Құрметті атыраулықтар!

ЕАС 207 Жаңалықтар

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

ЕАС 207

Ақ молаятын, күн ұзарып, көңіл марқаятын, күн мен түн теңелетін әз Наурыз – жаңару мен жасампаздық бастауы, ырыc пен береке арқауы.

Ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Наурыз мейрамы хақында шығыстың ойшылдары Махмұд Қашқари, Омар Хаям, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері көптеген еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. «Жылдың жерге түскен күні», «Самарқанның көк тасы  еріген күн» тәрізді бейнелі сөз оралымдары  Наурыз мерекесінің мән-маңызын аша түседі.

Егемендігімізбен бірге қайта жаңғырған Наурыз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік мереке ретінде күнтізбеге енді. Тәуелсіздік жылдарында еліміз әлеуметтік-экономикалық, рухани жаңғыру кезеңдерінде зор табыстарға қол жеткізді.

Әлемнің 120-дан астам мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнаттық. Атом қаруынан бас тартып, әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылдық. Орта Азияның көшбасшысына айналған еліміз Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы да әлемдік қауымдастық алдындағы зор мәртебемізді айшықтай түседі. Енді, міне, халық-аралық ЕХРО-2017 көрмесін өткізу арқылы еліміз әлемді болашақтың қауіпсіздігі жолында біріктіріп жатыр.

Ел экономикасының локомотиві атанған Атырау өлкесі тәуелсіздікпен бірге қарқынды жаңару кезеңдерін бастан өткерді. Мұның барлығы еліміздің наурыздан наурызға дейін биік белестерді бағындырып келгенін көрсетеді.

Наурыз – ізгі тiлектер арнасынан асып төгілер күн. Ынтымақ пен сенiмнің, кең пейілдің мерекесi. Айрықша тәлім-тәрбиеге, үлгі-өнегеге толы бұл мейрам күні әр отбасына амандық, береке-бірлік, ел тыныштығын тілеймін!

Ұлыс оң болсын, ағайын!

Құрметпен,

Атырау облысының әкімі

Нұрлан НОҒАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз