Нұрлан Ноғаев: «Құрылыс нысандарын күнделікті бақылап отыру керек»

WhatsApp Image 2018 07 27 at 14.08.56 1 Жаңалықтар

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Исатай ауданына жұмыс сапары барысында бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын құрылыс нысандарын техникалық қадағалауға қатысты ескертулер айтты.

WhatsApp Image 2018-07-27 at 14.08.56 (1)

Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Исатай ауданы Зинеден ауылындағы Каспий теңізі жағалауында салынатын 500 орындық оқу-сауықтыру лагерінің құрылысымен танысқан. Лагерь құрылысы, аталған орынға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне жаңа демалыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, ШОБ субъектілерін көбейтуге, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазір сауықтыру лагерінің жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп жатыр.

Аймақ басшысы Зинеден ауылындағы 100 орындық балабақша, Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үй және Құрманғазы ауданы орталығындағы 75 орындық аурухана құрылыстарын аралап шықты. Күнделікті техникалық қадағалаудың жоқтығы аймақ басшысының наразылығын тудырды.

WhatsApp Image 2018-07-27 at 14.08.56 (3)

Белгілі болғандай, құрылыс сапасына бақылау жүргізуге жауапты мамандар кейбір жұмыс түрлерін нысан басына бармай, қашықтан қабылдап келген.

«Бұл – жауапты тұлғалардың қателігі, техникалық қадағалау күн сайын болуы керек. Техникалық қадағалау мамандарының қорытындысы бойынша тапсырыс берушілер нысанды баланстарына қабылдайды, ал күнделікті қадағалаудың болмауының салдарынан құрылыс процесінде кемшіліктер болуы мүмкін. Кейін соларды жою қажеттілігі туындап, қосымша бюджет қаражаты жұмсалады. Техникалық қадағалау мамандары нысанда күн сайын болып, барлық жасалған жұмыс сапасын бақылаулары керек. Біз біздің талабымыз және оның орындалуын бақылауда ұстаймыз», – деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрлан Ноғаев құрылыс нысандарына ауыл-аймақтағы жұмыссыз тұрғындарды тарту жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін айтты.

«Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері өз ауылдарындағы жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыруға күш салғандары дұрыс. Ол үшін қажет жағдайдың бәрі бізде бар, соларды тиімді пайдалануға тиіспіз», – деді Н.Ноғаев.

Облыс әкімі Исатай ауданындағы ауылішілік жолдар құрылысын да тексерді.

Айта кетейік, 2018 жылы Атырау облысында 280 шақырым жол құрылысы жоспарланған, оның 220-сы – облыс орталығында, қалғаны – аудандарда.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз