ӨНЕРГЕ ДЕГЕН ШЫНАЙЫ ҚҰРМЕТ

Мәдениет – адамның рухани жан-дүниесін байытатын ерекше сала. Ал, мәдениет қызметкерлері – өзгеше жаратылған талантты тұлғалар. Мәселен, домбыраны үйренуге қаншама уақыт еңбек кетеді десеңізші! Домбыраның егіз шегінен күй күмбірлетіп, әуен төгілдіру дарабоз дарынның ғана қолынан келері анық. – Мәде-ниет және өнер қызметкерлері күніне орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен мерекелік шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осындай теңеулер келтірді. Шындығында да, бұл сала қызметкерлері халықтық бай мұра мен классикалық мәдениетті көрермен жұртшылыққа жеткізіп келеді. Өздерінің төл мерекесінде қандай ұлығылауға да лайық жандар.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін әнші, Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияның бас режиссері Ақмарал Машимова, «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Ержан Қитаров, Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрының актері Елтай Шаманов өңіріне тақты.

Облыс әкімінің Алғыс хатымен Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Хамиль Сүйекбаев, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Мұхамбетқали Кипиев, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің дирижері Рахила Құлсариева, «Інжу-Маржан» би ансамблінің жетекшісі Гүлмира Тұрақбаева, облыстық филармония солисі Медет Қарамырза марапатталды.

Еңбекте үздік танылған мәдениет қызметкерлері облыстық мәслихаттың, облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының марапатына ие болып, ескерткіш сыйлықтарын алды.

Салтанатты шарада Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрында аншлагпен өткен облысымыз аудандары Мәдениет күн-дерінің қорытындысы мәлім болды. Бұл фестиваль өнерпаздар арасында үлкен шығармашылық өрлеу туғызды. Атырау қаласы мен жеті ауданның өнер ұжымдары өз өнерлерін әртүрлі жанрда ортаға салып, үлкен белсенділік көрсеткен еді.

Конкурс ауыл мәдениетін көтеруге, дарындылардың даралануына мүмкіндік беретінін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан атап айтты. Әртістер халықты өнерімен баурап, жұршылық жадында қалу мақсатында шығармашылық биіктен көрінуге тырысты. Сондықтан, Мәдениет күндері шын мәніндегі өнер додасына айналды.

Қазылар алқасының ұйғаруымен Мәдениет күндерінде үшінші орынды Махамбет, Мақат және Жылыой аудандары алды. Екінші орынға индерліктер мен құрманғазылықтар ие болды. Ал, бірінші орын Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданына берілді. Фестивальдің Гран-При жүлдесін Исатай ауданы қанжығасына байлады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз