ТУҒАН ЕЛДІҢ ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АҒАСЫ

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағандай, өткен жұма күні қаламыздағы жаңадан бой көтерген Салтанат сарайында тағылымды да тәлімді бір кеш өтті. Ол Атырау өлкесі ардақтыларының бірі, соғыс және еңбек ардагері, Атырау облысы мен Индер ауданының құрметті азаматы Орынғали Қарасаевтың 90 жасқа толуына орайластырылды. Шараның шымылдығын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кіріспе сөзбен ашып, мерейгерді құттықтады.

 

– Есімі елге танымал қазыналы қария, қадірменді ақсақал Орынғали Мұсаұлы 90 жастың төріне шығып, отыр, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Отты жылдарда қолына қару алып, Отанын жаудан қорғап, ерлік көрсеткен, бейбіт кезеңде де ерен еңбектің үлгісін танытып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлесін қосқан ағамыз  облысымыздың бірнеше ауданында партия комитеттерінің хатшысы болды, әлеуметтік қамсыздандыру және мәдениет басқармаларын басқарды. Ол өзінен үлкендерге ізетті іні, кішілерге ақылшы да қамқоршы аға бола білді. Жұбайы Дәметия Досалықызы апамызбен екеуі бірлігі жарасқан шаңырақтың иелері, тату отбасының тірегі атанып, ұлағатты ұрпақтарды тәрбиелеп өсірді, әулетінің алтын діңгегі-алып бәйтерегіне, жанашыр жұртының арқасүйеріне айналды. Осындай өнегелі өмір жолын өткеріп, ғибратты ғұмыр кешкен ағамыз бүгін біздің ортамызда, мерейтой құтты болсын, ардақты ағайын!

Осылайша, абыз ақсақалға жүректен шыққан шынайы лебізін жолдаған аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Орынғали Мұсаұлына Құттықтау хатын тапсырып, Дәметия апай екеуіне  халқымыздың дәстүрі бойынша дайындалған сый-сияпатын ұсынды. Сонсоң,  мерейтойға орай ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың атынан жазылған құттықтау-жеделхаттарын оқып, таныстырды.

Келесі құттықтау сөз кезегін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы, белгілі ғалым, академик Өмірзақ Озғанбаев еншіледі.

– Өз басым Орынғали Мұсаұлын еңбек, азаматтық  қалыптасу жолымдағы ұстазым санаймын. Әсіресе, Өзенде (қазірде Маңғыстау облысына қарайды) партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған кезінде Орекеңнен көп нәрсені үйреніп, ойымызға тоқыдық. Орнымен, байыппен, байсалдылықпен айтылатын әрбір сөзінен ақыл-кеңес, алдағы ісімізге бағыт-бағдар алдық. Құдайға шүкір, бүгін де оның түғырынан таймағанын көріп, куәсі болудамыз. Осындай жасында ағамен есен-сау қалпында жүздесіп, қолын алып көрісу – біз секілді ізін басқан інілер үшін бір бақыт, зор мәртебе,-деді Өмірзақ Озғанбайұлы. Мәртебелі мейман еліміздің ардагерлер қауымы атынан Орынғали Мұсаұлын мерейлі тоқсан жасымен құттықтап, сый-құрметін көрсетті, астына «темір тұлпар» мінгізді.

Құттықтаушылар легін одан әрі Атырау облысы және Атырау қаласының құрметті азаматтары, ел ағалары Айдын Айбаров пен Есен Тасқынбаев жалғастырды. Өз кезегінде олар да мерейгердің елі үшін сіңірген еңбегіне, мінсіз атқарған қызметіне, адами асыл қасиеттеріне, өзге де өнеге тұтуға тұрарлық қырларына ерекше тоқталып, айрықша атады.

– Орағаңның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін өнеге, тағылым алар тәбәрік. Осы орайда Елбасының «Тарих бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді» деген даналық сөзін атап айтқанды жөн көрдім,-деді құттықтаулардан кейін тізгінді қайта қолына алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. -Алда атаулы даталар, ел мерейін тасытып, мәртебесін арттырар, елдігімізді танытар мерекелер: Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күні, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы келе жатыр. Осындай мерекелердің қарсаңында егемен ел болып, тәуелсіз мемлекет атануымызға, берекелі тірлік қылып, бақуатты тұрмыс кешуімізге, алаңсыз, тыныш өмір сүруімізге өлшеусіз үлестерін қосқан, аға буын өкілдеріне қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Тағы да мерейтой құтты болсын, мерекелерді бірге тойлауға нәсіп етсін!

Осыны айтқан облыс басшысы алдымен, атыраулық соғыс және еңбек ардагері, «Фронтовичка» хорының жетекшісі Анна Захароваға, Атырау қалалық және барлық аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағаларына жаңа автокөліктердің кілтін салтанатты жағдайда табыстады.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев аға буын өкілдеріне деген шынайы қамқорлығы, ардагерлер ұйымына көрсеткен көмек-қолдауы үшін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлын өзі жетекшілік ететін қоғамдық ұйымның ең жоғары наградасы «Құрмет» белгісімен марапаттады.

Мерейтой иесі Орынғали Қарасаевтың кеудесіне алдағы жылы атап өтілетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бекітілген, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов  атындағы медаль тағылды.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы тақырыптық көрме ұйымдастырды. Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі концерттік бағдарламасын ұсынды. 

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз