Тарифтердің өсуіне қатысты маман жауап берді

young handsome man working in his office 1301 6548 Жаңалықтар

  Ұлттық экономика министрлігінің ұйытқы болуымен биылдан бастап елімізде табиғи монополия саласындағы тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізіліп отыр.

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтың айтуынша, автоматты жүйеге көшірілген кезде бұл саладағы тәуекелдерді тексеру адамдардың қатысуынсыз жүргізіледі. Мұндағы мақсат – тарифтік реттеудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету. Осылайша, табиғи монополия субъектілерін тәуекел дәрежесі бойынша градациялау арқылы қолайсыз факторлардың туындау ықтималдылығын төмендетуге болады.

– «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасында қарастырылғандай, осы жылдың ақпан айынан бастап тарифті белгілеудің «ынталандырушы» әдісін енгізу туралы шешім қабылданды. Мұның өзі табиғи монополия субъектілері  қызметінің тиімділігін арттыруға, жаңа инвестицияларды ынталандыруға,  инновациялық шешімдерді қабылдауға, қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге биыл республикамызда коммуналдық ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормалары қолданыла бастайды. Ол коммуналдық ресурстарды үнемді тұтыну мәдениетін қалыптастыруды, болашақ ұрпақтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуді мақсат етеді, – деді департамент басшысы.

Бұл бағдарлама негізінен тозығы жеткен, еліміздегі ескірген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді. Осылайша, 2022-2029 жылдар аралығын қамтитын бұл бағдарлама шеңберінде республикамыз бойынша жалпы ұзындығы 62 мың шақырымды құрайтын инженерлік желілерді жаңғырту, оған 3 трлн. теңге шамасында қаржы жұмсау жоспарланған. Соның нәтижесінде қолданыстағы желілердің тозу көрсеткішін  20%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туады. Нақтылай кетсек, өткен жылы Ұлттық экономика министрлігі қолданыста болып келген коммуналдық қызмет тарифтері мен қабылданған инвестициялық бағдарламалардың жекелеген баптарын өзгертуге қатысты табиғи монополия субъектілерінен келіп түскен 200-ден астам өтінімді мақұлдаған. Қорытындысында, тарифтердің өсу көрсеткіші 10-30%-ды құраған. Сөйтіп, абоненттерден ай сайынғы алынатын қызмет ақысының сомасы орташа есеппен 3-4 мың теңгеге көбейген.

Салалық департамент басшысы Арман Тұрсынұлының сөзінен бұл бағыттағы  жұмыстардың өңірімізде де өрнегін тауып жатқанын аңғардық. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Атырау облысында 46 табиғи монополия субъектісі (олардың төртеуі – базалық, қалғаны – шағын қуатты кәсіпорындар болып саналады) тіркелген. Өткен жылдың қорытындысымен негізгі жабдықтардың тозу көрсеткіші «Атырау жылу желілері» АҚ бойынша 68, Атырау жылу-электр орталығында 58,1, «Атырау Жарық» АҚ-нда 39,9, «Атырау облысы су арнасы» КМК-нда: сумен жабдықтау 12 және кәріздік тазарту жүйесі бойынша 36%-ға тұрақтаған. Қызыл аймаққа енген Атырау жылу жүйелері бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстарының қорытындысында бұл көрсеткіш 1,5%-ға төмендетілген.

Соның арқасында, жылумен жабдықтаушы кәсіпорынның жұмысшы-қызметкерлерінің жалақысын белгілі бір деңгейге дейін көтеріп, өндіріске қажетті білікті мамандарды тұрақтандыруға жағдай жасалды. Мұндай мәселе басқа да кәсіпорындарда оң шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, табиғи монополия субъектілерінде бекітілген тарифтік сметалардың орындалу барысына департамент тарапынан жүргізілген тексерулердің нәтижесінде бұл салада бірқатар кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Атап айтқанда, сумен жабдықтаушы 5, суды бұрумен айналысатын 2 және бір-бірден жылу және электр қуатын жеткізуші (барлығы 9) кәсіпорында тарифтік сметаның игерілуінде жөнсіздіктер орын алған. Соның салдарынан абоненттерден артық алынған қызмет ақысымен есептесу үшін бұларда белгілі бір мерзімде уақытша жеңілдетілген тарифтер қолданылатын болды.  

Коммуналдық қызметтерге тарифтерді бекіту міндетті түрде тұтынушылардың қатысуымен өтеді. Барлық іс-шара бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сондай-ақ, табиғи монополиялар саласын реттеудің әрбір кезеңі «Монополист» электрондық деректер базасында цифрландырылды. Тұтынушылар қаражатының мақсатты түрде пайдаланылуын бақылау қоғам мен техникалық мамандардың қатысуымен қамтамасыз етіледі. Тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда, оған уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп, табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Коммуналдық төлемдер негізсіз көтерілген жағдайда, келесі шоттарда қайта есептеу арқылы қаражат тұтынушыларға қайтарылады.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің тарифтері биылдан бастап 2030 жылға дейінгі мерзімде біртіндеп көтеріліп отырады. Бұл тұтынушылардың тарифтегі өзгерістерге кезең-кезеңімен көшуіне септеседі. Осылайша, қызмет көрсетуші құрылымдардың теңгеріміндегі тозығы жеткен жабдықтарды жаңғыртуға мүмкіндік туады. Нақтылай түссек, тарифтердің жыл сайынғы өсімі 20-30%-ды құрайтын болады. Одан бөлек, тарифтерді өсірудің есебінен биылдың өзінде ел көлемінде 40 мың отбасына коммуналдық төлемдер бойынша өтем (компенсация) жасалады. Тағы бір жағымды жаңалық, егер бұған дейін коммуналдық төлемдердің сомасы отбасының орташа кірісінен 20%-ға көп болған жағдайда ғана осындай жеңілдіктер жасалып келсе, енді ол 10%-ға дейін төмендетіліп отыр. Сайып келгенде, өтемақымен қамтылатын немесе жеңілдікке ие болатын отбасылардың саны артады.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз