ТШО БАСШЫЛЫҒЫ ӘРІПТЕСТІКТІ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тед Этчисонды қабылдады.

Аймақ басшысы алдымен оны жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтады.

«Тед – мұнай-газ саласында үлкен тәжірибе мектебінен өткен маман. Сол себепті де біз «Теңізшевройл» компаниясының қарқынды дамуды жалғастыра беретініне сенім білдіреміз. Мен бұл салада отыз алты жылдай еңбек еткендіктен, екеуміз әріптеспіз деп айта аламын. Сондықтан да, компания басшысымен кездесіп, өзара әртүрлі мәселелерді талқылаудың мен үшін маңызы зор. Қазақстанның мұнай-газ секторында ТШО-ның басты инвестор екенін мен әркез айтып жүрмін», -деді облыс әкімі.

Кездесу барысында жаңа басшы өндірістегі қауіпсіздік техникасын сақтаудағы жетістіктерді, сондай-ақ, кәсіпорынның қаржыландыруымен «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымдар бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды атап айтты.

Тараптар мұнай бағасының құлдырауына байланысты жағдайды бақылауда ұстау, кен орнындағы қауіпсіздік және жұмыспен қамтуға қатысты мәселелер жөнінде де пікірлесті.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз