Шетелдегі ұлық мереке

19 Жаңалықтар

Әз-Наурыз мерекесі түркітілдес мемлекеттерде ғана емес, әлем елдерінде де тойланады. Оған Ұлыстың Ұлы күнін сән-салтанатымен өткізетін түркітілдес халықтардың шетелде жүріп, төл мерекедегі жарқын көріністерін көпке паш етуі де себепші болып келе жатқандығы рас. Әсіресе шетелде жұмыс істейтін немесе оқуда жүрген жерлестеріміздің сондай жарқын үлгілерін айтуға болады. Олар атадан балаға мұра болып келе жатқан мейрамды әлемнің қай бұрышында жүрсе де ұмыт қалдырмай, атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Сондай жанның бірі, атыраулық – Жанар Кулимова (суретте сол жақта – М.Т.). Америка Құрама Штатындағы Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында тұратын кейіпкеріміз отбасымен бірге екінші жыл қатарынан ұлық мейрамды атап өтпекші. Оның айтуынша, мерекелік іс-шаралар басталмас бұрын ең алдымен АҚШ-тың, содан соң еліміздің гимні орындалады.

– Америкаға жолдасымның жұмыс бабымен көшіп келгенбіз. Төрт баламыз бар. Мен бұл жақта байер болып қызмет етемін. Бренд тауарларды өз бағасына көп қоспай жеткізіп берумен айналысамын. Мұнда California Qazaq community қазақ қауымдастығы бар. Қауымдастықтың ұйымдастыруымен жыл сайын «Ең үздік ұлттық киім» байқауы, «MS. Nauryz 2024», яғни, қыз сыны сайысы мен ұлттық ойындар өтіп тұрады. Қазақстаннан белгілі әншілер шақыртылып, жергілікті отандастарымыздың ән-биінен шашу шашылып, домбырашылар күй тартады. Іс-шара түрлі сайыстарға ұласып, ақ дастарханға ұлттық тағамдар қойылады. Бұл жолы қасиетті Рамазан айына сәйкес келгендіктен сәуір айының 14-і өткізіледі деп күтіліп отыр, – дейді Жанар Кулимова.

Ал, Канада елінің Торонто қаласындағы Онтарио провинциясында білім алып жүрген Айдана Мұхитқызы бұл мерекені бес жылдан бері достарымен бірге тойлап келеді. Алдымен Торонтодағы атыраулық жастар өз орталарында 14 наурыз күні көрісіп, емен-жарқын жүздеседі. Содан соң мерекелік іс-шаралардың легі жергілікті қауымдастықтың ұйытқы болуымен кең көлемде жалғасады.

Мұнда да мерекелік іс-шара Канада елінің, содан соң еліміздің гимнімен басталады екен.

– Музейдің ауласына киіз үй тігілді. Келушілер ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдарын тағып, өздерімен бірге түрлі тағам жасап әкеледі. Дастарханға бауырсақ, қазы-қарта, наурыз көже, құрт, жент сияқты тағамдар қойылады. Сондай-ақ, ішекті-шертпелі, үрмелі, ұрмалы ұлттық аспаптар ерекше көрік беріп тұрады. Басқа да отандастарымызбен танысып, тілдескен кезде барлығы дерлік қазақи атмосфераны аңсап тұратынын байқаймыз. Сондықтан осындай іс-шараларға қатысып, Отанына деген сағынышын, мауқын басады. Алғаш келген жылы мереке Ага-Хан музейін аралаумен басталған болатын. Кейін мұндағы еліміздің елшісімен танысып, кездесуге қатысқанымыз есімде. Наурыз мейрамына арналған концерттік шарада Канада елінің Премьер-министрі Джастин Трюдо барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жергілікті қазақтармен жүздесіп, ұлттық тағамдарымызға деген қызығушылығын білдірген болатын, – дейді Айдана Мұхитқызы.

Мұхиттың арғы жағында жүрген жерлестеріміз Наурыз мейрамымен барша отандастарын құттықтап, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледі. Олар «Атырау» газеті арқылы Отанына деген ыстық ықыласын жеткізе алғандарына ризашылығын білдіруді де ұмытпады.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз