Шетелдік көліктің «жыры»

1688369070 Жаңалықтар

Шетелдік көліктің «жыры» таусылмайтын болды. Әлеуметтік желіде «транзиттік нөмірлі машиналарды тексеруде, сақ болыңдар!» деген ескерту  видеолары тарап жатыр. Осыған байланысты «темір тұлпар» тізгіндегендер қала орталығындағы көшелердің бірінде наразылықтарын білдіріп те үлгерді.

Тәртіп сақшыларының бұл шараның профилактикалық жұмыстардың бірі екенін түсіндіргеннен соң ғана көпшіліктің көңілі орнына түскендей болды. 

– Былтыр жүргізушілерге көліктерін заңдастырып, тіркелу керектігі ескертілді. Қарапайым жол жүрісі қағидаларыларының көлік құралын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерінде «Механикалық көлік құралдары мен тіркемелер «Транзит» тіркеу белгісінің қолданылу мерзімі ішінде не сатып алған немесе кедендік декларацияланған сәттен бастап 10 тәуліктен кешіктірмей ішкі істер органдарында тіркелуі тиіс» деп көрсетілген, – деген Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Жеңіс Дәулетов сақтандыру полисі жоқтарға жауапкершілік қарастырылғанына тоқталды.

Заң бұзушыға талап күшейді

Мемлекеттік тіркеуден өтпеген, яғни мемлекеттік тіркеу (нөмір) белгілері жоқ, пайдалануға тыйым салынған немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын басқарған автокөлік иесі заңға сәйкес, жауапкершілікке тартылады. Аталған кодекстің тиісті бабына сәйкес «көлік құралының мемлекеттік белгісі жоқ» деп танылып, хаттама толтырылады, көлік арнаулы тұраққа қойылады.

– Иесі 10 АЕК мөлшерінде айыппұлын төлеген соң көлігін алуына болады. Содан кейін тіркелуге міндетті. Бір жылдың ішінде мұндай құқықбұзушылық қайталанса, заң бұзушыны жүргізуші куәлігінен айыру көзделген, – деп түсіндірді полиция өкілі.

Тәртіп сақшысының айтуынша, автокөлікті заңды құжаттарды рәсімдемей басқаруға рұқсат жоқ. Демек, қазақстандық есепте жоқ техниканы шарбаққа қаңтарып қоюына тура келеді.

Аталған мәселе екі-үш жылдан бері Грузия, Армения, қырғыз елінен көлік алып келгендердің көңілін күпті етіп отыр. Оның иелері утилизациялық алымның жоғары екенін, халықтың әлеуметтік жағдайымен сәйкес келмейтінін айтып жүр. Белсенділер осы олқылықты билік назарына ұсынып-ақ келеді, ал әзірге Қазақстанның жолдарында заңсыз жүруге болмайтынын ескерген жөн. 

Қауіпсіздік кімге керек?

Өткен жылы Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанның бастамасымен жеке автокөлікті «SOS» батырмасымен міндетті жарақтандыруды қолданысқа енгізу мерзімін бір жылға ұзартты. Биыл мораторий мерзімі аяқталып, 1 ақпаннан бастап дабыл түймесі жоқ автокөліктерді елге әкелу шектелді. Ал мұндай құрылғы болмаса, көлік құрылымының қауіпсіздігін растайтын куәлік алу үшін оны сатып алуға тура келеді. «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Атырау филиалының лаборатория меңгерушісі Ермұрат Өтегенов автокөлік иелеріне арналған жаңа міндеттеме туралы түсіндірді.

– Әрине, автокөліктің техникалық жағдайы оны қауіпсіз пайдаланудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Осыған дейін жеке тұлғаның M (жеңіл көлік) және N (жүк көлігі) санатындағы автомобильді өзі пайдалану үшін ЕЭО аумағына «SOS» құрылғысыз кіргізуіне рұқсат берілді. Жыл басынан бері облыста 100-ден аса көлік техникалық сынақтан өтіп, КО ТР 018/2011 қаулысы бойынша сертификат алды. Нақтырақ айтсам, Еуроодаққа кірмейтін Грузия, Араб әмірліктері, Польша, АҚШ елдерінен жеткізілген көліктер сертификаттау мен кедендік тазарту үшін құжаттарын рәсімдеді. Мұндай құрылғысы жоқ көліктің иелері қаладағы автодүкендердің бірінен сатып алып, орнатып алды, – деді меңгеруші.

Е.Өтегеновтың айтуынша, 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентін (КО ТР 018/2011) қолдануға көшу Қазақстандағы автокөлік құралдарының қауіпсіздігі саласындағы халықаралық келісімдердің талаптарына жауап береді.

Жаман айтпай, жақсы жоқ

Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік кедендік рәсімдеуден өту және тіркеу есебіне қою (КО (КҚТК) мемлекеттік нөмірлерін және тіркеу туралы куәлікті алу) үшін рәсімделеді. ЕАЭО-ға әкелінетін әрбір автомобиль (жеке пайдалану үшін де, одан әрі іске асыру үшін де) оның қауіпсіздік мәртебесін бекітетін құжаттар кешенімен бірге жүруі тиіс. Техникалық регламент бойынша көлік рулі, қауіпсіздік белдігі, шиналары ақаусыз екенін тексеретін сынақтан өтеді. Сондай-ақ, көлік құралдары төртінші экологиялық сыныптан төмен немесе 2007 жылдан асқан болса, АТС төртінші экологиялық сыныпқа сәйкес келетінін және одан жоғары екенін растайтын тиісті құжат қажет.– Ал, талап етілетін «SOS» батырмасы шұғыл жағдайларда қажет болады. Оператор спутник жүйесінің көмегімен автокөліктің орналасқан жері туралы, сондай-ақ оның маркасы, моделі, бірегей нөмірі, отын түрі, класы туралы ақпарат алады. Мұның бәрі шұғыл қызмет өкілдерінің оқиға орнына жедел жетуі үшін керек, – деді Е.Өтегенов.Демек, бұл жүйе көлік жүргізушісінің қауіпсіздігі үшін қажет болып тұр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, төтенше жағдай орын алса, түймені басу арқылы «102», «112» жедел желісіне түскен қоңырау адам өмірін сақтап қалуына себепші болуы мүмкін.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз