Облыстық ТЖД бұрынғы полиция департаментінің ғимаратына көшіріледі

ch 4777 Жаңалықтар

Бұл туралы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Құтқарушылар күніне орай өткен мерекелік іс-шарада Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәлім етті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара сала қызметкерлері үшін жағымды жаңалықпен басталды. Аймақ басшысының орынбасары облыстық ТЖД басқа ғимаратқа көшетінін хабарлады.

– Азаматтық қорғау қызметкерлерін бүгінгі төл мерекесімен облыс әкімінің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Төгілген тер, еткен еңбектеріңіз еселене берсін! Атырау облысының әкімдігі жергілікті ТЖД-мен қоян-қолтық қызмет атқаруда. Нәтижесінде биыл лизинг бойынша 30 техника, облыстық бюджеттен 5 техника сатып алынды. Облыс көлемі бойынша 4 модульді өрт сөндіру бөлімдерінің құрылысы жүріп жатыр. Қаламызда орналасқан ТЖД ғимараты ескі екенін білеміз. Осыны ескеріп, Азаттық көшесінде орналасқан бұрынғы полиция департаментінің ғимаратына облыстық ТЖД көшіру шешімі шығарылды,- деді Қ.Нұртаев.

Сала қызметкерлерін облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жанабаев та құттықтады. Бар мақсаты азаматтарды құтқару болатын қызметкерлерге, әр тапсырмадан соң отбасыларына аман-есен оралуларын тіледі.

Айта кетейік, салтанатты шарада адал қызметтері үшін бірқатар құтқарушыларға «Құтқарушы» төс белгісі мен ТЖ министрлігінің, Атырау облысы әкімінің, ТЖД-нің алғыс хаттары табыс етілді. Олардың ішінде, биыл орын алған «Ақжайық» резервуатындағы қамыс өртінде антына берік болған қызметкерлер де бар.

Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз