ТЕҢІЗ ТАҒЫЛЫМЫ немесе өткен оқиғалар ойға оралғанда

ТЕҢІЗ ТАҒЫЛЫМЫ Жаңалықтар

ТЕҢІЗ  ТАҒЫЛЫМЫ2. Елбасы таңдаған компания

Баршаға мәлім, сонау 1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда кейін «Ғасыр келісімі» аталған Теңіз кенішін бірлесе игеру туралы шартқа қол қойылды.

Әрине, ол кезде тәуелсіздік алғанына аз ғана уақыт өткен еліміз әлі аяқтанып та үлгермеген-ді. Қиындықтар қордаланып қалған. Турасын айтқанда, мұнай-газ саласына «Шеврон» тарапынан салынған қомақты инвестиция болмағанда Қазақстан экономикасының тез сауығып кетеріне күмән да көп еді. Демек, Елбасымыз көмірсутегі шикізатын игеруге сырттан мүмкіндігі мол, салмағы сом компанияларды тарту қажеттігін, олармен бірлесіп қызмет істеу керектігін сол кезде-ақ айтқан. Ал, Мемлекет басшысы таңдаған ТШО алғашқы сәттен-ақ өзінің адал әріптес екендігін көрсеткен. Әлі есімізде, 1993 жылы Жылыойда Жем өзені тасып, алапат тасқын болғанда бес жүзге жуық үй құлады. Мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды. Сонда зардап шеккендерге ең алдымен көмек қолын созған осы компания болатын. Ә дегенде бірлескен кәсіпорын атынан азық-түлік пен киім-кешек жеткізілді. Көп ұзамай компания қаражатына Құлсарыда барлық қажеттілігімен жиырма үй тұрғызылды. Сол ғимараттар аудан орталығында өз алдына жеке ықшамаудан болып әлі тұр.

Жалпы, бүгінде ойлап қарасақ, Мемлекет басшысы мұхиттың ар жағына өзі сапарға шығып, сондағы кен орындарымен жеке танысқандағы мақсаты – сенімді әріптес іздеу екен. Біріншіден, расы керек, сол шақта шетелдіктерге Теңіз кенішінен өзге ұсынатын қайтарымы мол кен орны жоқ-ты. Ол соңғы отыз жыл шамасында ашылған ең ірі алаң болатын. Демек, инвесторлар қызығушылық танытуы әбден ықтимал. Екіншіден, мұндағы «қара алтын» құрамындағы шамадан тыс көп күкірт кенішті игеруді одан әрі қиындата түсті. Оның үстіне, мұнай тұз асты қабатынан, яғни тым тереңдіктен алынбақшы. «Отыз жетідегі» өрт те кеңестік технологияның күрделі алаңдарға жарамсыздығын көрсетті. Демек, тағы бір экологиялық апатқа жол беруге болмайды. Қазір, ашығын айтқанда, Теңізге «Шеврон» емес, одан қуаты әлдеқайда әлсіз компания келсе, қоршаған орта жәйі не болар еді? Үшіншіден, ел экономикасын жедел сауықтыру қажет. Одақтас саналған он бес республика өз алдына отау тігіп, бұрынғы байланыстары бұзылған шақта жел шайқаған қайықтай күй кешкендер көп. Ал, Қазақстан табиғи байлығын ұтымды пайдалануға ұмтылды. Төртіншіден, жәй ғана инвестор емес, қысылғанда қолтықтан демейтін, тарыққанда қолұшын беретін сенімді әріптес керек-ті. «Шеврон» сол талаптан көрінді. Сонау 1993 жылғы тасқында Құлсарыдағы радиостудияға келіп, халықтың басына түскен қиындыққа түсіністік танытқан американдық журналист әйелді әлі ұмытқаным жоқ.

Кейін ТШО компаниясын Ник Зана мен Меңдіғали Саппаев басқарған кезде Теңіз кенішіне журналистік десант түсірілді. Мен ол кезде облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің Жылыой ауданы бойынша тілшісімін. Сол шараға қатысқан Қазихан Қабдел, Бағытжан Бозданов, Федор Перов сынды тарландар бүгінде арамызда жоқ. Бірлескен кәсіпорынның бас менеджері Мәрия Қаражігітова бәрімізді таныстырып шыққан. Дастархан басындағы жылы қабылдаудан соң көпті көрген аға журналистер «Жігіттер, өркениет деген осы екен, шетелдіктерден текке үркіппіз ғой» десіп жатты.

Менің ТШО компаниясында танысым көп. Жылыой жақтағы жолдастарым, мектепте бірге оқыған сыныптастарым, қатарларымның ұл-қыздары дегендей. Әсіресе, құрдас-құрбы адамдарымның әдеттегі мінездерін жақсы білемін ғой. Арасында дауылдатып жүретіндері да болатын. Сол мінездерінің сап болғанына таң қаламын. Бәрі де шетелдік іссапарларға шығып, өркениеттің ортасын көріп, біраз ысылыпты. Өзін ұстай білуі, өзгені тыңдауы өнеге боларлықтай. Кейде қарабайырлыққа басып, қарадүрсіндікке салынғанда соларға қарап, өзіңді тежегендейсің. Міне, бұл да – инвестормен икемді жұмыс жемісі. Айтпақшы, бірлескен кәсіпорын сапында жүріп, мемлекеттік марапатқа ие болған қатарларым да бар. Мәселен, Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтының түлегі Мұхит Әбілғазиев «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне қадады.

Атырауда ТШО компаниясының құрылғанына 20 жыл толуы салтанатты түрде аталып өтті. Соның барысында «Шеврон» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы және Бас атқарушы директоры Джон Уотсон залда отырғандардан бірлескен кәсіпорын құрылған кезден бастап қызмет істегендер кімдер екенін сұраған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің Қазақстан жағынан тұңғыш директоры Равиль Шырдабаев бастап он шақты адам қол көтерді. Шіркін-ай, өткен уақыт жетегінде олардың да қатары селдіреп қалғаны ма? Әлде, түрлі себептермен қатыса алмады ма екен?

Жә, қазақ мұнайының марқасқалары мен шетелдіктер жиналған сол шарада Равиль Тәжіғараұлы сөз алған. Сөз ретінде айтар болсақ, арғы-бергі ұрпағын қосқанда осы салада ғасырдан аса еңбек өтілі бар Шырдабаевтар әулетінің қос ұлы, яғни Равиль мен Борис бірлескен кәсіпорынның Қазақстан жағынан директоры қызметін атқарды. Бұл да – өте сирек кездесетін жағдай. Ал, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Мұнай және газ өнеркәсібі министрі болған Равиль Шырдабаев ТШО компаниясының біздің тарапымыздан бірінші басшысы еді.

Иә, Теңіз туралы алғаш айтылған уақыттан бері де біраз уақыт өтті. Әркез ТШО компаниясы өзінің құрылған күнімен қатар еліміздің мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлері мерекесін де көпшілікпен бірге тойлауды дәстүрге айналдырған. Ал, биылғы салтанат Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Теңіз кенішін алғаш ашушылардың бірі Жолдасқали Досмұханбетовтің туғанына 100 және кен орнының тұңғыш мұнайының алынуына 25 жыл толуына арналады.

Түйіндеп айтқанда, инвесторлардың игілігін көріп келеміз. ТШО компаниясының ел игілігі үшін жасаған ісі қомақты. Алда да талай шаруа атқарылар. Бірақ, кеніш шежіресі оның іргетасын қалаған тарландардың естелігімен және соған куә болған журналистердің қаламымен жазылады. Демек, кеніш күнделігі – оның тағылымды тарихы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз