Өңірдегі өзекті мәселелер қаралды

images Жаңалықтар

Қым-қуыт мына тірлікте қайғылы оқиғаның қайдан келеді дерің жоқ. Қазан қаласында орын алған қаралы жағдай біраз адамның жүрегін ұшырып, жанын жаралады. Әсіресе, педагогтар мен ата-аналар оқушы балалар үшін үрейленді. Жаратушы мұндай келеңсіздіктің бетін әрмен етсін, әрине. Бірақ, «жаман айтпай, жақсы жоқ», мұндайда қандай алдын алу шараларын жасамақ керек?

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Қазір Атырау қаласындағы апатты жағдайдағы және күрделі жөндеуден өтіп жатқан орта мектептер мен балабақшаны қоспағанда, 60 мектеп пен 46 балабақшада және қосымша 6 білім беру ұйымында бейнебақылау жүйесі орнатылған. Оларды күтуге, жөндеуге, ауыстыруға жылма-жыл қажетті қаражат бөлініп тұрады. Айталық, өткен жылы – 52 млн. теңге, биыл 14 млн. 195 мың теңге қаражат бөлінген. Бұл бейнебақылау камераларының ішкі бақылау мониторлары балабақша мен мектеп басшыларының бөлмесінде болса, сыртқы камералар күзетшілер бақылауында болады.

Осы және оқушылардың жазғы демалыс лагерьлері туралы Атырау қаласы білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева кеңінен баяндады. Оның айтуынша, мектеп жанындағы лагерьлерге – 51 млн. 480 мың теңге, сыртқы лагерь жолдамаларына 21 млн. 120 мың теңге қаржы бөлінген. Қала бойынша 16 251 бала түрлі бағыттағы лагерьмен қамтылады. Бұған қоса ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 104 бала қала сыртындағы «Тұлпар» лагерінде демалады. Аз қамтылған және көп балалы отбасының 150 баласы Алматыдағы «Тау жанашыры», Оралдағы «Евразия» және Ақтөбе, Шымкент қалаларының демалыс лагерьлеріне баратын болады. Осы демалыс үшін оларға 16 млн. 800 мың теңге бөлінген.

Үйі бардың – күйі бар

Атырау қалалық құрылыс бөлімі қала аумағында бюджеттен қаржыландырылатын құрылыс нысандарына жетекшілік етеді. Олар – көп қабатты тұрғын үйлер, білім беру нысандарының құрылысы, елді мекендердегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы, тағы сол сияқтылар. Депутаттар алдында аталған бөлім басшысы Батыржан Мусақаев осы тақылеттес мәселеге егжей-тегжейлі тоқталып, қаладағы тұрғын үй құрылысы, жаңа жобалар, инженерлік-инфрақұрылым, білім беру, спорт, өзге де нысандар туралы мағлұмат берді.

Мәселен, тұрғын үй кезегіндегі баспанаға мұқтаж жандарды үймен қамтамасыз ету үшін «Береке» шағын ауданында құрылысы жүргізіліп жатқан 47 538 шаршы метр 648 пәтерді құрайтын 9 тұрғын үйді мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында сатып алу жоспарлануда. Мұның 3-еуі мамыр айында сатып алынса, қалған 6-уы жыл аяғына дейін сатып алынбақшы. Ал, Н.Шманов көшесіндегі 61 пәтерлік 4 қабатты тұрғын үй сатып алынып, көп балалы отбасыларына берілді.

***

Мәслихаттың кезекті ХІ сессиясына төрағалық еткен депутат Алма Байнекеева, Атырау қаласы мәслихатының хатшысы Қаршыға Жаумбаев сессия көтерген қай мәселенің де өзекті екенін баса айтты. Депутаттар да үлкен белсенділік көрсетіп, қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де кемек ұйымдастыру, Атырау қаласында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту, Атырау өңірі бойынша табиғи шабындықтар мен жайылым жерлерді игеру жайында сөз болғанда өз сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Сонымен бірге сессия барысында Атырау қаласы бойынша аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау, үстіміздегі жылдың ІІІ тоқсанына арналған мәслихат сессиясының жұмыс жоспарын бекіту, мәслихаттың шешімдеріне ішінара өзгертулер енгізу туралы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз