Отаншылдыққа баулитын жоба

rtyuio Жаңалықтар

СЕГІЗ ЖЫЛ БОЙЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «МЫҢ БАЛА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖОБАСЫНДА АТЫРАУЛЫҚТАР ДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ. СОНЫҢ БІРІ – ИНДЕР АУДАНЫНДАҒЫ М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ VIII СЫНЫП ОҚУШЫСЫ ЕСЕНИЯ ЖИГУЛИНА.

Елордада жас өрендер «Өнерлі өрге жүзер», «Өнер алды – қызыл тіл», «Жарқыра, жас дарын!» байқаулары бойынша мемлекеттік тілде ән салып, жыр оқып, домбырамен күй тартқан.

 – Қазан айында өткен облыстық байқауда 20-ға жуық үміткер қатыстық. Мен бірінші рет қатысып тұрғандықтан қатты толқыдым. Сахнаға шығар алдындағы дайындық маған қорқынышты жеңуге көмектесті. Байқауда I орынға ие болып, республикалық деңгейдегі шараға дайындықты бастап кеттім. Әрине, білім нәрімен сусындатқан ұстазым Айнұр Төрекешованың еңбегі де ұшантеңіз, – деп, Есения тәлімгерінің үлесін де атап өтті.

«Өнер алды – қызыл тіл» байқауының жеңімпазы достары және ұстаздарының көмегімен қазақ тілін жетік үйреніпті. Ол тіл ұстартудағы шеберлігін түрлі сайыстарға қатысып, дамытып отырады. – Қараша айында өткен республикалық байқауда бағым жанды. Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлының «Өгіз бен бақа», «Анама хат» өлеңдерін нақышына келтіріп, тыңдарманға жеткізе білдім деген ойдамын. Елордаға тұңғыш рет барып, толымды табысқа жеткеніме ризамын, – деп ағынан жарылды жүлдегер жерлесіміз.

Ұлты орыс болса да, жаны қазақ Есенияның бұл табысы қазақ тілі мен туған жеріне деген ыстық ықыласынан болса керек.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз