200302102758168a3620420i

Қазақстан коронавирус тарап жатқан елдерден жұмыс күшін тартуды тоқтатады

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/2 наурыз, 2020 жыл. Премьер-Министр Асқар Мамин коронавирус инфекциясы жылдам тарап жатқан елдерге тұрақты авиарейстерді шектеп, бұл мемлекеттерден еңбек мигранттарын қабылдамауды тапсырды.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирус жылдам тарап жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сонымен қатар еліміздің фармацевтикалық кәсіпорындарында медициналық маскалар мен тағы қосымша құралдарды шығаруды ұлғайтуды қамтамасыз етсін», – деді Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы сонымен қатар өңір әкімдіктеріне мемлекеттік және жеке ұйымдарда, ЖОО-ларда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтары мен базарларда эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейтуді тапсырды.

«Әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелден жұмыс күшін тарту үшін коронавирустың анықталу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтарына рұқсат беруді тоқтата тұрсын. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын күшейту бойынша халықпен сапалы ақпараттық жұмыс жүргізсін», – деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан коронавирус қаупі жоғары бірінші санаттағы елдердің тізімін кеңейткенін мәлім етті.

« Осы жылдың 1 наурызынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің 4-ші сатысын енгізді. Бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай Халық Республикасы, соның ішінде Гонконг, Тайвань, Макао және Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия жатады», – деді министр.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған