DSC03273

Түлектер қаңтарда да оқуға түсе алады

Білім Жаңалықтар Қоғам

Келесі жылдан бастап жоғары білім гранты мамандық бойынша емес, білім бағдарламасының топтары бойынша тағайындалады. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өткізіледі (форматы өзгеріссіз қалады).

DSC03273

Мақсат – жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту. Сондай-ақ, кадр даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізіліп отыр. Онда мамандықтардың тізімі емес, маман даярлау бағыты көрсетіледі. Сәйкесінше, оқу орындары дербес білім беру бағдарламаларын әзірлеп алады. Мәселен,  «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «математика», қосарланған «математика-физика», «математика-информатика» мамандықтары кіреді.

«Ал, мемлекеттік грант алғысы келетіндер міндетті түрде маусымда өтетін сынаққа қатысуы қажет. Грант ұтып алған талапкер жоғары оқу орнына өзі таңдаған білім бағдарламасы бойынша тіркеліп, кейін университетке құжаттарын тапсыру кезінде таңдаған мамандығы бойынша білім алады» деп хабарлады министрлік.

Тестілеу үш міндетті (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және екі бейіндік пән бойынша жүргізіледі. Биылдан бастап жылына төрт рет – қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіледі. Осы уақытта тест тапсырғандар жоғары оқу орнының тек ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік алады (Өзіне ыңғайлы кез келген пункте тапсыра алады, тек көрсетілген мерзімде өтініш беріп үлгеруі қажет). Ақылы бөлімге түсу үшін талапкер шекті балл жинаса болғаны.

Сонымен, мектеп түлектеріне шартты түрде қаңтардан бастап ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік беріліп отыр. Екіншіден, шетел азаматтарын оқу жылы кезінде оқуға қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, олар үшін стипендиялы бағдарламалар енгізу, оның ішінде қазақ диаспорасына қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға жағдай жасалмақ. Сол секілді, магистратураға қабылдаудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл бакалавриатқа қабылдау моделіне ұқсас. Енді магистратурада гранттар студенттерге беріледі және оқу орнын таңдау мүмкіндігі болады.

Аман ШАМАР.

Сурет автордікі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған