МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ СЫЙ

Конституция күні мерекесі қарсаңында прокурорлар бағалы сыйлыққа ие болды. Облыс әкімшілігі заңдылықтың сақталуын қадағалаушы органға 10 «Нива-Шевролет» автокөлігін сыйлады. Сейсенбі күні осыған орай ұйымдастырылған салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ отандық су жаңа «темір тұлпарлардың» кілтін аудан, қала және мамандандырылған табиғат қорғау прокурорларына табыс етті.

Мұндай сыйдың мереке қарсаңында ұсынылуы бекер емес. Өйткені, прокуратураның негізгі міндеті Ата Заңда нақты айқындалған. Ол – заңдылықтың бұзылмауын қадағалап, жедел ықпал ететін орган. Адамдардың конституциялық құқығы мен бостандығының сақталуын қамтамасыз ету де оның міндетіне жатады. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының сөзі осы бағытта өрбіді.
– Адамның өмірі мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құқық қорғау саласының, оның ішінде прокуратура қызметкерлерінің рөлі ерекше, – деді Ғұмар Ислямұлы. – Шаруасы тірелгендер «ақиқат – арым, әділет – заңым» деп, прокуратураға жүгінеді. Сондықтан, халықтың қалауын заң аясында реттеп отыру – жауапты жұмыс.
Қазіргі кезде облыс басшылығы құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық жағдайын нығайту үшін жан-жақты қамқорлық жасауда. Биылдың өзінде облыс бюджетінен бөлінген қаржыға 160 отандық автокөлік алынды. Оның 55-і облыстық Ішкі істер департаментіне берілген болатын. Осылайша өткен жылдан бері бұл мекеме 143 автокөлікпен толықты. Ал, бүгінде Атырау облыстық прокуратурасына отандық 10 «Нива-Шевролет» автокөлігі табыс етіліп отыр. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Ғ.Дүйсембаевтың баяндауынша, прокурорлар бірінші жартыжылдықта 12 мың заң бұзушылық дерегін анықтапты, 21 мың азаматтың конституциялық құқығын қорғаған. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам тұлға жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 234 млн. теңге өндіріліп отыр. Сыбайлас және жемқорлыққа қарсы күресте, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда заңдылықтың сақталуын қадағалаушы органның елеулі үлесін ешкім жоққа шығармайды. Мұның бәрі прокуратураның қиналғанға сүйеу, жығылғанға тіреу, мемлекеттің де арқасүйеріне айналғандығының айқын көрінісі болса керек.
Жол талғамайтын жаңа көліктің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасарының қолынан алдымен Атырау қаласы прокурорының міндетін атқарушы Руслан Абиров алды. Мұнан соң аудан прокурорлары кезегімен осынау осындай құрметке ие болды. Өз кезегінде облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев жергілікті биліктің қамқорлығына ризашылығын білдірді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз