ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІРДІҢ ӨНЕГЕСІ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің аудандарға сапары Махамбетте жалғасты. Аймақ басшысы Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаевтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатынасып, жасалған жұмыстармен қатар, алдағы атқаратын міндеттерге маңыз берді.

Жайық бойын жағалай қоныстанған аудан ауыл шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Аудан әкімі Ерлан Жаңабаевтың айтуынша, ауданның егіс алқабы облыстағы жалпы егістік жер көлемінің үштен бірін, ал тамшылатып суару әдісімен егілген егіс көлемі 79 пайызын құрайды.

Махамбеттіктер егін шаруашылығымен қатар, мал өсіруге де ден қойған. Соның көрінісіндей, былтыр ауданда өндірілген сүт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға, ет 1 пайызға, жұмыртқа 2 пайызға артыпты.

Егіннің бітік шығуы, малдың тоқ, шөбінің мол болуы келетін суға байланысты. Сондықтан, жергілікті жердегі тоғыз су жүйесінің толық қуатында жұмыс істегені өте маңызды. Осы мақсатта өткен жылы 84 млн. теңгеге Орал қаласында жасақталған екі жүзбелі насос стансасы Тереңөзек, Сорочинко каналдарына орнатылыпты. Биыл тағы да екі шлюздің құрылысы басталады екен.

Жайық өзенінің бұқар бетіндегі халық бұрын баратын жеріне жете алмай қиналатын. Өйткені, Атырау-Индер тас жолының бойымен жүру мүмкін емес еді. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жұмыстар бүгінде махамбеттіктердің жолын ашты. Теп-тегіс асфальтпен жүйткіген көліктер қазір қалаға қиналмастан келеді. Сонымен қатар, Ақжайық, Ортақшыл, Есбол, Алға ауылдарының кіреберіс қара жолдары асфальтталып, ауылішілік, жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілуде. Ерекше тоқталары, көп жылдардан бері аудан халқы асыға күткен Махамбет ауылының тұсынан Жайық өзеніарқылы өтетін көпір мен екі жағындағы 8 шақырым жол құрылысы жалғасуда.

 Махамбет ауданында ел назарын аударған индустриялықжобалар да аз емес.Олардың қатарында «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 500 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малына арналған сүт-тауарлы фермасы мен тәулігіне 16 текше метр биогумус пен гидропоника арқылы жылына 3600 тонна мал азығын дайындау кешені бар. Сонымен қатар, «Сарайшық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 600 бас асыл тұқымды ешкі фермасы, тәулігіне 2 тонна сүт өңдеу кешені, «Алмалы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 30 млн. дана жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы жобаларын айрықша айтуға болады. Осы жобаларда өткен жылы 111 жаңа жұмыс орны ашылып, 97 млн. теңгенің өнімі өндірілді.

Облыстың индустрияландыру картасына, сондай-ақ, Береке ауылындағы тәулігіне 30 текше метр газоблок кірпішін шығару цехы да еніп, толыққанды жұмыс жасауда. Осы жылы «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдеу және қышқыл сүт өнімдерінің өндірісі кешенінің қуатын кеңейту және «Мекен Chekin» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 2600 тонна құс етін өндіретін құс фермасын іске қосу жоспарлануда. Одан басқа екі жылыжай мен бөдене өсіру фермасы жобалары бастау алады.

Аудан әкімі жиында жеке тұлғаларға тұрғын үй салуға бөлінген жер телімдерін толық игеру үшін 134 шақырым газ, 105 шақырым электр желісін жүргізу қажеттігіне тоқталды. Жергілікті жердегі тағы бір проблема, тұрғын үйлердің құрылысына қатысты. «Инфрақұрылымның жоқтығынан жер телімін беру тоқтатылып отыр. Алайда, бұл –уақытша нәрсе», – деді Ерлан Жаңабаев.

Аудан әкімінің есебінен соң ауыл тұрғындары өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Соның бірі – Сарайшық селосының тұрғыны, зейнеткер Бақтыгерей Тасымовты ауыл ішіндегі кірме жолдардың жөнделуі толғандырады екен. 

Таңдайлық Мұрат Есжановты Махамбет ауданының өміріндегі бұрын-соңды болмаған жаңалықтар ерекше тебірентті. Қазір жергілікті жерде үлкен көпір салынуда, жолдар асфальтталып, елді мекендерге жазғы және ауыз   су желілері келуде. Ауданда, сонымен қатар, 280 орындық жаңа балабақша бой көтеріп, ел игілігіне пайдаланыла бастады, 14 жас маманға тұрғын үй берілді. «Мұның бәрі алдымен Елбасының, содан соң облыс әкімінің бастамасы, олардың қолдауымен жүзеге асып жатқан жұмыстар» – деді ол.

Көп балалы ана Клара Айбасованың да пікірі осылайша өрбіді. Ал, Есбол селолық округінің тұрғыны, Есбол орта мектебінің директоры Маржан Бисенованы балаларға қосымша сабақ беру мәселесі  алаңдатып  жүр екен. Сонымен қатар, ол саз мектебінің ескілігін, мүмкіндігі болса, қайта салудың немесе ғимаратты кеңейтудің жолдарын қарауды өтінді. «Жас өрендерді дизайнер, фермер секілді мамандыққа баулуда шығармашылық орталықтар өте қажет» – деді оқу орнының басшысы.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тұрғындардың айтқан барлық ұсыныс-пікір, өтініштері ескерусіз қалмайтындығын, мәселелердің ерекше назарда болатындығын айтып, биылғы жылы атқарылуға тиіс жұмыстарға тапсырма берді.

Ауданның актив жиналысынан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды жеке қабылдады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Аймақ басшысының тапсырмалары: 

– Жеңілдетілген несиемен мал сатып алу мақсатында шаруаларды қолдап, жұмысты жандандыру қажет.

– Егістік алқаптарын ұлғайту, өнім өсіруде озық технологияларды пайдалану шараларын алу, сонымен қатар, ара балын өндіру мүмкіндіктерін пайдалану.

– Ауыл шаруашылығы үшін жерасты су көздерін пайдалану мүмкіндіктерін жүзеге асыру.

– Ауданда үш жоғары білімді дәрігер жетіспейді, қажетті дәрігер мамандарды ауданға тарту жұмыстарын жалғастыру керек.

– Білім сапасын арттыру.

– Ауданда бірде-бір жекеменшік балабақша жоқ. Осы мақсатта кәсіпкерлерді жұмылдыру қажет.

– Пайдаланылмай отырған жерлерді түгендеу, оларды мемлекет есебіне қайтару жұмыстары жалғасуы керек.

– Жайылма суару жер алқабы толық көлемінде игерілмей отыр. Осы бағытта жұмыс жүргізу.

– Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда белсенділік таныту.

– Энергияны үнемдеу.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізу.

          

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз