Нан бағасы неге қымбаттады?

  Осы уақытқа дейін 60 теңгеден сатылып келген нанның құны кешелі бері 10 теңгеге қымбат саудаланып жатыр. Тұрғындар бағаның бұлайша шарықтағанын түсіне алмай отыр.

– Өзім тұратын «Нұрсая» мөлтекауданындағы дүкеннен нан алуға барып, бағаның осынша өскеніне таңмын. Бұл әсіресе, көп балалы отбасыларға қиын тиеді. Олар қалай күн көреді? Бидай елімізден шығады. Қаншама тонна астық шетелге экспортталады. Сөйте тұра ас атасының қымбаттауы түсініксіз жәйт, – дейді Салтанат Теміржанова.

  Наубайханашылардың да өз уәждері бар. Айтуларынша, ұнның бағасы өскендіктен, нанның да құнын көтеруге мәжбүр болыпты. Бұған дейін 50 келілік бір мөшек ұн 4400 теңгеге сатылып келсе, бүгінгі таңда 4850 теңгеге көтеріліпті.

– Облыс орталығындағы әмбебапмаркеттерге нанды 54 теңгеден өткізіп отырмыз. Ал, дүкендерге 50 теңгеден сатқанбыз. 11 шілдеден бері 60 теңгеден беріп жатырмыз, – дейді «Байлық» ЖШС иесі Роза Мәметеева. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Ибраев ас атасы – нанның қымбаттап, нарықтық бағамен босатылып жатырғанын ұн бағасының қымбаттауымен түсіндіреді.

– Өздеріңізге белгілі бізде ұн шығаратын комбинаттар жоқ. Сол себепті, өңірдегі наубайханалар өзге өңірлерден, әсіресе, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан алады. Мұндағы комбинаттың жұмысына байланысты ұнның құны жоғары сатылыпты. Соның салдарынан нарықтағы ұн бағасы да көтерілген. Өз кезегімізде наубайхана басшыларымен келісімге келдік. Нанның бағасы қайта есептеліп, тиісінше, дүкенге жету бағасы 60 теңге болып бекітілді. Ал, дүкеннің үстемеақысымен есептегенде, қалыпты нан бағасы 65 теңгені құрайды, – дейді ол.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз