Патриоттық батыл бастама нені көздейді?

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/7 сәуір, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлық шығарды. Жарлықтың негізгі мазмұны – аймақтардағы әкімдерге белгілі бір өңірдің қажеттілігі негізінде әскери даярлықтан өтуге міндетті тұлғаларды шақыруға мүмкіндік беру. Бұл әлемді шарпыған індет кезінде еліміздің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірден-бір оң шешім болғанын атап айтқан жөн.

– Бірқатар аймақтарда әскери жиындарға шақыру қажеттілігі мүлде болмауы да мүмкін. Әскери бөлімдеріміз орналасқан өңірлерде әскери қызметшілердің басым бөлігі түрлі іс-шараларға қазірдің өзінде жұмылдырылып үлгерді.Олардың бір бөлігі өзге аймақтарға жіберілді. Осылайша, Қарулы Күштерге артылған міндеттемелер толықтай орындалуда, – дейді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Президенттің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Жарлығына сәйкес, әскери есепте тұрған және денсаулығы жарамды деп танылған ел азаматтары арнайы жиындарға шақырылуға жатады. Жиын кезінде әскери міндеттілер Қарулы Күштердің әскери қызметшісі мәртебесін алады және оларға әлеуметтік тұрғыдан барлық жеңілдіктер қолданылады.

Сондай-ақ, әскери жиынға шақырылғандардың бұрынғы жұмыс орны сақталмақ. Оларға мемлекет есебінен орташа жалақы (айталық, әскери жиынға шақырылғанға дейін әскери қызметшінің жалақысы 200 мың теңге болса, ол жиындағы әр айда 200 мың теңге алады) , ал жұмыс жасамайтындарға ең төменгі еңбекақы мөлшері (42500 теңге) төленеді. Жарлыққа сәйкес, әскери жиындар 3 ай мерзімге созылуы мүмкін. Алайда, нақты мерзімді жергілікті атқарушы органдар (облыстардың, қалалардың әкімдері) қабылдайтын болады. Олар арнайы қаулы бойынша әскери жиын ұйымдастырады.

Сонымен қатар, қажеттілікке және белгіленген іс-шаралардың орындалуына қарай жиындарды тоқтата алады. Ал, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың мәлімдеуінше, жиынға шақыру кезінде еріктілерге бірқатар артықшылықтар да беріледі. Мәселен, азаматтар тұрғылықты жері бойынша жиындарға шақырылатын болса, онда күн сайын қызметтік ісшараларды орындау аяқталғаннан кейін олар өз үйлеріне орала алады.

Бір сүйінішті жайт – қазақстандық жастардың қашанда елін сүйген патриоттар қатарынан табылып келе жатқандығы. Ендеше, олар қазіргідей карантин жағдайында да қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайдың режимін сақтап тұруға мемлекетке жәрдемдеседі деген сенім мол. Сондықтан, да, өз күш-жігерін іске асыру және халқына көмек көрсету үшін Отан қорғаушылар қатарына қосылуға тілек білдірушілер қатары қазірдің өзінде көбейе түсуде.

Қазіргі таңда жастар тарапынан көрсетілген мұндай патриоттық және жанды бастамалардың өзіндік мәні де ерекше. Өйткені, олар ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер мен барлық басқа да медицина қызметкерлерінің халық денсаулығы үшін аянбай тер төгіп жатқандығын, күні-түні ауыл-аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің, шекараларды кірпік қақпай күзетіп тұрған әскери отандастарымыздың жанкешті еңбегін көзбен көріп отыр. Ал, бұған өзінің де аз да болса үлесін қосам деген ұланыңнан айналмассың ба, елім!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

«Атырау» газетінің Бас редакторы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған