ҚОШ, СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ АРДАГЕРІ..

veteranov 750x428 1 Жаңалықтар

Бүгін 96 жасқа қараған шағында Ұлы Отан соғысы ардагері Закария Сұлтановтың дүниеден озғаны туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. 

Қан майданнан аман оралып, арамызда адамдықтың асқақ үлгісін көрсетіп жүрген соғыс ардагерлерінің соңғысы еді. Өткен ғасырдағы зұлмат-соғыстан жеңімпаз шыққан Закария Сұлтанов ағамыз біздер үшін ерліктің, қайсарлық пен отансүйгіштіктің үлгісі болып келді.

1943 жылы Гурьев облысынан әскери дайындықтан өтіп, майданға аттанған Закария ағамыз ерлікпен соғысып, туған елге тек 1946 жылы ғана оралды. Соғыстағы ерлігінің куәсі – ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені мен көптеген медалі.

Майданда алған жарақатына қарамастан бейбіт кезеңде еңбектен қол үзбей әскери комиссариатта, ішкі істер инспекциясында абыройлы қызмет етті. Өмірінің соңына дейін Тәуелсіз елінің гүлденіп, мәңгілік ел болуын тілеп отырушы еді.

Осыдан үш ай бұрын ақсақалды Жеңіс мерекесімен арнайы барып құттықтадым. Тың болатын. Ақ батасын беріп, елдің амандығын тілеп, өткен өмірі мен ғибратты әңгімелерін айтты. Ғасырға жуық өмір сүрсе де, рухы асқақ асыл азаматтың адами қасиетіне тәнті болдым. Соңғы Жеңіс мерекесі деп кім ойлаған…

Ешқашан өзім демей, өзгені ойлап, елін шынайы сүйген азаматтың арамыздан кеткені үлкен қайғы. Шүкір, артында ұрпақ қалды, немере сүйді, шөбере көрді. Соларға амандық тілеймін. Марқұмның туған-тумаларына қайғырып, көңіл айтамын.         

Қош болыңыз, майдангер батыр аға…
Иманыңыз жолдас болып, жаныңыз жұмақта мекендесін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз