ҮЛКЕН ҮМІТ ЖОЛЫНДА

«Атырау» халықаралық әуежайынан Оңтүстік Корея елінің Сеул қаласында өткен дүниежүзілік ойындарда дзюдо күресінен қола жүлде еншілеп, 2016 жылы Бразилияның Рио де Жанейро қаласында өтетін паралимпиадалық ойындарға алғашқы лицензияны жеңіп алған Әнуар Сариевті спортшылар қауымы мен қала жұртшылығы өкілдері өткен бейсенбіде үлкен қошеметпен қарсы алды.

Түстен кейін Әнуар Сариев пен бапкері Жандос Қияновты  Атырау қаласының әкімі, облыстық дзюдо федерациясының президенті Нұрлыбек Ожаев қабылдады.

– Бұл жетістігің арқылы Атырау өңіріне үлкен қуаныш сыйладың. Жанарыңның кемістігіне қарамастан, тек облыстың ғана емес, еліміздің абыройын асырдың. Енді Олимпиадаға дейін күнтізбелік жоспарға сәйкес дайындық жаттығуларын жүйелі жүргізу керек, – деді шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы және әлемдік додаларда еліміздің мәртебесін көтеріп, даңқын аспандатып, байрағын көтергені үшін алғысын білдіріп, сый-сияпат табыстады.

Әнуардың дзюдо күресімен айналысып келе жатқанына 13 жылға таяп қалды. Ал, осыдан үш жыл бұрын жол-көлік апатына ұшырап, көзінен зақым алған. Кездесу барысында ол және жеке бапкері Ж.Қиянов қала, облыстық федерация басшыларына сенім білдіргендері үшін алғыс білдіріп, паралимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалатындарын жеткізді.

Сондай-ақ, қабылдауға қатысқан демеуші Гариб Гарибов та Әнуарды жеңісімен құттықтап, алға қарай да қолдау көрсетіп отыратынын айтты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз