Рәмізге құрмет – қастерлі парыз

 Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік нышандардың талапқа сай қолданылуына жүргізілген мониторинг қорытындысы, рәміздерді насихаттау мәселелері қаралды.

  Ramiz2Жиын барысында Құрманғазы, Исатай аудандары әкімдерінің бұл бағыттағы жұмыстарының есебі тыңдалды. Жақсы істермен қатар, тексеру барысында кемшіліктер мен олқылықтар да анықталыпты. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роман Мақсотовтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдарда стандартқа сәйкес келмейтін нышандарды жою жөнінде комиссия құрылуы тиіс. Алайда, аталған аудандық әкімдіктерде мұндай комиссия мүлдем жоқ. Құрманғазы, Исатай ауданы әкімі аппаратының теңгеріміндегі мұндай жарамсыз деп танылған нышандар қоймада сақталып, жинаулы тұр. Ал, заңдылыққа сәйкес оларды қайта пайдалану мүмкіндігін болдырмау үшін бір жұмыс күні ішінде жойылуы тиіс екен. Сондай-ақ, Ганюшкин ауылдық округі әкімінің ғимаратында ту жыртылып қалғандықтан алынып тасталғаны, орнына жаңасы ілінбегені белгілі болды.

    Бұдан басқа аудандық әділет басқармасы ғимаратының маңдайшасындағы көк байрақ та шеті жыртылған күйінде ілулі тұр. Бір сорақылығы, бұдан екі жыл бұрын жүргізілген мониторинг барысында да аталған мекеменің тарапынан осындай салғырттық болған. Бұл жағдайды басқарма қызметкерлері «Ту бірнеше рет ауыстырылды, мұндай олқылық ғимарат үстінен жүргізілген электр желісі салдарынан қайталануда» деп түсіндіріпті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл айтылғандар мәселенің себебі еместігін ескертіп, мемлекеттік рәміздерге еш салғырттық танытуға болмайтынын қатаң тапсырды. – Әділет департаменті – бетке ұстар бірден бір мекеме, жоғары стандарттағы орган. Сондықтан, кемшілікті тез арада түзетіп, бұдан былай ешбір қателікке жол бермеуді тапсырамын. Сондай-ақ, заңдағы талаптарды сақтау – барлық мемлекеттік органдар үшін де маңызды. Комиссияның кезекті отырысын, есеп беруді күтіп отырмай, әрбір мекеме рәміздерге қатысты жұмыстарды жүйелі атқаруы қажет, – деді Нұрлан Асқарұлы. Жиын барысында қаралған мәселеге орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров та есеп берді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз