«Мен квартирантпын» немесе пәтер жалдаушының бір күні

бүгінгі күннің тақырыбына 1 Жаңалықтар

– Сәлеметсіз бе! Хабарландыру бойынша соғып тұр едім, пәтер жалдауға…

– Айта беріңіз. Отбасы ма?

– Иә, жас отбасы. Нақты мекен-жайы, нешінші қабат?

– Заттарың көп пе? Неше балаң бар? Жастары нешеде? Бақшаға бара ма? «Местныйсыңдар» ма?  

Тұтқаның арғы жағынан сұрақ жауып қоя берді. Пәтер иесі құдды бізбен бірге тұратындай. Барлық сұрағына жауап алып болған соң, «Маған негізі екі-үш баласы бар отбасы керек емес. Бір ғана баласы бар немесе мүлдем баласы жоқ квартиранттар керек…»

 «Балаңыз  бар  ма, аулақ  жүріңіз!»

Пәтер жалдау – баспанасы жоқ жанның бірден-бір тығырықтан шығар жолы. Әңгіме жұмыс бабымен мекеме есебінен қызметтік пәтер немесе уақытша жайлы пәтер іздегендер жайлы емес.  Айтпағымыз – тұрақты баспанасы болмағасын, амалдың жоқтығынан біреудің пәтерін жалдайтын отбасылы жандардың жайы.

Жарнамалық газеттер де, интернет беттері де жалдамалы пәтерге толы. Қалтаңның  көтеруіне қарай таңдап алуға толық мүмкіндік бар. Бұқараның бас ауыртар мәселесінің біріне айналған тақырыптың байыбына бару үшін жарнама жағаладық.

бүгінгі күннің тақырыбына

Жоғарыдағыдай диалогпен басталған, сәтсіз сұхбаттар сериясынан соң бай-қағанымыз, пәтер иелері балалы отбасыны құп көрмейді. Әсіресе, бала саны көбейген сайын пәтер табу қиындығы да еселене түседі. Себебін де сұрадық. Әлия есімді пәтер иесі: «Әрине, үй жалдайтындардың басым бөлігі – жас отбасылар. Балалары орта жасқа келген жандардың арасында «квартиранттар» сирек кездеседі. Ал, кішкентай балалар ше? Олар жарды сызып, тұсқағаздарды жыртады. Көршілермен де айқай-шу, жылаған дауыстары үшін көп реніш туындайды. Оның үстіне, жас сәбимен демалыста отырған ана болса, үйде 24 сағат бойы қамалып отырады. Ал, бұл дегеніңіз – үнемі жарық жағылып, қыста жылытатын пеш, жазда салқындатқыш қосылып тұрады деген сөз. Бұл мен секілді «комуслуганы» пәтерақының ішінде деп келісетіндер үшін аса тиімсіз» деп тәптіштеп түсіндіріп берді.

Бірінші  кезекте – басы  бостар

Келесі кезекте өзге образды таңдап, жасы отыздан асқан, басы бос адамның кейпіне енуге бел будым. Қай нөмірге қоңырау шалсам да, еш қиындықсыз әңгімеміз жарасып-ақ кетті. Ыңғайлы деген үш мекен-жайды таңдап, келісілген уақытта пәтер таңдауға келдім.

– Әрине, алдап кететін студенттердей емес, қылтың-сылтыңы жоқ сендей адам тапсам деп жүр едім, – деген пәтер иесі Нона әжей биылдан бастап  жалдауға беріп жүрген пәтерін ғана емес, мені де мақтап жүр. – Шамасы, мұнай компаниясында жасайтын шығарсың немесе аудармашы? Бірақ, маған оның қатысы жоқ қой. Қашан көшіп келмексің?»

Пәтер маған аса ұнап тұрмаса да, иесіне мен ұнаған секілдімін. «Студенттер сияқты алдамайтын дегеніңіз қалай?» дейміз әжейді әңгімеге тартуға тырысып. «Иә, таяуда сондай келеңсіздік орын алды. Ауылдан шыққан жап-жас қыздар. Олай жасайды деп ойламаппын да. Бір күн бұрын ақша алуға келгенімде, «ата-анамыз ертең беріп жібереді ақшаны, түскі мезгілде келе аласыз ба?» дегенге сеніп жүрсем, көрші кемпірге кілтті тастап, қашып кетіпті».

«Отбасылы адамдарға жалдауға қалай қарайсыз?» деп едім, «Жо-жоқ, атама. Мен балаларды аса ұнатпаймын» деп қысқа қайырды. Мен де жауабымды кешке айтамын деп, қош айтысып, шығып кеттім.

Олар  мені «әже» дейді

Байқағанымыздай, көп қабатты пәтерлер мен жеке үйлердің ауласына салынған ел арасында «времянка» аталып кеткен шағын үйлердің жалдау құнының айырмашылығы жер мен көктей. Еркінқала, Ақсай, Жұмыскер, Береке, Өркен секілді қала маңындағы мөлтекаудандардағы үйлердің жалдау құнына автобус аялдамасына жақындығы, жолдың салынғандығы, тіпті көшедегі жарық та айтарлықтай әсер етеді екен.

Бір қызығы, бұл жерде отбасың, балаң туралы сұрақ мүлдем қойылмайды. «Баласыз үй бола ма? Қызық екен. Бізге уақытылы ақшасын төлеп тұрсаң болғаны, неше адам тұрсаңдар да өздерің біліңдер». Екі бөлмелі шағын үйдің ішін таныстырған Сәуле апа осылай деді. «Тек бір талабым, машинаға қатысты». «Ол қалай?». «Күйеуіңде де, сенде де көлік болса, аулаға тек біреуін кіргізіп қоясыңдар. Кейін түсініспеушілік туындамас үшін  алдын ала ескертіп қойып жатқаным. Әйтпесе, кеше көшіп кеткендерге осы талап ұнамай, үйді босатуға мәжбүр болды» дейді ол.

Алтын Қожағұлова – ауласындағы бір типте салынған шағын үйлерді жалдау арқылы ақша тауып отырған табысты жан. Сыртынан қарағанда бір үй секілді көрінген ұзын шатыр астында алты отбасы мекен етеді. «Аты-жөнімді жарияламай-ақ қойсаңыз» деген өтінішіне орай есімі өзгертілген кейіпкеріміздің бұл салаға келгеніне біраз болған.

«Мен тек отбасылы адамдарды ғана аламын. Студенттерге келіспеймін. Себебі, балалы адамдар беймезгіл уақытта қақпаны сытырлатып кіріп жатпайды, артық жүрістері де жоқ. Кейбір жағдайда, қолым тиіп жатса, балаларын бағуға қарайласам. Тіпті, кейбір кішкентай бөбектер мені «әже» дейді. Жалпы, осы жастарға қарап, жаным ашиды. Тапқандарын балаларының аузынан жырып, менің қолыма ұстатады. Пәтерақым онша қымбат болмаса да, бір өзі отбасын асырап отырғандар үшін салмақ болатыны сөзсіз. «Мемлекеттік бағдарлама туралы сұрастырыңдар, сол бойынша ілініп кетсеңдер қайтеді?» деп айтып қоямын. Алайда, тұрақты жұмысы, жоғары жалақысы жоқ адамдардың бәрінің бірдей ондай пәтерлерге қолы жете бермейтінін көріп отырмын».

Әңгімемізді «әже» деген үш-төрт жас арасындағы кішкентай қыз бөліп жіберді. Бізбен тез-тез қош айтысып, Алтын апай төртінші есікке кіріп бара жатты.

Пәтер жалдаудың жырымен жүріп, қас қарайғанын да байқамай қалыппын. Қала ішіне қатынайтын «Газельдің» артқы орнына жайғастым. «Баласы бар адамдарға пәтерімді бере алмаймын». «Балаларды мүлдем ұнатпаймын». Ойыма осы сөздер орала берді. Бұл – пәтерін жалдайтын жандардың аузымен айтылып отырған бүгінгі қоғамның бейнесі. Ащы шындық.

Шіркін-ай, әр бала өз баспанасында өсетін күн болар ма екен?!..

Атырау қаласындағы пәтер жалдау құны

(мың теңге):

1 бөлмелі

Нұрсая ы/а – 50-60

Алмагүл ы/а  – 80

Вокзал маңы ы/а  – 50-85

Балықшы ы/а  – 40

Авангард ы/а  – 80

 

2 бөлмелі

Нұрсая ы/а  – 50-90

Алмагүл ы/а – 80-90

Вокзал маңы ы/а  – 60

Балықшы ы/а –  50-75

Авангард ы/а  – 60-70

 

3 бөлмелі

Нұрсая ы/а  – 100

Алмагүл ы/а – 120

Вокзал маңы ы/а  – 100

Балықшы ы/а  – 80

Авангард ы/а –  80-150

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Нұрлыгүл Өтенова

    Мақалада айтылғандардың барлығы да рас. Біз екі балалы отбасымыз, басыбайлы баспанамыз жоқ болғандықтан, амал жоқ пәтер жағалап жүрміз. Кісідегінің кілті аспанда демекші, пәтер иелерінің бірі бізге айтпастан, сатып жіберіп, қыс ортасында үйімді босатыңдар дегенді де, екі баламен сендерге үйімді жалдай алмаймын дегенді де көріп жүрміз. Ал, тұрғын үй кезегіне тұруға талпынсақ та, бекітілген 11 категорияның ешқайсысына жатпайсыңдар деп құжат қабылдамайды. Осылайша, үй жалдап әлі жүрміз…

  2. Нұрбол

    Пәтер жалдап жүргендер саны өте көп. Сондықтан, отбасылық үлгідегі жатақханаларды көбірек салса деген ұсынысым бар. Айына 100 мыңдап ақы төлегеннен гөрі, біз сияқты квартиранттарға коммуналдық шығынымен қоса алғанда, 20 мыңдай ақы төлейтін мемлекеттің жатақханасы тиімдірек болар еді. Осындай жеңілдіктер жасалса, депозит ашып, ақша жинап, үй алған болар едік. Әйтпесе, табысымыздың жартысынан көбі біреудің қолына кетіп жатыр. Ішің удай ашиды…