Шикізат тасымалындағы шикілік

shikizat Жаңалықтар

Қазір «қара алтынды» Құрық порты арқылы экспорттауға ерекше маңыз беріле бастады. Осылайша, Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты бойынша тасымал көлемі артып келеді. Жуырда Қазақстан мен Әзербайжанның салалық министрлері жүздесіп,  энергетика, қазақстандық мұнай транзиті, жаңартылатын энергия көздерінің ауқымды жобаларын іске асыруға қатысты бірқатар мәселені талқылаған еді. Биыл Баку–Тбилиси–Джейхан арқылы 1,5 млн. тонна мұнай жеткізу жоспарланғаныбелгілі болды.

Бүгінде қазақ мұнайы шетелге негізінен «Каспий Құбыр Консорциумы» арқылы тасымалданады. Дегенмен, осы саланы әртараптандыруға қазір айрықша мән беріліп отыр. Соның көрінісіндей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын Транскаспий дәлізі арқылы мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжанның «SOCAR» мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кенішінен «Баку–Тбилиси–Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келісімге қол қойды.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспорттау көлемінің артуы Баку порты бағытында жөнелтілетін шикізат көлемінің 87 мың тоннадан 152,4 мың тоннаға немесе 75 пайызға ұлғаюы есебінен болды. Сондай-ақ, есепті кезеңде Ақтау портынан Махачкала порты бағытында 160,2 мың тонна мұнай жөнелтілген.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі өндіріс өсімін ескере отырып, ұлттық компанияларға шикізат жеткізу көлемін ұлғайту міндеті қойылғанын атап өтті. Демек, тасымал ауқымы да артатыны белгілі. Салалық ведомство басшылары Каспий теңізінің түбіне терең су кабелін төсеу арқылы Кавказ өңірі мен Орталық Азияның энергия жүйелерін қосуға бағытталған жобаны іске асыру бойынша алдағы жұмыстарды талқыға салды.

Ал, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Баку қаласына сапары барысында Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровшан Наджафпен кездесті. Тараптар Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайының көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды және Қазақстан мұнайын Баку–Супса құбыры арқылы тасымалдау мәселелерін нақтылады.

–SOCAR компаниясы – «ҚазМұнайГаздың» маңызды стратегиялық серіктесі. Қазақстан мұнайы транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпін берілетініне сенімдімін,-деді М.Мырзағалиев.

Өткен жылы Ақтау портынан 1 057 мың тонна, ал 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 232 мың тонна мұнай жөнелтілген. Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы – орталық кеңсесі Әзербайжанда орналасқан жаһандық энергетикалық компания. Энергия ресурстарын өндіру, өңдеу және үлестірумен айналысады. Оңтүстік Кавказ өңірінің интеграцияланған ірі энергетикалық кәсіпорнының әлем бойынша бірнеше бөлімшесі бар.

Осыдан 14 жыл бұрын Әзербайжан мұнай өндірісінің ең жоғары көрсеткішіне жетіп, 51 млн. тонна шикізат өндірген. Кейін біртіндеп өндіріс көлемі азайып, соңғы жылдары 30 млн. тоннаға дейін төмендеп кеткен. Бұған ішкі нарықтың сұранысын да қосып қойыңыз. Осылайша, «қара алтынның» қоры да азайған. «Еnergy Analytics» телеграм-каналының мәліметінше, жылына 60 млн. тонна шикізат тасымалдауға қауқары жететін Баку–Тбилиси–Джейхан құбыры әзербайжандық мұнайдың әлемдік нарықтағы «алтын көпірі» саналады. Ал, шетелге шығаратын «қара алтын» көлемінің азаюына байланысты құбыр толыққанды режимде пайдаланылмай отырған жайы бар.

Десек те, мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов БТД құбыры біздің ел үшін тиімсіз екендігін айтады.

– Экспортқа шығаратын мұнайымыздың 80 пайызы КТК арқылы тасымалданады. 13-14 пайызы Атырау–Самара бағыты арқылы жөнелтіледі. Одан қалғаны Ақтау арқылы Махачкалаға немесе Баку–Тбилиси–Джейхан және Баку–Супса бағытымен кетеді. Артылған мұнай Қытай бағытына қарай жөнелтіледі. Былтыр біз БТД құбыры арқылы 1 млн. 400 мың тонна мұнай тиеп жібердік. Осы жылы бұл көрсеткішті 2 млн. 200 мың тоннаға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бастапқы мүмкіндік 1 млн. 500 мың тонна болса, жалпы, 50 пайызға арттырды деп жатыр. Бұл дегеніміз 700 тонна қосылды дегенді білдіреді. Біз 70 млн. тонна көлемінде мұнайды экспортқа шығаратын болсақ, соның тек неге 1,5 немесе 2 млн. тоннасын ғана БТД арқылы жібереміз? Біріншіден, БТД ұзақ уақытты алады, екіншіден, оны тасымалдау қымбатқа түседі,-дейді мұнай-газ сарапшысы А.Нарымбетов.

Иә, «Каспий құбыр консорциумы» құбыры арқылы тасымалдау бізге экономикалық жағынан тиімді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, оны түбегейлі алмастыру мүмкін де емес көрінеді. Бірақ, Қара теңізде болған дауыл мен жоспарлы жөндеу жұмыстары қазақстандық шикізаттың дер кезінде шетелге жіберілуіне кедергі келтіріп отыр. Ол – елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Сондықтан, тасымалды әртараптандыру үшін батыл қадамдар жасалуы тиіс.

«БТД-ны қымбат етіп тұрған – кез-келген кен орнынан Ақтауға дейін мұнай жеткізудің әуресі. Теңізден шыққан мұнайды цистернаға құйып, Ақтауға дейін теміржолмен жеткізеді. Әр цистернаның сыйымдылығы – 60 тонна. 1 млн. тонна мұнайды Ақтауға апару үшін 20 мың вагон қажет болады екен. Ал, Қазақстанда вагон тапшы. Екіншіден, жол мүмкіндігі де шектеулі. Ақтауға дейін баратын жол тек бір бағытта. Әр станса сайын екінші бағытта келе жатқан пойызды күту керек болады. Бұл жағдай жеткізу мүмкіндігін әжептәуір баяулатады. Соның нәтижесінде Теңізден Ақтауға мұнай тасымалдау екі аптаға созылады. Ақтауға жеткеннен кейін мұнай арнайы қоймаларға апарылады. Әрине, ол жерде орын болса. Кейде бос орын болмай қалады. Содан соң мұнай танкерге құйылады. Оның да саны аз. Танкерлер шикізатты Бакуге алып барады. Мұның барлығының шығыны 100 АҚШ долларынан асып кетеді. Оған тариф құнын қоссаңыз, 120-130 АҚШ долларынан бір-ақ шығады. Осыдан-ақ қай жолдың арзан екенін білеміз. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар: Теңіз кен орнынан Ақтауға дейін мұнай құбырын салу» дейді Абзал Нарымбетов.

Рас, бүгінде Баку–Тбилиси–Джейхан құбырының бос бөлігін қазақстандық мұнай ғана толтыра алады. Алайда, бұл бағытпен бізге үлкен көлемде тасымалдау тиімсіз саналады. Сол себепті, шығынды азайту шараларын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Ал, шикізат тасымалдаудағы шикілікті жоюдың жолы қандай? Бұл енді жауабы табылмаған сауал болып тұр.

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз