Су тасқынынан қауіп бар

zhajyk Жаңалықтар

Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл Жайық өзенінен мол су келуі болжанып отыр. Су деңгейінің көтерілуі туралы 112-ден халыққа хабарлама да таратылды. Сол үшін қазірден бастап жергілікті атқарушы органдармен дайындық жұмыстары ұйымдастырылуда.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті алдын алу бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау капитаны Ербол Ғабитов мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Төтеншеліктердің айтуынша, су тасқыны жағдайын реттеу үшін 1153 адам, 303 бірлік техника, 16 бірлік жүзу құралы және 107 бірлік мотопомпа дайындыққа келтірілді. Сондай-ақ облыс аумағында орналасқан 191 қабылдау пункттерінің жағдайы тексеріліп, эвакуациялау маршруттары мен автокөліктердің дайындығы пысықталды.

–Сонымен қатар 19-26 наурыз аралығында ауа райының күрт жылынуына байланысты Миялы ауылы ішіндегі ойлы жерде орналасқан А.Жангелдин, К.Қуанышов, Д.Жұмалиев, А.Құттыбаев, Т.Әубәкіров, А.Сәлімгерева көшелерінің бойындағы тұрғын үйлерге қардың еріген суының кіру қаупі орын алған болатын. Аталған жерде Қызылқоға ауданының №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен екі дана мотопомпа, жергілікті атқарушы органның 1 тіркемелі өрт сорғы станциясы арқылы 18 374 текше метр су сорылды. Оған қоса 22 наурызда Сағыз-Миялы-Индер тас жолының 35-46 шақырым жерінде еріген қар суының тас жолдың бетіне шығып кеткені бойынша хабарлама түсіп, Қызылқоға ауданының №12 өрт сөндіру бөлімі және жергілікті атқарушы органның қызметкерлерімен тас жол бетіне шығып, кептетілген мұзды алып тастау жұмыстары жүргізілді. Қазір Ақтөбе облысы Ойыл және Байғанин аудандарының төтенше жағдайлар бөлімдерімен және жергілікті атқарушы органдармен күнделікті су тасқыны жағдайы бойынша ақпарат алмасудамыз,- деді Е.Ғабитов.

Сондай-ақ ол өз сөзінде былтыр көктемгі тасқын су кезінде Миялы ауылы Ойыл өзенінің бойындағы «Құмөткел» аумағын су жырып, Миялы ауылын тасқын сумен басып қалу қаупі туындағанын, осыған байланысты биыл ақпан айында бір экскаватор, екі тиегіш, екі «КамАЗ» арнайы техникасының көмегімен жырылған жерді топырақпен бітеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

–Миялы ауылының айналма жолдың арғы жағынан ұзындығы 2,7 шақырым болатын бөгеттерге және «Бәйсеу» шағынауданы маңынан ұзындығы 1,5 шақырым болатын бөгеттерге топырақ төгіліп, биіктету жұмыстары жүргізілді. Наурыз айының басында аталған бөгеттердің маңына саз жиналып, биіктетілсе, бұл жұмыс жуырда тағы да қарқын алды. Аталған жұмыстарға төрт мекемеден тоғыз арнайы техника жұмылдырылды, – дейді бас маман.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз