«Туған жер» этно-мәдени шарасы Жылыой ауданында жалғасты (ФОТО)

ANU 8361 Жаңалықтар

«Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің ұйымдастыруымен бастау алған «Туған жер» этно-мәдени шарасы Жылыой ауданында жалғасты. Аталған жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттарды насихаттау мақсатында жүзеге асып отыр.

ANU_8361

Киелі кең Жылыой топырағына келген медиасеріктестік тобы алдымен «ЖылыойМұнайГаз өндіру» басқармасының мұнайшыларымен, аудандық аурухананың дәрігерлерімен, «Құлсары Мұнай құбыры» басқармасының инженер-техник қызметкерлерімен және Құлсары қаласындағы №21 мектептің педагогикалық ұжымымен кездесті. Жиын барысында насихаттық топ мүшелері Президенттің мақаласына байланысты кеңінен ой қозғап, концепциялық тұжырымдаманың мәні мен маңызын зерделеді.

ANU_8337

Кейін, «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымы қасиетті әулие, қазақтың әйгілі батыры, ағартушы, сәулетші Бекет Мырзағұлұлының туған жері, әке-шешесі жерленген Ақмешітке барып, қасиетті орынға мінәжат етті. Келушілерді Ақмешітте біраз жылдан бері шырақшы міндетін атқаратын имам Ислам қажы Мырзабекұлы қарсы алды. Пір Бекеттің тікелей ұрпағы саналатын ол қалтқысыз қызмет көрсетуімен көпшіліктің разылығына бөленіп жүр.

ANU_8433

Қасиетті бабалар рухына дұға бағыштап, тәу еткен медиасеріктестіктің насихат тобы Бекет ата мешіті мен музейін аралап, әулиелердің қадір-қасиеті жөнінде әңгіме өрбітті. Айта кетейік, бүгінде Ақмешіт «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енген қасиетті мекен.

ANU_8156

«Туған жер» этно-мәдени жобасының қорытынды кеші аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өтті. Салтанатты шараға жиналған жылыойлықтар алдымен «Атырау-Ақпарат» мекемесінің фототілшілері мен баспа өнімдерінің туған жер тақырыбына қатысты дайындалған көрмесін тамашалады.

ANU_8134

Жиында сөз алған Жылыой ауданының әкімі Алимұхамед Құттымұратұлы Елбасының мақаласын жүзеге асырудағы маңызды мақсат-міндеттерді баяндап, ауданға келген медиасеріктестік тобының жұмысына сәттілік тіледі.

ANU_8301

Ал, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Рауан Сәбитов, «Туған жер» этно-мәдени жобасының маңыздылығын баяндады. «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева, «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің тілшілері Қаршыға Көшеков, Бақытжан Жұмат, Нұрсұлтан Мықтыбай, Нұрислам Ғұмар және жарнама бөлімінің меңгерушісі Ағиба Қатешова Елбасы мақаласы жөнінде ой өрбітіп, пікірлерін білдірді.

ANU_8322

Шара аясында облыстық, аудандық басылымдарға қолдау көрсетіп жүрген бір топ азаматтар марапатталды. Сондай-ақ, жас тілшілер де ұмыт қалмай, оларға «аудандық газеттің жас тілшісі» куәлігі табысталды.

ANU_8419

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әртістері мен аудандық өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, жиылған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

ANU_8287

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Туған жер» этно-мәдени шарасы Мақат ауданында жалғасын тапқан.

Бақытжан Жұмат

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз