Уақыт талабын ескеру – кемелдік көрінісі

Уақыт талабын ескеру – кемелдік көрінісі 1 Жаңалықтар

Мұрат ӨТЕШЕВ,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы,

Атырау облысының Құрметті азаматы:

Уақыт талабын ескеру – кемелдік көрінісі

Біз 25 жыл бойы Елбасымыздың тынымсыз еңбегінің арқасында қоғамдағы болған орасан өзгерістердің куәсі болып келеміз. Әсіресе, экономика саласында қаншалықты өзекті халықаралық, республикалық көлемде ауқымды істер жасалды десеңізші! Енді осы жұмыстарға тікелей жауапты органдар белгіленбек, олар – Үкімет пен әкімдер.

Сонымен қатар, Парламенттің беделін арттыру, Үкіметтің және оның жекелеген мүшелері туралы шешім алуды Парламентке жүктеу және парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партиялардың мүшелерін болашақ Үкімет құрамына енгізу тәртібі қаралмақ.

Реформадағы ең басты бағыт – еліміз президенттік республика болып және стратегиялық, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік бағыттарының Мемлекет басшысының тікелей құзырында қалуы өте құптарлық.

Елбасы қазіргі заман талабынан, сая­си, экономикалық, әлеуметтік даму үрдісінен туындайтын келелі міндеттерге тоқталып, конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын айқындап берді. Түбегейлі ре­формалар еліміздің алдағы онжылдықтарда демократиялық бағытта тұрақты дамуы үшін оң ықпал етеріне сенім мол. Енді біздің алдымызда нақты міндеттер тұр.

Президент әркез ел болашағы үшін маңызы зор жоспарларды, бағдарламаларды жариялағанда қашанда ел тұрғындарының мүддесін алдыңғы орынға қояды.  Мысалы, 1986-1988 жылдар  арасында Теңіз кенішін игерудегі кездескен қиыншылықтарды өз басымнан өткізгендердің бірімін. Одақтық министрлердің қатысуымен Құлсарыда тоқсан сайын өтетін кезекті жиында Теңіз кенішін игеру мәселесін кейінге қалдыру, оны Мәскеудің құзырына беру жөніндегі Кеңес Одағы Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы Ю.П.Баталиннің ұсынысына сол кездегі Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаев тікелей қарсылық танытты.

Тәуелсіз ел атанғанымыздағы ең үлкен тарихи шешім – Қазақстан мен «Шеврон» компаниясы араларындағы Теңіз байлығын бірлесіп игеру туралы «Ғасыр келісімі» болды. Қазіргі таңда ауқымды жұмыстар сол бір сәттерден басталғанын мақтаныш тұтамын. Бұл – мен куә болған көптеген мысалдың бірі ғана. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында президенттік басқару жүйесінің енгізілуі бірден-бір дұрыс қадам болды. Мұның өзі де та­рихи таңдауымыздың дұрыстығын көрсетті.

Ал, осы жолы әңгіме ел өмірінің басты бағыт-бағдарын белгілейтін, кемел келешегіміздің кепілі болып табылатын Конституцияға тікелей қатысты қозғалып отыр. 1995 жылғы 30 тамыздан бері, 22 жылдың ішінде біз өз Конституциямызға елеулі өзгерістер енгізген емеспіз. Осы кезең ішінде жаңа экономикалық сая­сат жүзеге асырылып, дамыған мемлекет қатарына қосылдық. Заман өзгерді. Оны ескермей болмайды. Енді Үкіметтің, министрліктердің, барлық деңгейдегі әкімдіктердің дербес жауапкершілігі артып, жұмыс ширайтын бо­лады. Меніңше, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңестіру құқықтық мемлекет құру жолындағы айтулы кезеңге айналары анық. Жұртшылықтың мақсат-мүддесімен, көкейкесті тілегімен бір арнада тоғысып отырған мұндай түбегейлі бетбұрыс бар­ша қазақстандықтардың игілігі, еліміздің өркендеп дамуы, оның жарқын болашағы үшін жасалып отырған батыл қадам екені даусыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз