Студенттің сұлулық салоны

  Атырау мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Гүлфия Еділбай өзінің көптен бергі арманы – «Студенттік стиль» салонын іске қосты. Бұл орайда оған Атырау қалалық жастар ресурстық орталығы мен университет әкімшілігі қолдау танытқан.

  Қарапайым студенттің бастамасы адам сүйсінерліктей. Қазір жиырма жастағы бойжеткен география пәнінің мұғалімі мамандығын игеруде. Әйел сұлулығын еселей түсіру – оның сүйікті ісі. – Мен үнемі құрбыларымның беттерін әрлеп, шаш үлгілерін жасап жүруші едім. Өткен жылы арнайы үйрену курстарына қатыстым. Хабарландырулар арқылы жеке үйлерге барып та қызмет көрсеттім. Талпынысымды байқаған университеттің жастар саясаты департаментінің басшысы Дана Жайлаубаева «Менің бастамам» атты байқауға қатысуға шақырды. Сөйтіп, менің жобам бір-ауыздан мақұлданып, 150 мың теңге грант ұтып алдым. Сол кездегі ректор, қазіргі Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамыраев №2 университет жатақханасынан бір бөлме бөлді. Оған қоса, үстел, орындық, айна алып берді. Бұл білім ордасының жастарға көрсеткен үлкен қолдауы деп білемін. Ұтып алған қаражатқа керекті құрал-жабдықтар сатып алдым, – дейді Гүлфия. Қазір салонда оқу орнының студенттері мен оқытушылары үшін маникюр, визаж және түрлі шаш үлгілері жасалады. Гүлфиямен бірге Асылай, Әсел және Жаңыл есімді құрбылары да еңбек етеді. Әрбір қызметтен түскен табыстың жартысы жалақыға төленіп, қалғаны салон қажеттілігіне жұмсалады. «Кәсіпкерлікпен айналысу сабаққа кедергі келтірмей ме?» деп сұрағанымызда, ол: «Жоқ, керісінше, маған бұл жұмыс өте ұнайды. Біріншіден, құрбыларыма көмектесемін, екіншіден, адал табыс табамын. Бұл кәсібімді мақтан тұтамын. Болашақта үлкен сұлулық салонын ашқым келеді – деп жауап берді.

Нұрислам ҒҰМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз