Тәуелсіздіктің қадірін кім қалай түсініп жүр?

4 940x360 1 Жаңалықтар

Биылғы қаңтар айында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Осы жылы Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланады. «Тәуелсіздік – тәңірдің сыйы» деген қайталанбас қағидатқа басымызды иіп, шүкіршілік етеміз.

Қазақ елі өз тәуелсіздігіне қилы-қилы замандардан, сұрапыл белестерден өтіп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, қаншама ұрпақтың төгілген қанымен жетті десеңізші. Иә, қазақ халқының тарихы оның мемлекет және қоғам құру феномені, адам және дін туралы түсініктері Ғұн империялары мен Түрік қағанаттары дәуірінен бастау алатындығы даусыз. Көшпенділер тарихында артында өшпес із қалдырған, ақылпарасатымен, көрегендігімен табындырған, ел-жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөк бабамыз – түркі жұртының іргесін қалаушылардың бірі, бірегей кемеңгері. Оның «Қаған парызы – халқының қарнын тойғызып, мерейін өсіріп отыру. Түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлкі көрмедім: қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді: күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін!» деген сөзі біраз жайдан хабар беріп тұрған жоқ па?!

Қазақ хандығының тарихы XV ғасырдың бірінші жартысынан басталатыны ақиқат. Бірақ қазақ мемлекеттілігінің тарихы мыңжылдықтардың қойнауына бастайды. Қазақтың «атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген сөзінен-ақ біздің түбіміздің тым әріде екенін аңғаруға болады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген нақыл бар. Майқы би түркі халықтары әлі бөлінбей тұрған кезде өмір сүріп, әділдігімен, шешендігімен жалпытүркілік қайраткер дәрежесіне көтерілген. Ол халық бірлігін бәрінен де жоғары қойған. «Бірліксіз – тірлік жоқ», сонымен қатар: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

Ханның биі ақылды болса, Қара жерден кеме жүргізеді» деген аталы сөз де Майқы бидің аузынан шыққан. Міне, тәуелсіздікті аялай білу, оны көздің қарашығындай сақтау – ұрпаққа бабалардан қалған аманат. Қазақ халқында жырау, ақындардың шығармашылығында тәуелсіздік, еркіндік идеясы сонау XV ғасырда өмір сүрген Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың еңбектерінде жырланады. Асан қайғы өз толғауларында халықты бірлікке шақырып, билік басындағыларға ұсыныстар айтқан. Халық оның атын ғана емес, бақытты өмір жайлы арманын да қадір тұтқан. Қазақ қоғамының мемлекеттің сыртқы саясаты, хан тағына мұрагерлік, жер мен ел билігі секілді ең маңызды мәселелері жыл сайын өткізіліп отыратын жалпыхалықтық жиындарда талқыға түседі. Бұл үрдіс – сонау бағзы заманнан келе жатқан ата-бабаларымыздан қалған дәстүр.

Қазақ саяси ой-пікірінің, этникалық санасы мен елдік қасиеттерінің қалыптасуында өлшеусіз із қалдырған Бұқар жырау Абылай ханды қауіпті қадамдардан сақтандырып Ашуланба, Абылай, Ашулансаң, Абылай, Көтерермін, көрермін, Көтеріп қазға салармын, – дейді. Қай мәселені «қазға салу» – халықтық жиындар, нағыз халықтық, демократиялық институт. Ол – ел басшыларын халық тілегімен санасуға мәжбүр ететін, ел азаматтары сынға түсетін қасиетті жиын. Міне, ел болашағы үшін маңызды мәселелерге еркіндік сүйген қарапайым халық араласып отырған. Қазақ халқының азаттық күресінің идеологы болған ақын және батыр Махамбет Өтемісұлы хандардың халыққа жасаған қысымына қарсы шығуға шақырған. Алғаш рет қазақ тілінде туған патриоттық сарындағы туындысы жерге деген махаббат, отарлық езгіге қарсы күрес туралы еді. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, елдегі дәстүрлі саяси және әлеуметтік институттардың көпшілігінің жұмысы тоқтады.

Қазақ халқы ислам дінін отаршылдыққа қарсы қорғаныс құралы есебінде пайдалана білді. Мемлекеттілігімізді жоғалтқанмен қазақ этносы тірі ағза есебінде өмір сүруін тоқтатпады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ұлы Абай көпшілікті санаға, ақылға негізделген ағартушылық дінге бет бұрғызды. Сөйтіп, үнемі оқудың қажеттілігін айтып, ағартушылық идеясын ұсынды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында ұлт зиялыларының ұсақ топтары отаршылдыққа қарсы қозғалысты басқарып, ұлттық дамуға дем берді және бұл қозғалыс қазақ этносының барлық әлеуметтік топтарын қамтыды. 1910 жылы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханов «Қазақ халқының ортасында саяси партиялар әлі де болса жаңа ғана қалыптасу үстінде болды.

Сайлаушылардың саяси көзқарастары әлі де аморфты, белгілі бір бағдарлама болып қалыптаспаған, бірақ қозғалыс өте күшті» деп жазды. «Алаш» идеясы қазақ халқының ең таңдаулы да ұлтжанды перзенттерінің басын қосты. Ақиқатына келгенде, қазақ зиялыларының арманының тоғысатын жері, мұраты – тіл, дін, діл, тәуелсіз ғылым, дәстүрге негізделген заң. Қ а з а қ с т а н н ы ң т ұ ң ғ ы ш президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы тұста: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдып қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті.

Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген» деді. Қоғамымыздың дамуы эволюциялық жолмен дамығанда мүмкін Қазақ елінің даңғыл жолы басқаша болар ма еді, кім біледі. Бірақ революциялық жолды таңдаған сол дәуірдегі большевиктер партиясының сая – си мұраттары мен бағыттары үстемдік құрды. Қазіргі заманғы Қазақстан мемлекеті бірегей о қ и ғ а л а р д ы ң б а р ы с ы н д а қалыптасты. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан аумағында Қазақ автономиялық к е ң е с т і к С о ц и а л и с т і к Республикасы дүниеге келді. Одақ құрамындағы Қазақ Республикасын шын мәнінде дербестігі, тәуелсіздігі және егемендігі бар саяси ұйым деп есептеуге негіздеме жоқ.

Тек Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, «Қазақ кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» бірінші конституциялық акт болып табылды. ҚазКСР-ның 1991 жылғы 10 желтоқсандағы заңымен Қазақстан Республикасы болып қайта аталуына байланысты құжат «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» деген жаңа атауға ие болды. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, бес жыл бойы мемлекеттіліктің негізгі нышандары қалыптасты. 1993 жылғы 28 қаңтарда Қ Р – н ы ң Жо ғ а р ғ ы Ке ң е с і тәуелсіз, егеменді Қазақстан м е м л е к е т і н і ң т ұ ң ғ ы ш Конституциясын қабылдады.

Ол жаңа тәуелсіз мемлекеттің орнауында және республика заңдарының қалыптасуында белгілі бір тарихи роль атқарды. Бірақ елімізді түбегейлі қайта құрудың қажеттілігінен жаңа Ата заңымыз 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Сөйтіп, мемлекетті ұйымдастыру мен оның қызметінің жаңа принциптері конституциялық тұрғыдан орнықты. Тәуелсіздік орнауының өзіндік заңдары мен заңдылықтарын жүзеге асыруда Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ерекше. Өйткені, елімізді әлемдік аренаға шығарып, тәуелсіз Қазақстан м е м л е к е т і н і ң і р г е т а с ы н қалаған – Елбасымыз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағының жарқын болуы, оны баянды ету – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті.

Заманымыздың кемеңгер ойшылы Әбіш Кекілбаевтың «Бүгінгі отаншылдық – төзім» деген аталы сөзі бар. Ұрпақ мұраттарының орындалуы халқымыздың төзімділігінде десек, орынды болар. Ұлы бабамыз Жүсіп Баласағұнидың «Сабыр етсең, ісің оңға асады, шүкір қылсаң, жамандық та қашады» деген пәлсапалық ойы әрбір қазағымның тарихи коды іспетті. Қазақ елінің қаншама жақсылары мен жайсаңдары арман еткен еркіндік пен егемендік, тәуелсіздік біздің пешенемізге жазылып, оның куәсі болып отырмыз. Сондықтан, қасиетті де киелі ұғымды терең зерделеп, «жауапкершіліктің жүгі ауыр» ұғымын ұрпағымыздың санасына сіңіріп, ата-баба армандаған «Мәңгілік ел» идеясын баянды етейік.

Болат НЫҒМЕТОВ,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз