен жабдықталған.

Санитарлық талап қатаң

ҰБТ кезінде санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтауға баса мән берілген. Тестілеу өткізу бекеттері баррикалдық ленталармен, залалсыздандыру туннельдерімен, бактерицидті шамдармен, ауаны қайт а айна лдырғыш құралмен, ерітінділер, тепловизор, санитайзерлермен, аяқкиімдерге арналған залалсыздандыру кілемшелерімен жабдықталған.

Сондай-ақ, қолданылған бетперделерге арналған жәшіктермен қамтамасыз етіліп, оны шұғыл түрде жою жұмыстары қолға алынған. Әрбір лектен кейін дезинфекция шаралары өткізіліп отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мен ұйымдастыру шаралары аясында облыс әкімдігінің, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыстық полиция департаменті мен «Атырау-Жарық» АҚ өкілдерінің қатысуымен кезекшілік кестелері мұқият сақталып отыр.

Электронды форматтағы сынақ

Осы оқу жылындағы басты жаңалық, наурыздан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы электронды форматта Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында «электронды формат» түлектер ҰБТны онлайн тапсырады деген мағына бермейтінін баса айтып, оның маңызына тоқталды.

  • – Бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді дербес компьютер ұсынылады. Бұл тәртіпті әрбір ауданға енгізу тиімсіз. Сондықтан, түлектер мамандандырылған тестілеу орталықтарындағы компьютерлерді пайдаланады. Бұрын ҰБТ-ны 117 мың түлек тапсырса, олардан бірнеше мың ұялы телефон табылды. Ал, өткен оқу жылындағы сынақта 122 мың баланың 2,5 мың телефонды жасырғаны анықталды. Олардың барлығының сынақ нәтижелері жойылды. Өйткені, бұл жерде бізге ең бастысы академиялық адалдық қажет. Сондықтан, ҰБТ-ны электронды форматқа көшіру маңызды.

Бұған дейін ҰБТ қаңтар, наурыз, маусымда ұйымдастырылып келді. Бірақ, оның грантқа күші болмаған еді. Грантқа арналған сынақ 7 күн ішінде өтетін. Қазір электронды форматтағы кезең наурыздан бастап маусымға дейін жалғасады. Түлек осы уақыт ішінде өзі қалаған мерзімді таңдап, сол күні тапсырады. Соның нәтижесімен грантқа үміткер бола алады. Ал, шілде айында гранттар тағайындалады. Сынақ кезінде калькулятор қолдануға рұқсат етіледі. Өйткені, оған да функционалдық сауаттылық керек, – деді А.Аймағамбетов.

Министрдің сөзінше, электронды формат алдыңғы жылы республикада 38 мың магистратураға түсуші үміткерлер үшін қолданылды. Сынақ сәтті өтті. Сондықтан, бұл форматты мектеп түлектері үшін қолдануда қиындықтар туындамайды. Компьютерлер жеткілікті. Жұмыстар арнайы қорғалған канал арқылы жүзеге асырылады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Тестілеудегі пән саны – 5;

Міндеттісі – 3;

Бейіндісі – 2.

Тест тапсырмасы – 120;

Қазақстан тарихынан – 15;

Математикалық сауаттылықтан – 15;

Оқу сауаттылығы негізінде – 20;

Бейінді пәндер бойынша – 35.

Тест тапсыруға белгіленген уақыт – 4 сағат (240 минут);

Ең жоғары балл – 140;

Облыста биыл мектеп бітіруші түлектер – 5 443;

ҰБТ-ға өтініш білдіргендері – 5 200.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз