ANU 4806

Туыстықты ту еткен Татарстан

Жаңалықтар Мәдениет Рухани жаңғыру Қоғам

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Өзге екі елдегі бауырлас ұлттардың достық мақсатта бір арнаға бірігіп, шынайы да жарқын көңілмен бірбірімен төс қағыстырып көрісуі де бір ғанибет екен. Біз елдер мен ұлттардың өзара ынтымақтастығын нығайтар осындай тамаша кездесулердің куәсі болдық.

Өзге елдегі бауырлас ұлттармен арадағы достық қарымқатынастың орнауы мен оның өркен жаюын мақсат қылған атыраулық делегация жуырда Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында достық сапармен болып қайтты.

МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Ен тоғайға толы Еділ өзені жағасында орналасқан көне шаһарға аяқ басқан қазақстандық топты Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының орынбасары Гүлмира Шәкірова, Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жаннат Досқалиева бастап барып, жерлестеріміз алғашқы күні Қазан қаласының орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесінде орналасқан «Достық үйінде» Татарстан халық Ассамблеясы мүшелері мен Татарстандағы қазақ қауымдастығы өкілдерімен кездесті.

Мәжіліс залында өткен мәнді кездесуде Татарстан халық Ассамблеясы кеңесінің атқарушы комитеті басшысы Николай Владимиров, Татарстандағы қазақ ұлттық автономиясының төрағасы Сағит Жақсыбаевтар сөз алып, қазақстандықтарға өздерінің жүрекжарды лебіздерін айтты.

ANU 4513

Кеш барысында атыраулықтар тарапынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы филиалының өкілі, «Елсана» руханият клубының төрағасы Нұржан Ермұханов өз тілегін айта келе, екі ел арасындағы мәденидостық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында бірлесіп қызмет қылуға шақырды. Осы негізде Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау филиалы мен Татарстандағы қазақ ұлттық автономиясы тараптары болашақта осы мақсатты жүзеге асыруға мұрындық болатын екіжақты меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, осы кездесу барысында негізін «Татулық» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі өкілдері құрайтын қазақстандық өнерпаздар қонақтарды айқара құшақ жая қарсы алған қазандықтарға өздерінің шағын концерттік бағдарламасын ұсынды. Олар бір сәт Қазан қаласының аспанында Шәмшінің шырайлы әуендері мен татар халқының әуезді әндерін шалықтатса, келесі кезекте қазақы киімдерін киінген қырмызы қыздар мың бұрала билеп, әсем өнерлеріне тәнті етті.

Әсіресе, әнші-жыршы Бақытбек Сәрсеновтің қазақтың қара домбырасымен әуелеткен жырлары мен термелеріне құныға құлақ салған кейбір қазандықтардың жанарына еріксіз елге деген сағыныш жасы үйірілді.

ДӘЛДІК ПЕН СӘНДІКТІҢ ҮЛГІСІ

Осы жиылыстан соң қазақстандық делегация сан ғасырлық тарихы бар, бір кездері Алтын орданың ірі қалаларының бірі болған – Қазан қаласының көрікті жерлерін аралады. Алдымен Татарстанда ЮНЕСКО тарапынан қорғалатын үш тарихи-мәдени ескерткіштің бірі болып саналатын Х-ХІV ғасырларда бой көтерген (көлемі 15 га жерді алып жатқан) әйгілі «Қазан Кремлі» аталатын ескі қамалға бас сұғып, осы тарихи орынның аумағында орналасқан «Кул-Шариф» мешіті, Қазан соборы мен Сүйінбике, Спасск мұнараларының сұлулығын тамашалады.

Қонақтар қамал қабырғаларынан «мен мұндалап»
көрінетін байтақ шаһардың жалпылама әсем көрінісіне көз тойдыра алмай, архитектуралық дәлдік пен сәндіктің тамаша үлгісіне ұзақ таңырқасты.

ANU 4736

Бір айта кетерлігі, осы қамалдағы Сүйінбике мұнарасы біздің өңірдегі көне қала Сарайшықты билеген Жүсіпханның қызы Сүйінбикеге арнап қойылыптымыс. Тағы бір қызығы, аталмыш мұнара өз өсінен 1,98 метрге қисайған күйінде тұр. Бұл күні ол Қазан қаласының негізгі символдарының бірі саналады екен.

Одан соң, атыраулықтар «Ресейдің үшінші астанасы» атанған қаланың сан түрлі ажарлы көшелерінің небір көрікті ғимараттарымен танысты. «Қазан арбаты» аталып кеткен Бауман көшесіндегі тәулік бойы үзілмейтін сауық-думанның куәсі болды.

БОЛГАР МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫ

Ертеңіне атыраулық делегация Қазан қаласынан 200 шақырымдай жерде орналасқан ЮНЕСКО-ның қорғауындағы тағы бір әлемдік маңызы бар ескерткіш – «Болгар» мемлекеттік тарихи
архитектуралық музей-қорығына сапар шекті. Территориялық аумағы 380 га жерді алып жатқан бұл қалашық тарихшылардың айтуынша, ІХ–Х ғасырларда Еділ булгарларының астанасы болған.

ANU 4947 1

Бүгінгі күні XIII– XIV ғасырлардағы болгар-татар архитектурасының озық үлгілері болып табылатын бұл қорықта жүзге тарта архитектуралық ғимараттар мен ескерткіштер сақталған. Қорықты тамашалаушылар алдымен қалашық қақпасы маңындағы «Ақ мешіт» діни-тұрмыстық кешеніне бас сұқты. Көз жауын алар бұл ақшаңқан ғимарат 2012 жылы бой көтеріп, Үндістан еліндегі Тәж-Махал ғибадатханасы үлгісінде салынған бұл мешіттің құрылысына 1200 тонна мәрмәр тас пайдаланылған екен.

ANU 5027 2

Келесі кезекте, қазақстандықтар Еділ булгарларының 922 жылы Ислам дінін қабылдауы құрметіне салынған «Құран музейі» ғимаратындағы көне жәдігерлермен танысты. Мұнда өткен ғасырлардың әр кезеңдерінде басылған Құран үлгілері мен сан түрлі діни еңбектердің түпнұсқалары көрініске қойылған. Екінші қабатта, ең басты жәдігер – көлемі 2х1,5 метр, салмағы 800 кг құрайтын алып Құран кітабы орналасыпты.

Бұл кітап баспа арқылы шыққан дүние жүзіндегі ең үлкен Құран есебінде 2011 жылы Гиннестер рекордына енген екен. Жәдігерлерді тамашалаушылар осыдан соң Булгар өркениетінің музейі, Булгар тарихының музейі, Хан мавзолейі, Ақ Палата, Қара Палата, Собор мешіті, «ХІІ ғасыр үйі» тәрізді тылсым дәуірден сыр шертетін ғимараттарды аралап, бір сәт тарих қойнауына сапар шеккендей болды.

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ЖҮЗДЕСТІ

Осы сапар барысында «Татулық» хореографиялық би ансамблі құрамындағы жастар көне шаһарды тамашалауға келген Австралияда тұратын татар ұлтының жастарымен кездесіп, өзара пікір алмасты. Өздерін Даниял, Фарила, Ризида деп таныстырған олар, атажұртына келулеріндегі басты мақсаттары ұлтының көне тарихымен танысып, салт-дәстүрлерін бойларына сіңіруді көздегендіктерін айтты.

Жырақта жүрсе де ана тілін ұмытпауларының сырын сұрағанымызда, басқа құрлық тұрғындары сонау Австралияда да аптасына бір рет татар тілі сабағы өтетіндігін айтып, бәрімізді таң қалдырды.

ANU 5052

Қазіргі таңда олар дүние жүзіндегі татар жастарының басын біріктірген «Салят» жазғы лагерінде демалуда екен. Байырғы Отанындағы осы демалыс кезінде де оларға татар халқының тарихы, тілі, діні, салт-дәстүрі арнайы үйретілетін көрінеді. Кездесу соңында қазақстандық жастар өз замандастарына шағын естелік сыйлықтар табыстап, достық көңілмен ескерткіш суретке түсті. Еділ бойындағы көне шаһарды тамашалау арқылы көлкөсір рухани күш-қуат алған топ, кешкісін Қазан қаласына кері оралды.

САБАНТОЙ САЛТАНАТЫ

Жолсапардың үшінші күнінде жерлестеріміз Қазан қаласының маңында жыл сайын республикалық дәрежеде аталып өтетін, татарлардың ұлттық мерекесі «Сабантойға» қатысты. Сол күні Привольже ауданының Мирный ауылындағы тоғай ішіне құрылған жасанды ауылдарға қарай ағылған адамдардың қарасы мол болды. Мерекеге орай безендірілуі бірінен-бірі асқан аулалардың әрқайсысында әсем ән шырқалып, ұлттық киімдегі ұл-қыздар би билеп, осы бір көңілді әуенге толы көріністі тамашалауға келген әр көрерменге ерекше мерекелік көңіл-күйді еріксіз дарытып тұрды.

Сән-салтанаты жарасқан аулалардың бірінде самсаған сары самауырындар қайнап тұрса, енді бірінде баян аспабын асынған егде адамдар көңілді жырларын нақышына келтіріп орындап жатты. Тағы бір жерде жастар иін ағашпен су тасудан жарысса, басқа бір аулада бүлдіршіндер қапқа кіріп секіру арқылы жылдамдықтарын байқасты. Осындай қызықтар әр аулаларда орын алып, құрылған сахналарда ән айтылып, би биленді.

ANU 5226

Егделеу жағы татар, жастар жағы қазақ ұлттық киімдерін киген атыраулықтар бұл мерекеде киім үлгісімен де, өзіндік өнерін паш етуде де ерекшеленіп тұрды. Сабантойға жиналған көпшіліктің зор ықыласына бөленген жерлестеріміз түркімен бауырларымыз бен Лишаев ауданының өкілдері құрған сахналарда кеңінен көсіліп, бауырлас елдің мейрамының жадыраңқы әрі көтеріңкі көңілде өтуіне мейлінше атсалысты. Ал, сабантойдағы негізгі қойылым жасыл желекке көмкерілген «майдан» деп аталатын кең ойпаттағы құрылған сахнада өтті.

Сахна етегіне қос боз кілем төселіп, онда татардың «Күреш» атты ұлттық спорт түрінен сайыстар қатар жүргізілді. Сабантой барысында осы мерекелік алқапқа Татарстанның президенті Рустам Минниханов пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухаммедов келіп, олар әр ауланың сән-салтанатымен таныса жүріп, әрқайсысына жеке дара бас сұқты. Осы сәтті пайдаланған жерлестеріміз қарға адым жерде тұрған қос президентке қазақстандықтардың сәлемін жеткізіп те үлгерді.

КОНГРЕСС БАСШЫСЫНЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА

Қазан қаласында өткен соңғы күнде атыраулық делегация өкілдері Дүниежүзілік татарлар конгресінде болып, онда оларды конгресстің басшысы Ринат Закиров қабылдады. Кездесу барысында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының басшысы Гүлмира Шәкірова конгресс басшысына екі ел арасындағы достық пен сыйластықтың нышаны ретінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Конгресс басшысы Ринат Закиров қазақстандықтардың осы
сапарына шынайы риза болып, екі ел арасындағы салынған достық сара жол болашақта да өз жалғасын табуына тілектестігін білдірді. Осы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында болашақта ұлттық «Сабантой» мерекесін Атырау жерінде бірлесіп өткізуге ұсыныс тастады.

ANU 5690

Конгресстегі кездесуде сондайақ, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гулсина Байкенова сөз алып, қазақстандықтарды зор ықыласпен күтіп алған татар халқына үлкен алғысын айта келе:

– Өзім татар ұлтынан болғандықтан қазіргі отандастарымның Татарстанға келуіне негіз салғанымды жасырмаймын. Мұндағы басты мақсатым, қазақстандықтарға менің атажұртымның тамаша табиғаты мен әсем де келбетті астанасын көрсетіп, бұл елдегі ұлттардың бір-бірімен татулықта мамыражай өмір сүріп жатқандығын паш ету болды. Осы арқылы көкірегімді өз ұлтыма деген мақтаныш сезім кернегенін айтқым келеді,- деді.

Осы шағын кездесуде қазақстандықтар тарапынан «Былина» этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Алевтина Воронцова, «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Битковалар да өз лебіздерін білдірді. Кездесу соңында конгресс басшысы өзге этномәдени бірлестік өкілдерінің Дүниежүзілік татарлар конгресі ғимаратына келу жағдайы бұрын-соңды орын алмағандығын айта келіп, үлкен саяси бастамаға жол салып берген қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдірді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Суреттер Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВТІКІ

Атырау – Қазан – Атырау

ANU 5190
????????????????????????????????????

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған