«Он бір мың бала кезекте тұр»

Он бір мың бала кезекте тұр Жаңалықтар

Биылғы оқу жылы білім берудің жаңа форматымен жұмысын бастады, алайда кадр мәселесі сол күйінде қалып отыр. Облыс бойынша 267 мұғалім жеткіліксіз болса, оның жартысынан көбі – орыс сыныптарына сабақ беретіндер. Атырау қалалық мәслихатының кезекті сессиясында білім беру саласын дамыту басты мәселе болып талқыланды.

%d0%be%d0%bd-%d0%b1%d1%96%d1%80-%d0%bc%d1%8b%d2%a3-%d0%b1%d0%b0%d0%bb%d0%b0-%d0%ba%d0%b5%d0%b7%d0%b5%d0%ba%d1%82%d0%b5-%d1%82%d2%b1%d1%80

Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаев балабақша кезегінде тұрған 11 мыңдай бала барын мәлімдеді. Кезектегі балалар санының көптігіне балабақша тапшылығы себеп болып отыр. Мектепке дейінгі 39 мемлекеттік мекеме болса, оның 28-і жекеменшік. Сала басшысы бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – жекеменшік балабақшалардың санын көбейту екендігін айтты. «Оқу орындары орыс тілінен сабақ беретін мамандарды дайындамайды. Соған қарағанда, алдағы уақыттары бұл мәселенің шешім табатынына күмәндіміз. Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжге ұсыныс бердік. Бірақ, жүз пайыз сапалы маман шығады деп ойламаймын. Себебі, қабылданған студенттердің көпшілігі тестілеуден төменгі ұпай жинағандар» деді ол.

Сессия отырысына дейін арнайы коммиссия құрылып, білім беру мекемелеріндегі жұмыс барысын да тексеріп көрген. Айтуларынша, жағдай қуанарлықтай емес. Аталған комиссия төрайымының орынбасары Салтанат Рахимова осы саладағы бағдарламаларды іске асыру барысындағы бірқатар кемшіліктерді баяндады.

Мысалы, балабақшаға кезекпен орын бөлетін бес адамнан тұратын комиссия құрамында да шалалық бар. Себебі, бес адамның біреуі «Нұр Отан» партиясының өкілі болуы шарт екен. Алайда, бұл заңдылық сақталмай, қалалық мәслихат депутаттары комиссия отырыстарына мүлдем шақырылмаған.

Бұдан басқа да проблемалар бар. Мәселен, Ракуша елді мекеніндегі М.Өтемісов атындағы мектеп ғимараты ешқандай талапқа сай келмейді, оқу үйі 280 орынға арналғанымен, онда 544 бала оқиды. Ал, даярлық сыныбы спорт залында оқып жүр. Баяндамашының айтуынша, азаматтардың бала асырап алуына немесе мұғалім тарапынан болған дөрекілік, ата-аналардан ақша жинау фактілері туралы арыздар бойынша қалалық білім бөлімінде талдау мүлде жүргізілмей келген.

Уақытша комиссия төрайымы Бағыт Шеркешбаева мектепке дейінгі білім беру орындарына қатысты айтылған барлық мәселені шешу үшін балабақшаның санын демографиялық көрсеткішпен сәйкестендіру қажеттігін айтты. «Ол үшін жүйелі, жоспарлы жұмыс жүргізу қажет» дейді ол.

Сессияға қатысқан қала әкімі Серік Шапкенов жиында маңызды мәселелердің қаралғандығын атап өтті. «Ата-ана ретінде баламыздың тәрбиесі мен білім алу деңгейі алаңдатады. Сондықтан, білім беру саласын дамытуға байланысты орынды мәселе айтылды. Бұл салаға қатысты мәселені төрт бағытқа бөліп қарауға болады. Оның біріншісі, балабақшаға қатысты. Бұл бағытта жүйелі жұмыс бастап, балабақша қай жерде сұранысқа ие, сол анықталуы тиіс. Екінші мәселе, жалпы орта білім беруге байланысты. Бұл орайда, үш ауысымды мектептерге тоқталамыз. Ал, үшіншісі – кадр мәселесі. Кадр болмаса, балаға қандай тәрбие береміз? Төртінші бағыт инфрақұрылымға қатысты. Пайдалануға берілгеніне бір-екі жыл болған жаңа мектептердің сапасының өзі де сын көтермейді. Сондықтан, ендігі жүргізілетін құрылыс нысандарын депутаттар бақылауға алуы керек» деді ол.

Және де ол облыс орталығын жолмен толықтай қамтуға 80 млрд. теңге қаражат қажеттігін де айтты. Бұл бағыт үшін облыс әкімі биыл 14 млрд. теңге бөлген. Ал, біздің өңірден басқа аймақта жол салу үшін мұншалықты қаржы қарастырылмаған.

 

Салтанат РАХИМОВА,

Уақытша комиссия төрайымының орынбасары:

Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес, 2-3 жасқа дейінгі топтарда бала саны 20-дан, 3-4 жасқа дейінгі және ересек тобында бала саны 25-тен аспауы тиіс. Әйтсе де, талаптар сақталмай, бала саны 40, 50, 60-қа дейін жеткен.

Бүлдіршіндердің үйге жіберілуі 18:45 пен 19:00 аралығында жүзеге асырылуы тиіс болса да, бұл талап сақтала бермейді. Мәселен, «Нұрсая» балабақшасы 18:00-ден, Тасқала ауылындағы балабақша 17:30-дан кешіктірмей алуды талап етеді екен. Бұл жағдай санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзумен қоса, ата-аналардың жұмыс регламентіне қайшы келіп, тұрғындар тарапынан наразылық тудыруда.

 

Мәлике МӘЛІК.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз