ZHurnalistik zerdeleu

Шикізатты шет елден тасимыз

Жаңалықтар Қоғам

Адам көркі – шүберек. Ол – рас. Қазір қалтаңның қалыңдығы мен талғамыңның таңдауына сай киінуге мүмкіндік мол. Аты әлемге әйгілі брендтік киім дейсіз бе, мұхит асқан Еуропа, Италия, Франция дейсіз бе, қыр астындағы Қытайдан қажет пе, әлде бағасы қолжетімді айырқалпақты ағайындардың өнімін таңдайсыз ба – өз еркіңізде.

Журналистик зерделеу

Аталған тізімді «немесе отандық киім таңдағыңыз келе ме?» деп толықтыруға болатын шығар. Бірақ… Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының мардымсыз дамуы мен аталған мәселеге қатысты өзекті проблемалардың орын алуы отандық өнімді таңдаңыз деп жар салуға әлі де жеткізбей тұр…

Жалпы, Қазақстанда саудаланатын киім-кешектің 75 пайызы Түркия, Қытай, Ресей және Қырғызстаннан әкелінеді. Еліміздің ірі қалаларда әртүрлі киім тігетін фабрикалар бар. Бірақ, атап өткеніміздей, олардың өнімдері жаппай халыққа арналмаған. Көп ретте олар жеке тапсырыстарды орындаушы деңгейінен аса алмайды. Ал, қарапайым халық қалтасындағы қаражатының аз болуынан аталған нысандарды айналып өтеді.

«Биылғы оқу жылына дайындық барысында бірінші сыныпқа баратын балама костюм іздеп, біраз әурелендім. Қаладағы сауда нүктелерінің бірінен таптым. Дүкен сатушысы «отандық фабрика, «Алтын адамдыкі» деген соң, қасындағы костюмнен қымбат екеніне қарамастан, 16 мың теңгеге сатып алдым. Үйге келіп, қалтасының тігістерін сөгіп жатқанымда, тілімдей қағазда «Қытайда жасалған» дегенді көріп қалдым. Қайтадан апарып өткіздім де, Түркиялық костюм сатып алдым. Кейін интернеттен қарасам, «Алтын адамның» логотипі мүлдем бас-қаша. Сөйтіп, бұл оқиға маған сабақ болды. Келесіде ойланбастан түркиялық киім аламын», – дейді жас ана Нұргүл Амантай.

Бізбен тілдескен тұрғынның сөзіне алып-қосарымыз да жоқ. Таңдау – өз еркінде. Ол айтып отырған Қытайдың көшірме жасау ісі – бұл саланың алға баспауына кедергі келтіріп отырған көп фактордың бірі.

Отандық киім бағасының қымбат болуына тағы бір себеп, қажетті шикізаттың шет елден тасымалданатындығы. Атыраулық танымал дизайнер, «ASU.KZ» сән үйінің директоры Айсұлу Оразбаева «отандық дизайнерлердің киімі қымбат, қолжетімді емес» деген стереотипті бұзу жолында жұмыстануда.

«Менің киімдерім 15 мың теңгеден басталады. Мұны қолжетімді баға деп ойлаймын. Ал, одан арзан етіп тігуге ниетім болғанымен, мүмкіндігім жоқ. Олай дейтін себебім, матаны Түркиядан, Кореядан  аламыз. Тігін машиналары Жапониядан жеткізіледі. Кейінгі кезде жіпті Алматыдан аламын. Сапасы жақсы. Толықтай отандық шикізатты алар болсақ, біз үшін де тиімді болар еді. Өйткені, доллармен сауда жасау – қиын. Таңдау болмағандықтан, амалсыз осылай жұмыс жасап отырмыз», – деген дизайнер бұл күнде сегіз адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«SM» сән үйінің иегері, жас дизайнер Салтанат Мақсотова да – атыраулықтар арасында кең танымалдылыққа ие кәсіп иесі.

«Әрине, отандық дизайнерлердің киімі – қымбат деген қате пікір. Мен мұнымен келіспеймін. Мата мен жіпті Оңтүстік Кореядан тапсырыспен алдыртамын. Оған сіңірген еңбек пен жұмсаған күшті қосыңыз. Ал, ең қымбаты – идея. Соларды есептегенде, жалпы өнімнің бағасы шығады. Біздің елімізде тігін ісіне қажетті шикізат көздерінің барлығы да жеткілікті екенін ескерсек, осы істің дамуына не кедергі екенін біле алмадым. Мата да, жіп те, қажетті аксесуарлар да толығымен өзімізде өндіріліп, сапасы жақсы болса, ойланбастан алар едім», – дейді ол бізбен әңгімесінде.

«SM» брендімен отандық нарықта саудаланып жүрген жас дизайнердің көйлектерінің басым бөлігі – тойға киюге арналған киім. Бағалары 28 мыңнан басталады. Ал, сырға салу, келін шәй секілді салт-дәстүрлерімізге сай өтетін ұлттық шаралар үшін ұлттық нақыштағы көйлектерге тапсырыс берушілердің көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Салтанаттың қолынан шыққан осынау киімдер де – үлкен сұранысқа ие. Тапсырыс берушілер бұл бағаны мүлдем қымбатсынбайтынын айтуда.

«Бастысы, бұл көйлек маған лайықталып тігілген. Дизайнердің көңілімнің қалауын дөп басқанына қуаныштымын», – дейді Самал есімді бойжеткен.

Отандық киім өндірісінде танымал болған «SabyrzhanAiryn» бренді де – республикаға танымал. Ұлттық нақыштағы күнделікті киімдер шығару ісін қолға алған Рүстем Ермекбай:

«Біз отбасыға арналған киімдер топтамасын шығарумен айналысамыз. Қазір Қазақстанның 8 қаласында 10 дүкеніміз бар. Түркияның үш киім бренді қазақстандықтардың тарапынан жыл сайын 50 миллиард теңге табыс табады. Қаншама қаражат шетелге кетіп жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «SabyrzhanAiryn» шетелдік киім брендтерімен терезесі тең деңгейге жетіп, отандық нарықтан импортты ығыстыру үшін жұмыс істеп жатыр. Израиль, Швейцария, Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Канада мен АҚШ-тағы қазақтар біздің өнімдерімізге қызығушылық танытуда», – дейді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, Атырау облысының жеңіл өнеркәсіп саласы шағын бизнес иелерінің есебінен дамуда. Жалпы, облыс бойынша көрсеткіш көлемі соңғы 4 жылда 1,8 млрд. теңгеден 2,3 млрд. теңгеге өскен.

Соңғы жылдары республикада бұрын болмаған жаңа өнім түрлерінің шығарылуы саланың оң өрістеуіне септігін тигізуде. «Caspiy Lana Atyrau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы  түйе және қой жүндерін өңдеу, жіп иіру, бояумен қатар дайын өнімдер шығаруда. Фабрикада шығарылған түйе және қой жүнінен жасалған көрпелер мен жабындылар сауда орындарында сатылумен қатар, жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде шетелдік көрмелерге шығуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар, Ресей, Қытай елінің тарапынан қызығушылық туғызуда.

Аймақтағы киім өндірісінің көрсеткіші былтыр 480 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 81 процентке артық. Мұның басым бөлігін арнайы киім мен мектеп формасы құрап отыр.

Түйін:

Киім шығару – бұрыннан қалыптасқан, өзіндік даму жолы бар кәсіп көзі. Тек сол сүрлеуді қайта жандандыра алмай, ай сайын киім үшін бірнеше миллиардты құрайтын қаржыны шет ел асырып отырғанымыз өкінішті. Мақта, жүн мен тері, тіпті оларды өңдейтін кәсіпорындар өзімізде бар екенін ескерсек, өкінішіміз де еселене түседі.

Қазіргі таңда елімізде аталмыш салаға қатысты 1534 мекеме тіркелгенімен, олардың барлығының бірдей жұмысы жолға қойылмаған. Нақты көрсеткішке жетіп, бетке ұстарға айналған 20 ірі компания табысты қызмет етуде. Қалай десек те, киім-кешек нарығының тек импортқа тәуелді екенін мойындамасқа амалымыз жоқ.

Гүлжан ӘМІРОВА

1 thought on “Шикізатты шет елден тасимыз

  1. меня радует что молодые люди имеют возможность заниматься таким интересным делом в стране и даже если до сих пор мы зависим от импорта в данном деле, я искренне верю что это всего лишь вопрос времени не больше. наши еще себя покажут. главное, начало положено)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған